Облыстық Білім басқармасы мен Білім беру саласындағы ақпараттық технологиялар мен әдістемелік жұмыс орталығының ұйымдастыруымен республикалық өңірлік ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Оның жұмысына Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарының өкілдері қатысты.
Семинар Мамлют ауданындағы қазақ мектеп-интернаты мен Воскресеновка орта мектебінің негізінде ұйымдастырылды. Онда “Ауылдық мектептер жағдайында сапалы білімнің қолжетімділігі” тақырыбы талқыланды. Жұмыс үш бағытта ұйымдастырылды. “Шағын жинақты мектептерде білім беру үдерісін жаңалау” бағыты бойынша жұмыс Мамлют ауданындағы Воскресеновка орта мектебінде өтті. Оның жұмысына аудандық Білім бөлімдерінің әдіскерлері, мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары, шағын жинақты мектептердің мұғалімдері қатысты.
Мұғалімдер Ш.Темірбекова, А.Құсайынова, Г.Сатанова инновациялық технологияларды қалай қолданып жүргендерін шеберлік сыныбы барысында көрсетті. Айыртау ауданындағы “Колосок” шағын орталығының жұмыс тәжірибесін Р.Қошқарбаева ортаға салды.
Сонымен қатар, білім сапасын инновациялық технологиялар арқылы арттыру мәселесі және шағын жинақты мектептер мен ресурстық орталықтардың өзара қарым-қатынасы сөз болды. Есіл ауданындағы Николаевка және Айыртау ауданындағы Саумалкөл орта мектептеріндегі ресурстық орталықтар жұмысының іс-тәжірибесі ортаға салынды.
Семинар барысында Білім беру саласындағы ақпараттық технологиялар мен әдістемелік жұмыс орталығының әдіскері И.Якимова тренинг өткізіп, қатысушылардың ұсыныстарын білді.
“Инновациялық технологиялар – ауылдық мектептердің білім сапасын арттырудың құралы” бағытында Ақжар ауданындағы Талшық орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Ж.Қабилдина оқушыларды олимпиадаларға даярлау кезінде инновациялық технологияларды пайдалану тәжірибесімен бөліссе, Шал ақын ауданындағы “Балауса” шағын орталығының әдіскері А.Басығаринаның интерактивтік әдісі топтармен ойын барысында көрсетілді.
“Ауылдық мектептер жағдайында сыныптан тыс жұмыстарды және қосымша білім беруді ұйымдастырудың қағидалары мен тәсілдерінің түрлері және осызаманғы әдістері” бойынша жұмыстар Мамлют ауданындағы қазақ мектеп-интернатында өтті.
Айгүл ЖЫЛҚОЖИНА,
Білім беру саласындағы ақпараттық технологиялар және әдістемелік жұмыс орталығы директорының орынбасары