Ермек Махатов – есімі елге танымал атбегі, Қызылжар өңірінде көкпар сияқты ұлттық спорт түрлерін қайтадан өркендетуге аянбай атсалысып жүрген жанашыр азамат. Ұзақ уақыт аудандық ішкі істер бөлімдерін басқарып, полиция подполковнигі шенін алып, зейнет демалысына шыққан соң үйінде қол қусырып, бос отыра алмай, Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасарлығы қызметіне орналасқан. Бұл жауапты қызметін де бірнеше жылдан бері абыроймен атқарып, басшы кадрлар онша тұрақтай қоймайтын шалғайдағы ауданның ел көшінен қалмай, ілгері басуына өз үлесін қосып жүр еді… Енді, міне, облыстық Тәртіптік кеңестің “кілеміне шақырылған”, әртүрлі кінә тағылған мемлекеттік қызметшілердің қатарына қосылып, алдымызда қабағы түсіңкіреп тұр.
– Облыстың ең алыс түкпіріндегі ауданда қызмет атқарып жүрсек те, көптен бері тозығы әбден жеткен ескі көлік мініп, қиыншылық көріп келеміз. Соған орай былтырғы жылғы 18 қарашада болған аудандық мәслихаттың сессиясының шешімімен өзім негізгі қызметіме қоса басқарып отырған аудандық құрылыс бөліміне жаңа автомобиль сатып алуға 2 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржы шотымызға түскен соң 5 желтоқсанда мемлекеттік сатып алу порталына баға ұсыныстары әдісі бойынша жеңіл автомобиль сатып алу туралы конкурс жарияладық. Оның жеңімпазы болып, 1 миллион 971 мың 200 теңге баға ұсынған “Дулат” жеке кәсіпкерлігі танылды. Оның Астана қаласында тұратын басшысы Дулат Құсайыновпен 12 желтоқсанда екіжақты келісімшарт жасастық.
Онда кәсіпкердің “Лада-21214” маркалы автомобильді былтырғы 31 желтоқсанға дейін жеткізіп беретіндігі атап көрсетілді. Ол, тіпті, бізге шот-фактураға қоса, жазбаша кепілдік хатын да тапсырды. Соған сеніп, қазынашылық органы арқылы төлем жасалатын соңғы күн – 28 желтоқсанда автомобиль сатып алуға бөлінген қаржының келісімшартта көрсетілген сомасын “Дулат” жеке кәсіпкерлігінің шотына аударып жібердік. Алайда, өкінішке қарай, Дулат Құсайынов сөзінде тұрмады. Уағдаласқан мерзімде көлік қолымызға тимеген соң, Жаңа жыл мейрамы өтісімен өзіміз дабыл қағып, прокуратура мен қаржы полициясы органдарына шағымдандық. Сондай-ақ, Астана қаласының мамандандырылған экономикалық сотына жүгініп, оның “Дулат” жеке кәсіпкерлігіне аударған қаржымызды өндіріп алу туралы шешімін де алдық. Біздің ешқандай бөтен ойымыз болған жоқ. Жыл соңында бөлінген ақшаны уақтылы игермесек, ол игерілмеген бюджет қаржысы ретінде қайтарылып алынатын болғандықтан, осылай істеуге мәжбүр болдық… – деп ақталды Ермек Махатов.
Әрине, қолданыстағы “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заң бойынша Ермек Махатовтың әлі қолға тимеген тауар үшін ешқандай ақы төлеуге хақысы жоқ еді. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұрмалау болып табылады. Соған орай біз, облыстық Тәртіптік кеңестің мүшелері, облыстық прокуратураның ұсынымымен келісіп, оны атқарып жүрген жауапты қызметінен босату туралы ортақ ұйғарымға келдік. Ермек Шәріпұлының ақталып айтқан сөздерінің шындығына еш күмәніміз болмаса да, іштей қынжыла тұра, осындай шешім қабылдауға мәжбүр болғандаймыз.
Шынын айтсақ, жыл аяғында бөлінген қаржыны қалайда игеру қамымен осындай заңды бұрмалаушылыққа жол берген жалғыз Ермек Махатов емес. Бұл мемлекеттік қызметшілер арасында жиі орын алып жүрген келеңсіз құбылысқа айналып тұр. Оған облыстық Тәртіптік кеңесте қаралған көптеген тәртіптік істерді дәлел етіп келтіруге болады. Есепті жылға бөлінген қаржыны жыл соңына дейін игере алмаса, жоғары тұрған басшыларынан қатаң сын естіп, жазаға ұшырайтынын білетін мемлекеттік мекемелердің жетекшілері желтоқсан айында “екі оттың ортасына” түсіп, жандары мұрындарының ұштарына келіп жүргендері. Араларында мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы біле тұра, оны амалсыздан белден басуды жөн көретіндері де аз емес. Сөйтіп, жылдың соңында “жемқорлар” саны көбейе түседі.
Жылда қайталанып жүрген осынау келеңсіздіктен құтылып, еліміздің жемқорлықпен күрестің дүниежүзілік рейтингіндегі жағдайын түзегеміз келсе, мемлекеттік сатып алумен айналысатын арнайы мемлекеттік орган құру, немесе Бюджеттік кодекске мемлекеттік мекемелер басшыларының жыл аяғында бөлінген қаржыны қайтсе де игеру қамымен заңға томпақ келетін қадамдарға баруына жол бермейтіндей өзгерістер енгізу қажет сияқты.
Баяғыда бір прокурордың: “Бас болса, бап табылады…” – дегеніндей, қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша, тіпті, Ермек Махатов сынды заңды бір кісідей білетін азаматтар да тәуекелге бас тігіп, аяқастынан сүрініп, өмір бойы жинаған абырой-беделдері айрандай төгіліп жатыр. Өкінішті-ақ…
Кәрібай МҰСЫРМАН,
облыстық Тәртіптік кеңестің мүшесі.