«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ БІРЛІГІНЕ ЕЛЕУЛІ ҮЛЕС ҚОСҚАНДАР Елбасының марапатына ие болды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы ХІХ сессиясының отырысы өтіп, онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында алға қойған міндеттерді жүзеге асыру барысы сөз болды. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков, облыстық, аудандық, ауылдық округтердегі этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысқан жиын облыс әкімі Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының төрағасы Самат Ескендіровтің басқаруымен өтті. 

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті” деген тақырыпта өткізілген Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында: “Мәдениет – тіршіліктің тірегі, ортақ игіліктерді ұлықтап, ұлтты ұлы істерге ұйыстырудың бірегей тетігі. Бейбітшілік, руханият пен келісім – бәрінің тамыры – мәдениетте. XXI ғасырдың ең басты заңы – татулық!” деп баса айтты. Тәуелсіз мемлекеттің беріктігі ұлттар мен ұлыстардың бірлігінде. Өңіріміздегі түрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астындағы достығы мен ынтымағы экономикамыздың тұрақты дамуы мен әлеуметтік жағдайының жақсаруына арқау болып отыр, – деген өңір басшысы Самат Ескендіров облыстық ассамблея мен бірқатар құзыретті мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, Ассамблеяның және ел Конституциясының 20 жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде атап өтудің жоспарын, “Бейбітшілік пен келісімнің Жол картасы” мегажобасы бойынша “Достық эстафетасын” қарсы алу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, облыстық ассамблеяның Интернет сайтын жасауды, “Жасыл ел” бағдарламасы аясында облыс орталығы мен аудандарда достық пен келісім саябағын ашуды тапсырды.

Алқалы жиында бірқатар қоғамдық бірлестіктердің өкілдері сөз сөйлеп, бүгінгі таңда елдің елдігі мен ұлттың бірлігін сақтауда, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуде атқарылып жатқан жұмыс жайлы пікірлерін білдірді.

Облыстық ассамблеяның қатарына жаңадан қосылған “Барбанг” курдтер қауымдастығының облыстық филиалының төрағасы Рашид Надиров ұйымның атынан өңір басшысына алғысын айтып:

– Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде барша әлемге үлгі болып отыр. Мемлекеттік тіл мәртебесі өте жоғары деп айтуға болады. 1987 жылы Қазақстанға жолдама бойынша келгенімде қазақша сұрағыма орысша жауап алатын едім. Бүгінде қазақ тілінің жыл сайын жаңа деңгейге көтерілуі көңіл қуантады, – деді.

Жиын соңында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында берген тапсырмаларына тоқталып, мемлекетімізде әрбір қазақстандық этностар арасындағы достық пен дінаралық татулықтың уығын одан әрі нығайту ісіне үлес қосуы қажеттігін атап көрсетті.

Осыдан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің шешіміне сәйкес “Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық “Бірлік” алтын медалімен” “Қор орталығы” ЖШС-нің директоры Жасұлан Ахметов, “Видергебурт” неміс ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Эльвира Ковзель марапатталды. Сонымен қатар, облыс әкімі Самат Ескендіров еліміздегі ұлтаралық бірлікті сақтауға және насихаттауға елеулі үлес қосқан азаматтарға Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасын, Алғыс хатын, өңіріміздегі ауызбірлікті дамытуға қосқан еңбегі үшін 7 солтүстікқазақстандыққа облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады.

Марапаттау салтанатынан кейін сессияға қатысушылардың Үндеуі қабылданып, жыл сайын тағайындалатын облыстық ассамблея төрағасының орынбасары қызметіне бұл жолы “Вайнах шешенингуш қауымы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұса Дадаев бірауыздан сайланды.

Салтанатты шара жергілікті этномәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламасына ұласты.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp