«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАСТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРАМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауында “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі кезек күттірмейтін міндеттер белгіленіп, қойылған мақсаттарға қол жеткізудің нақтылы бағыт-бағдарлары көрсетілген. Жолдаудың аясында халықтың әл-ауқатын арттырудың жаңа көкжиектері ашылады, онда әрбір қазақстандыққа көңіл бөлініп, зейнетақыны, еңбекақыны, жәрдемақыны және шәкіртақыны көтеру, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау жасау, кәсіпкерлер үшін бизнес жүргізуді жеңілдету сияқты әлеуметтік шараларды жүзеге асыру көзделуде.

Біздің Қаратерек ауылдық округі әкімі аппаратының барлық жұмысы ішкі саяси тұрақтылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға, Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін кең түрде насихаттау негізінде биліктің беделін көтеруге бағытталған.

Президент Жолдауында, әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдеріне жаһандық сұраныс жағдайында ауыл шаруашылығын ауқымды жаңғыртуға айрықша көңіл бөлінді. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін Елбасы біздің алдымызға егістік алқаптарды ұлғайту, астық шығымдылығын біршама көтеруді қамтамасыз ету, әлемдік деңгейдегі жемазық базасын құру үшін қолдағы мол қуатты пайдалану міндеттерін қойды.

Ауылдық округте бидай, арпа және рапс өсірілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы 20452 гектар жер бар. Округ аумағында “Қызылту-Нан агрофирмасы” және “Қожаби” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмыс істейді. Оларда 120 адам еңбек етеді. Өткен жылы дәнді дақылдардан гектар басы 15 центнерден өнім алынды. Көктемгі дала жұмыстарынан бастап, астық орағына дейін ауыл шаруашылығының барлық жұмыстары уақтылы және сапалы атқарылды. Егісті химиялық өңдеу 19960 гектар алқапта жүргізілді.

Округте мал шаруашылығын тиімді дамытуға қажетті ресурстар бар. Мал басын сәйкестендіру жөнінде жұмыс жүргізілуде. 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша округ аумағындағы мал саны 236 басқа өсіп, 3900 басқа жетті, оның ішінде 980 бас қара мал, 2248 бас қой мен ешкі және 677 бас жылқы бар. Сондай-ақ, округ тұрғындары 6320 бас құс ұстайды.

“Қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту” бағдарламасын жүзеге асыру және жергілікті малдың өнімдік сапасын жақсарту мақсатында биыл бес бас қазақтың ақбас тұқымды бұқасын сатып алу жоспарланып отыр.

Ауылдық округте 6 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оларда 7 адам жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы “Жұмыспен қамту Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізу ойымызда бар, онда басты назарымызды тұрғындарға түрлі қызметтер көрсететін жаңа нысандар ашуға аударамыз.

Біздің округте тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілген дей алмаймыз. Биыл жергілікті сумен жабдықтау қондырғысын орнату үшін жерасты тұщы су қорына геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілмекші. Ал Малқар ауылын ұңғымалы құбырдан таза ауызсумен қамтамасыз етуге көмек көрсеткен “Қызылту-Нан агрофирмасы” ЖШС-нің басшыларына алғыс білдіреміз. Ауыл тұрғындары өз күштерімен ұңғыма құбырына тереңнен су тартатын сорғы қойды.

Биылғы жылы облыстық маңызы бар Кішкенекөл – Мортық жолын жөндеу жөніндегі жұмыс басталатын болады, ол келесі жылы Қаратерек ауылына дейінгі жолды жөндеуді қамтиды. Қыс айларында біздің округтің аудан орталығына дейінгі жолдарын қар басып қалуы үнемі қиындық тудырып жүр, алайда “Заңғар” ЖШС-нің өз жұмысына жауапкершілігінің арқасында өткен қыста мұндағы жол жағдайы реніш тудырған жоқ.

Округтегі “Қызылту-Нан агрофирмасы” ЖШС-нің басшылығы аз қамтылған отбасылары мен зейнеткерлерді қолдау мақсатында үнемі демеушілік көмек көрсетеді. Айталық, былтырғы күзде округтің 68 зейнеткері мен мүгедегі үй шаруашылығына қажетті мал азығымен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, округ кәсіпкерлері мерекелік және салтанатты шаралардың өткізілуіне де үлкен қайырымдылық көмектерін жасап тұрады.

Өзіміз тұрған төңіректегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін өткен жылы округтегі елді мекендерді санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру жөнінде қыруар жұмыс атқарылды. Рұқсат етілмеген жерге төгілген қоқыс үйінділері қатты тұрмыстық қалдықтар төгілетін арнайы орындарға шығарылды. Бұл жұмысқа 182 мың теңгенің қаржысы жұмсалды.

Елді мекендерді көркейту жұмыстары биыл да жалғасын табады. Алдағы маусым айында округімізде аудандық “Ақ бидай – 2014” спартакиадасы өтеді деп жоспарлануда. Соған байланысты Қаратерек ауылындағы стадион құрылысы және ауылды көркейту мен санитарлық тазалық жөніндегі дайындық жұмыстары басталып кетті. Сол сияқты, елді мекенді жарықтандыру да тұрғындар талабынан туындайтын маңызды іс саналады. Бүгінде әкімшілік орталығындағы Клубная көшесінің бойындағы әуе желісі құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасалған. Енді оның құрылысына қаржы бөлінсе, ауылдың орталық көшесін жарықтандыру мәселесі шешіледі.

Округте бір орта мектеп жұмыс істейді. Онда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген, қысқы кезеңде жылу берудің температуралық режімі сақталды. Мектеп жанынан ашылған шағын орталықта 20 бала тәрбиеленеді. Мектептің 11 оқушысы тегін тамақпен қамтылған, олардың барлығы дерлік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларының балалары.

Ел Президенті Жолдауында халқымызды мәңгілік сапалық құндылықтарға – жігерлілікке, еңбексүйгіштікке және мақсаткерлікке ұмтылуға шақыра отырып, мұндай ізгі қасиеттердің елімізде жарқын болашақ құруымызға, дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуымызға көмектесетінін айтады. Ал мұның өзі – біздің әрқайсымыз өз орнымызда барынша пайда келтіруіміз керек деген сөз. Онда, әрине, табыстарымыз да айшықтала түседі.

Асқар ҚАСЫМБЕКОВ,

Қаратерек ауылдық округінің әкімі.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp