Жеңіл салмақта (53,5 килограмға дейін) EBU тұжырымы бойынша Еуропа чемпионы атағы үшін өткен жекпе-жекте 30 жастағы жерлесіміз Жанат Жақиянов 22-1, 15 КО) француз боксшысы Карим Гуерфиді (20-3, 5 КО) нокаутқа жіберді.
Алғашқы екі раундта Жанат шабуылға шығып, басымдылық танытты. Рингте жылдамдық және ептілік жағынан “екінші нөмір” болып жұдырықтасқан Карим Гуерфидің үшінші раундтан бастап жерлесіміздің қолғап түйістіру әдісіне бойы үйренгенімен, 5-ші үшминуттықта Жанаттың оң қолымен жасаған ауыр соққысын дарытып алды. Сөйтіп, француздық қарсыласын нокаутқа жіберген солтүстікқазақстандық Жанат Жақиянов жеңіл салмақта EBU тұжырымы бойынша Еуропа чемпионы атанды.
Айта кетейік, Жанат Жақиянов шаршы алаңда 22 рет жеңіске жетіп, оның 15-ін мерзімінен бұрын аяқтаған. Қазақстандық жеңімпаз британдық Рикки Хэттонның “Hatton Promotions” компаниясының қолдауымен бокстасады.
(Өз тілшімізден).