«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕДИАЦИЯ БІТІСТІРУ МАҚСАТЫН КӨЗДЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Медиация – дауларды шешу тәсілі. Келісе алмаушылықты шешудің басқа нысандарымен ұқсастығы болғанымен, медиацияның бірнеше маңызды ерекшеліктері бар. Негізгісі – талқылау кезінде бейтарап үшінші тараптың болуы. Ол ешқандай шешім шығармайды, алайда қатысып, проблеманы зерделеп, дауласып жатқан тараптардың өздері шешім қабылдауына ықпал етеді. Медиация тәртібі – дауды шешудегі анық құрылымдық делдалдық процесс. Медиация мақсаты дауласып отырған тараптардың даушарды өз бетімен реттеу қабілеттеріне ықпал етіп, нәтижесінде өзара ризашылыққа келтіру.

Қазақстан Республикасының “Медиация туралы” Заңы 2011 жылдың 8 тамызынан бастап қолданысқа енгізілген. Қазақстан Республикасының “Медиация туралы” Заңының маңыздылығы мен тиімділігі сот іс жүргізуіндегі даулы мәселелерді дұрыс шешуде, сонымен бірге көбінесе медиаторлар ұйымы дайындаған медиаторлар тізілімінен іріктелген кәсіпқой медиаторлардың және қала, аудан, кент, ауыл округінің әкімдері дайындаған тізілімінен іріктелген қоғамдық медиаторлардың адал, сапалы, білікті еңбегі мен қызметіне байланысты. Медиация рәсімін қолданудың негізгі саласы – азаматтық, еңбек, отбасылық және басқа да құқық қатынастары. Дауларды сотқа дейін біліктілікпен реттеу соттың жүктемесін азайтып қана қоймай, сонымен бірге даушарды өзара тиімді шешуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, егер даулар медиация рәсімі арқылы екі жаққа да тиімді шарт бойынша шешілетін болса, тараптар бірнеше жыл бойы соттың айтыс тартысына қатысуға, қосымша шығындануға мәжбүр болмайды. Қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет деп ойлаймыз, мәселен, мүлікті бөлу, баланы тәрбиелеу, мұра туралы және істердің басқа санаттары бойынша даулар бойынша медиация міндетті сотқа дейінгі процедура болуға тиіс. Қазіргі кезде осындай өзгерістер Атқарушылық іс жүргізу кодексінің (АІЖК) жаңа жобасында қарастырылған.

Егер азаматтық істер бойынша мемлекеттік баж салығы мөлшерін көбейтсе, сондай-ақ, апелляциялық, кассациялық шағымдарды беру кезіндегі мемлекеттік баж салығын қарастырса, шығыны азырақ медиация рәсімі дауларды реттеу жағдайларының басым бөлігі үшін және соттарға түсетін жүктемені азайту үшін анағұрлым өзекті болады.

АІЖК-тің жаңа жобасында апелляциялық және кассациялық шағымдарды беру кезінде мемлекеттік баж салығын төлеу қарастырылған, айталық, АІЖК-тің 389-бабының 4-тармағында осы Кодекстің 387-бабының бірінші бөлігінде атап көрсетілген тұлғалар берген апелляциялық өтініш Қазақстан Республикасының “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” кодексінде қарастырылған көлемде мемлекеттік баж салығын төлеуге тиіс деп көрсетілген. АІЖК-тің 427-бабының 3-тармағында көрсетілгеніндей, кассациялық өтінішке Қазақстан Республикасының “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” кодексінде белгіленген көлемде мемлекеттік баж салығын төлегенін дәлелдейтін құжат қоса тіркелуге тиіс.

Медиатор тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация рәсіміне тараптардың тең қатысуын қамтамасыз етуге тиіс. Медиатордың қызметіне мемлекеттік органдардың, басқа заңды, лауазымды және жеке тұлғалардың араласуына жол берілмейді. Медиация еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық қағидаттары негізінде жүргізіледі.

Медиация барысында тараптар өз қалауы бойынша өздерінің материалдық немесе процессуалдық құқықтарын иеленуге, талаптар мөлшерін ұлғайтуға немесе азайтуға немесе даушардан бас тартуға құқылы. Медиатордың қызметін кәсіби негізде кәсіпқой медиатор, ал кәсіби емес негізде қоғамдық медиатор жүзеге асырады. Медиация тараптардың өзара келісімі бойынша қолданылады. Медиатор медиация басталғанға дейін тараптарға ең алдымен оның мақсаттарын, сондай-ақ, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге тиіс. Жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезіндегі медиация сотқа жүгінгенге дейін де, сот талқылауы басталғаннан кейін де қолданылуы мүмкін. Тарапқа медиацияға жүгінуге ұсынысты басқа тараптың өтініші бойынша, сот немесе қылмыстық қудалау органы жасауы мүмкін. Медиацияны жүргізу үшін дауды медиация арқылы шешуге дауласып жатқан тараптардың келісімі және өздері арасында жасалған медиация туралы жазбаша шарт керек. Соттың қарауында жатқан жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу бойынша медиация туралы шарт іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға негіз болып табылады. Медиация тараптар даушарды реттеу туралы келісімге қол қойған жағдайда – мұндай келісімге қол қойылған күннен бастап; медиатор даушарды медиация арқылы шешу мүмкіндігін болдырмайтын мән-жайларды анықтаған жағдайда; тараптар даушарды медиация арқылы шешудің мүмкін еместігіне байланысты медиациядан жазбаша бас тартқан жағдайда – тараптар жазбаша бас тартуға қол қойған күннен бастап; тараптардың біреуі медиацияны жалғастырудан жазбаша бас тартқан жағдайда – медиатор жазбаша бас тартуды жіберген күннен бастап; медиацияны жүргізу мерзімі аяқталған жағдайда тоқтатылады.

Азаматтық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген даушарды реттеу туралы келісім дереу іс жүргізуінде азаматтық істі қарайтын судьяға жіберіледі. Дауды реттеу туралы келісімді сот бекітеді, ал бұл ретте төленген мемлекеттік баж Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген тәртіппен төлеушіге қайтарылуға тиіс. ҚР АІЖК-тің 247-бабының 4-1-тармағына сәйкес егер тараптар даушарды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келсе және соны сот бекітсе, сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.

Солтүстік Қазақстан облысының соттары 2014 жылы Қазақстан Республикасының “Медиация туралы” Заңын насихаттау мен қолдану жөніндегі жұмысын жандандырды. Айталық, 2013 жылы облыс бойынша медиация келісімін қолдана отырып, барлығы бір азаматтық іс, ал 2014 жылдың үш айында 7 азаматтық, 54 әкімшілік және 8 қылмыстық іс қаралды.

2014 жылғы 14 наурызда Солтүстік Қазақстан облыстық сотында “Дауларды шешудің балама тәсілдері жүйесіндегі медиация” тақырыбында кәсіпқой, кәсіпқой емес медиаторлардың, прокуратура, әкімдік, адвокатура және коммуналдық қызмет өкілдерінің қатысуымен семинар өткізілді. Сонымен бірге, осы семинар алғаш рет қашықтықтан қатысу жолымен де ұйымдастырылды. Кәсіпқой емес медиаторлар аудандық және оған теңестірілген соттардың ғимараттарында сот өкілдерімен бірге отырып, онлайн байланысы арқылы семинардың толыққанды қатысушысы болды.

Облыстық сот төрағасы Мұратғали Әкетай осы кездесуді ашу кезінде семинар тақырыбының өзектілігі медиация институтының Солтүстік Қазақстан облысында даму болашағына және дауларды сот ісін жүргізуде реттеудің балама тәсілдерін іс жүзінде қолдану мәселелеріне негізделгенін атап өтті. “Даулар мен даушарларды шешудің балама тәсілдерін кеңінен қолдануды іске асыру соттарды өзара тиімді шешім қабылдау мүмкіндігі бар істерді қараудан біртіндеп босату мақсатын көздейді. Құқық жүйесіндегі медиация институтын қолданудың әлеуетін әлемнің озық елдерінің деңгейіне дейін дамыту керек. Біз өз тарапымыздан Қазақстан Республикасының “Медиация туралы” Заңына сәйкес судьялардың жүктемесін азайту мақсатында бітістіру рәсімін қолдануға ықпал жасаймыз”, – деді М. Әкетай.

.

Мұрат МҰҚАНОВ,

облыстық соттың судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp