«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАНЫ АСҚАҚ ЯНА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өзге этностар өкілдерінің мемлекеттік тілге ынта-ықыласын, айталық, осыдан он жыл бұрынғымен салыстыруға әсте болмайды. Бүгіндері оны меңгеріп, жатық сөйлеп, сауатты жазатын олар қазақтың өзін жаңылдыра бастады. Ал, туған тілімізде шалағай сөйлейтін ағайындарымызды шаңына да ілестірмей кететіндер жетерлік. Әсіресе, оқушы, студент жастардың арасынан осындайларды көріп, тілдескенде сүйсініп тұрасың.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жастармен кездесулерде бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе, теледидар мен радиода қазақ тілінде хабарлар жүргізетін орыс бауырлардың мемлекеттік тілде еркін сөйлейтінін атап айтып, үлгі ретінде ұсынғанын білеміз.

Осыған орай мен “Өрендер өмірі” деген айдар бойынша біраз жылдардан бері жазып жүргендіктен, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжге түсіп, қазақ бөлімшесінде білім алатын өзге этностар өкілдері барын естігенде елең ете қалдым. Мұның алдында, осында оқитын Сергей Воронцов туралы мақала жазған едім. Ол – Ғ. Мүсірепов атындағы ауданнан.

Осы оймен колледж ұстаздарымен, солардың ішінде қазақ бөлімінің меңгерушісі Әсем Жакинамен хабарласып, сондай студенттің бірі Яна Цунаевамен кездескім келетінін жеткіздім. Яна редакцияға өзі келетін болды.

Төртінші курста оқыса да, қаланы жақсы біледі-ау деген Янаның өңіріміздің шалғай ауданы Тимирязево ауылынан келгендігінен шығар, редакцияны жазбай тауып алуы бөгесін тудырды.

Мен де алаңдап отыр едім, ұялы телефоныма өзі қоңырау шалды. Мен оның Яна екенін білгесін, мекен-жайды анық, жаңылмайтындай көрсету үшін әуелі орысша тілдесіппін.

– Ағай, қазақша айта беріңіз, мен жақсы түсінемін де, сөйлеймін де, – деді ол.

Мұнысына ішім жылып кетті де, бірден қазақша сөйлеп, мекенжайды анықтап айтып бердім.

Енді алдымда жап-жас қыз отыр. Әдеттегідей, әңгімені әріден, туған жерінен, оқып, білім алған мектебінен бастап, қазақ тілін қалайша үйреніп, білімін одан әрі ұштауға ықылас қойғанына қарай бағыттадым.

Небары жиырма жастағы бойжеткен колледждің төртінші курсында білім алады екен. Әңгіме тек қазақ тілінде өрбіді. Әуелгіде тізгінді тартыңқырап отырған ұяң бойжеткен, бірте-бірте анық та тиянақты сөйлеп, әңгіме желісін тарқатуға өзі көмектесті. Тимирязево ауылындағы мектеп-гимназияны 2010 жылы тамамдапты.

– Біз мектеп оқушылары, тым жас кезімізде болашақты ойлай бермейміз ғой. Үйде үлкендердің, мектепте мұғалімдердің айтқанын ғана орындаймыз. Сондықтан, болашақта қазақ тіліне мұншалықты ықылас қойып, түбінде осы тілде білім аламын деп ойлаған да жоқпын.

Мектепте мұғалімнің берген тапсырмаларын ғана орындаймыз, жасырғым келмейді, баға алу үшін үй тапсырмасымен ғана шектелуші едім. Бірақ бара-бара менің ынтам оянып, ықласым, тілді үйренуге ұмтылысым арта түсті. Соның әсері де шығар, ұстазым Ләйла Тастамбекованың сабағына ерекше ықылас қоятын болдым, – деді Яна.

Оның айтуынша, қазақ тілін оқуда, үйренуде өзге кейбір балалардай көзбояушылыққа бармаған. Мұның астары мынада екен: кейбір енжар, әйтеуір баға алу үшін оқуға әуес балалар үй тапсырмаларын қазақ көршілеріне, таныстарына көрсетіп, соларға орындатып алса, Яна, қиын да болса, өзі машықтанып, осы әрекетін ұстазы анық аңғарып, қазағынан орысы басым Тимирязево ауылындағы озық оқушы етіп, білімін жетілдіреді.

Соның арқасында әуелі аудандық олимпиадаларда сынақтар сүзбесінен сүрінбей өтіп, Абай, Мағжан оқуларында, қазақ тілі байқауларында біліктілік танытады.

– Сенің тілді меңгеруге деген талабың жақсы. Әсіресе, орысшада кездеспейтін, сонысымен қиындық тудыратын дауысты және ұяң, қатаң дауыссыз дыбыстарды дұрыс қолдануға машықтанғаның ұнайды деп, ұстазым берген баға мені қанаттандыра түсті. Соның нәтижесінде қазақ тілінде сауатты жазып, көркем әдебиеттерді түсініп оқитын болдым, – деді Яна. – Әсіресе, қазақ тіліне ықыласым бесінші сыныптан былай ерекше болды. Жоғары сыныптарға ауысқан сайын білгенімді жетілдіре түсу мақсатын алдыма қойдым.

Гуманитарлық колледждің қазақ бөліміне түскенде көппен бірге тест сынақтарынан өткенін, ойдағыдай нәтиже көрсеткенін де сездірді.

Алғашқы курстан бастап жақсы ұстаздардың қамқорлығына бөленгенін бөле-жара айта отырды.

– Мен бұл ретте, колледждегі ұстаздарым Салтанат Сәуірбаева мен Гүлнәр Қанафинаға алғысымды айтуға тиіспін. Мектептегі білім мен колледждегі оқыту жүйесін әсте де салыстыруға болмайды. Мұнда жүктеменің ауқымды екенін бірден аңғардым. Шынымды айтсам, үрейлендім де. Алайда жақсы, тәжірибелі, жалықпайтын ұстаз Гүлнәр Қайроллақызының шыдамдылығына, талапшылдығына және де өз ісіне берілгендігіне, еңбекқорлығына ризамын!

Бұл әңгіме Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы өтіп жатқан 18 сәуір күні болған еді. Соған орай сұхбат арнасын осы оқиғаға бұрып, оның ой-пікірін нақтылай түсуге оқталдым.

Сезімтал екен, бірден әңгіме ауанын аңғарып, рухани келісім, ұлттар достығы, Қазақстанда ежелден қалыптасқан татулық жайында көзқарасын ортаға салды.

– Біз көпұлтты мемлекетте өмір сүріп отырмыз. Естіп, оқып білгенімдей, Қазақстан Республикасында жүз қырыққа тарта ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрмыс құруда. Бірақ бізде өзгелер қызығатындай береке, ұлттардың бірі-біріне ықыласы, бірлігі мен татулығы, рухани келісімі қалыптасқан. Бұл – мызғымас достықтың сипаты, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен саяси ұстамдылығының жемісі екені анық. Бүгін Ассамблеяның сессиясы өтуде. Онда Мәңгілік Ел идеясы өзекті мәселе болатынын айтпай-ақ түсінемін, – деді сөзін тиянақты сабақтап, ойын аңғартқан Яна.

– Қалай ойлайсыз, ұлтаралық қарым-қатынаста тек қазақ тілін жақсы біліп қана қою біржақты пікір қалыптастырмай ма? Мысалы, ұлттардың мәдени өрлеуінің, оның ұйыстырушы күш-қуатының да ерекше орны бар емес пе?

– Әрине, мәдени өрлеудің орны бөлек. Өз халқын ғана дәріптейтін, өзге ұлттардың ұлы тұлғаларын, әсіресе, ақындарын, жазушыларын, мәдениет, өнер қайраткерлерін білмейтін, әлде қасақана білгілері келмейтін адамдар да жоқ емес. Жастар сондайлардың ығында кетпеуі керек.

Бізде мәдениеттер ынтымақтастығының мысалдары өте көп деп ойлаймын. Айталық, Петропавлдың Қазақстан Конституциясы көшесінде ұлы Абай мен Пушкиннің ескерткіштері қатар тұрғызылған кешен бар. Бұл ойдан шығарылған, жасанды достық емес. Абай Пушкиннің “Евгений Онегин” романының бірнеше тарауларын қазақшаға аударып, олар Татьянаның Онегинге жазған хаттары ретінде тарап кетті. Сондай-ақ, ол Михаил Лермонтовтың өлеңдерін қазақ оқырмандарына таратты.

Ұлы ақын қарасөздерінің бірінде өз халқына орыстың өнер-білімге ерте қол жеткізгенін, сондықтан осы халықтан үйренуге үлкен мән-маңыз беріп, ақыл-кеңес ұсынғанын колледждегі ұстаздарым үнемі айтып, санама сіңірді.

Қазақ халқының әлемдік биік деңгейдегі өнер асуларына өрлеуінде де мәдениеттердің ынтымақтастығы алтын көпір болып отырғандығын жақсы пайымдайтынын ұқтырды.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp