Заңсыз сақталып келген қаруларды, жарылғыш заттар мен оқ-дәрілерді сатып алуды көздеген республикалық акция өз мәресіне жетті. 21 сәуірден басталған шараның алғашқы күндерінде солтүстікқазақстандықтар 11 атыс қаруы мен 200-ге жуық оқ тапсырды.
Облыстық ішкі істер департаментінің Криминалды полиция басқармасының бастығы Мыңбай Асылбековтың мәлімдеуінше, заңсыз қару, жарылғыш заттар мен оқ-дәрілерді дайындау және олардың айналымының алдын алу мақсатында ұйымдастырылған шара кезінде қару қолдануға рұқсаты бар нысандар мен көліктер де тексерілді.
Кез келген қаруды ерікті түрде тапсырған азаматқа қарудың түрі мен техникалық жағдайына байланысты 100 айлық есептік көрсеткішке дейін сыйақы қарастырылып, оның мөлшері арнайы комиссия арқылы шешілді. Мәселен, 2 теріс оқпанды мылтықты тапсырған облыс орталығының 20 жастағы тұрғыны шамамен 70 мың теңгенің сыйақысына ие болмақ. Ол қаруларды атасының үйінен тауып алған көрінеді.
Шараның алғашқы күні Аққайың аудандық Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері Черкасское ауылының тұрғынынан шолақ мылтықты тәркіледі. Ал ақжарлық азаматтың үйінен алтыатар мылтығы табылды. Қаруды даладан тауып алғанын айтқан 28 жастағы ауыл тұрғыны тапаншаны құқық қорғау органдарына тапсыруға асықпаған. Бүгінде оны жауапкершілікке тарту жазасы қарастырылуда.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.