Бүгінгі таңда елімізде ынтымағы жарасқан түрлі ұлт өкілдері өмір сүруде. Олардың барлығының алдына қойған бір ғана мақсаты бар. Ол – бейбітшілік туын жоғары көтеріп, халықтар арасында берік орнаған ыстық ықылас пен достық ниетті нығайта түсу. Есіл ауданындағы “Звонница” славян этномәдени орталығының қызметкерлері де осы бағытты ұстанған өнер иелері.
Орталық қызметкерлері ауызбірлік пен түсіністіктің, қарапайым сыйластықтың бағасын жақсы біледі. 1997 жылдан бері өз жұмысын бастаған аталмыш орталық мүшелері 13 адамды құрайды. Олардың жетекшісі – Зоя Ковальчук. Алпыс, жетпіс арасындағы қариялар славян халқының салт-дәстүрін ұстана отыра, еліміздегі басқа ұлттар өкілдерінің мәдениетін құрметтеп, осы саланың дамуына қолдан келгенше үлес қосуды мақсат етеді.
“Звонница” орталығының мүшелері үшін “Отрада” вокалдық тобы өнер әлеміне бастайтын табалдырықтың бірден-бірі десе де болады. Себебі, бұл топ ән мен оның тыңдарманының арасын жалғап тұрған алтын көпір іспеттес. Шығармашылық ұжым 1987 жылы құрылған. Зейнеткерлікке шықса да, ән айтудан қол үзбеген топ мүшелерінің барлығы дерлік еңбек ардагерлері. Ортақ ойларымен алға басып, жоспарға сай жұмыс істеп жүрген өнер иелерінің бүгінге дейін атқарған еңбегі зор. Аталмыш орталықтың жетекшісі Зинаида Басалаеваның сөзіне сүйенер болсақ, топ құрамында түрлі ұлт өкілдері жиналған. Және олар бірнеше тілде ән орындайды екен.
– “Отрада” тобының құрылғанына 26 жылдан асты. Бір шығармашылық ұжым үшін бұл, әрине, аз уақыт емес. Осы аралықта өзімізге жүктелген жұмысты абыроймен атқаруға тырысып бақтық. Аудан, облыс көлемінде өтетін түрлі мерекелік іс-шараларға қатысып, ән айтып, өз өнерімізді ортаға салып жүрміз. Біз қазақ, орыс, украин, тіпті, сыған тілдерінде де ән шырқаймыз. Ұлтаралық татулықты көздейтін өлеңдердің тыңдарманға берері көп деп ойлаймын. Ән арқылы әр жүрекке жылылық сыйлап, тыныштық бесігінде тербелген еліміздің одан сайын өркендеп, қанатын кеңінен жаюына үлес қосу – біздің ұстанған бағытымыз. Бүгінде Елбасының көреген саясатының арқасында қазақ жерінде көп этностардың тірлігі берекеленіп, ұлттық құндылықтар ұмытылмай, керісінше дамып келе жатқанына ел-жұрт куә. Міне, түсіне білген адам үшін мұның өзі үлкен бақыт, баға жетпес байлық болып табылады. Өз алдына біз де бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ұлттар арасындағы жұмылған жұдырықтай бірліктің тамырын тереңге жаю үшін еңбек етуге әрдайым дайынбыз, – дейді ол.
“Отрада” мүшелері түрлі халық әндерін нақышына келтіре орындаумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар, олар қолөнер шеберлерінің көрмесін де ұйымдастырып, өздері істеген бұйымдарды көпшілік назарына ұсынады. Жастармен, оның ішінде мектеп оқушыларымен қарым-қатынасты барынша нығайту үшін үнемі түрлі тақырыптарда конкурстар өткізіп, кездесулер ұйымдастырады. Осылайша, қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген әнші апалар өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялатып, Отан, бірлік, ынтымақ сөздерінің әр адам баласы үшін қаншалықты қымбат екендігін жеткізуге тырысады.
Аудан орталығындағы жастарға өз өнерлерімен үлгі бола білген “Отрада” шығармашылық ұжымы Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен, тыл еңбеккерлерімен де кездесулер өткізіп тұрады. Мұның барлығы өзара сыйластықтан бастау алған ізгі ниеттің жалғасы деп түсінеді.
– Біздің жоспарға сәйкес өткізетін әрбір кездесуіміздің өзіндік бір мағынасы, маңызы бар. Біз өз жұмысымызда барлық бағытты қамтуға тырысамыз. Мәдениет саласының мекемелерімен, мектеп ұжымдарымен бірлесе отыра ауқымды іс-шараларды жүзеге асырамыз. Айта кету керек, біз тек аудан орталығында ғана жұмыс жүргізбейміз. Мүмкіндігіміз жеткенше жақын маңдағы елдімекендерге де барамыз. Мәселен, өткен жылы Қарттар күні мерекесіне орай Заградовка, Ясновка ауылдық округтеріне және Смирноводағы қарттар интернат-үйінде болып, шау тартқан адамдарға концерттік бағдарлама ұсынып, көңіл күйін көтердік. Міне, осылайша біз жастарды да, үлкен адамдарды да шамамыз келгенше қамтып отырамыз. Шындығына келер болсақ, біздің ұжым мүшелерінің өзі зейнет жасындағылар. Олардың барлығы дерлік түрлі салада көп жылдар бойы қажырлы еңбек еткен адамдар. Мәселен, бұрын ұстаз, дәрігер, биші, тігінші, сауыншы болған білімді, білікті маман иелерін осы жерден көруге болады. Олар, әрине, зейнет жасына дейін өз мамандықтары бойынша жұмыс істеген. Кейін осы топқа келіп қосылған. Ұлтымызға, тілімізге, дінімізге қарамай, бір шаңырақ астында өмір сүріп, ортақ мақсатта жұмыс атқарып жүргеніміздің өзі, әрине, қоғамымыздың тұрақты дамуының бірден-бір дәлелі болып табылады. Халықтар достығы – мемлекетіміздің баға жетпес байлығы. Осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіп, мақсат-межеге қол жеткізетін жолды саралап берген Елбасына ризашылығымызды білдіреміз, – дейді Зоя Ковальчук.
Өнерлерімен өрге басып, әннен күш-жігер алған шығармашылық ұжым бұрын концертке киетін киімдерін өздері тігетін болса, осыдан екі жыл бұрын жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, жаңа киім үлгілері тігілген. Бүгінгі таңда олардың әндері де, сәндері де жарасып тұр. Енді тек жұмыс істеп, шығармашылық жағынан толағай табысқа қол жеткізуді көздейді.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.