«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ МАҒЖАН ЖЫРЛАРЫ тебірентті, толқытты…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Мен жастарға сенемін!” облыстық Ішкі істер департаменті қызметкерлерінің “Мағжан оқулары” байқауын ұйымдастырушылар осы атауды дәл таңдап, тапқырлық танытқанын сайыстың барысы көрсетті.

Байқау екі кезеңді қамтыды. Алғашқысында – департаменттің облыстық аппаратының қызметкерлері, ал екіншісінде – аудандағы құрылымдарда еңбек ететін әріптестері “Мағжан – менің өмірімде” және “Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім” аталымдары бойынша сынға түсті.

Сайыстың шымылдығын ашқан облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ақпан Дөкетбаев ішкі істер органдарының қызметкерлерінің арасында ұлы ақынның өлмес өлеңдерін, қызықты да қайғылы өмірінің шындығын жүрегіне ұялатқан, ақынға тәнті жандар барын, солар осы сынақта өнерлерін сарапқа салатынын баяндап берді.

Бірінші кезеңде, яғни аппарат қызметкерлері арасында департаменттің кадрлармен жұмыс басқармасының инспекторы, полиция лейтенанты Балнұр Қалиахметова, тылдық қамтамасыз ету басқармасының әскери және химиялық мүлік технигі, полиция аға лейтенанты Ернар Мұқанов және айдауылдау қызметі взводының айдауылдаушысы, полиция аға сержанты Ерсайын Елубеков суырылып алға шықты.

Мағжан шығармаларынан үзінділер оқуда үшеуі де үздік болып, үзеңгілес келді. Ал, өзін, туған топырағын, атқарып жүрген қызметін және, ең бастысы, ұлы ақынның жырымен қанат сермеуін өлеңмен өрнектеуде Балнұр Сейфоллақызы озық шығып, соның арқасында бас жүлдені еншіледі. Одан кейінгі орындар, тиісінше, Е.Мұқанов пен Е.Елубековке бұйырды.  

Өңірдегі құрылымдар қызметкерлерінің легінде Есіл аудандық ІІБ әкімшілік полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Саян Райымбеков Мағжанның жан баурайтын лирикалық өлеңдерінің ең шоқтықтысы – “Жан сөзін” тамаша нақышпен, жиырма жеті шумақты бір ырғақпен, жаңылмастан оқып, сүйсінтті. Әттең, өзін таныстыруы осыған сай болғанда, тіпті де, әсерге бөлей түсер еді. Дегенмен, бұл кезеңде бас жүлдені ол даусыз жеңіп алды.

Екінші жүлдені Тайынша аудандық ІІБ бастығының кадр жұмысы жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Сағындық Теміреев олжаласа, Қызылжар аудандық ІІБ полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Назым Ілиясова үздік үштікті түйіндеді.

“Мағжан оқуларына” қатысушыларға осы сайыс өткен Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының (байқау осында өтті. З.Ә.) да қосқан үлесін айтуымыз керек. Жас оқырмандар ордасы Ішкі істер департаментімен бірге жұмылып, жыр бәйгесінің үздіктеріне сый-сияпат жасады.

 

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

қазылар алқасының мүшесі.

СУРЕТТЕ: А. Дөкетбаев бас жүлде еншілеген Б. Қалиахметованы марапаттауда.

  Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp