Кішкенекөл ауылында ерекше шара өткізілді. Қожахмет хазірет атындағы аудандық мешіттің ұжымы ұйымдастырған “Жұма күні арақ сатылмасын!” атты акция тұрғындарды ерекше толғандырғаны жасырын емес. “Қожахмет хазірет” мешітінің бас имамы Өсербай Шәкеновтің бастауымен Кішкенекөл ауылының “Дүкен”, “Мерей”, “Мұхамедғалым”, “Нұр Астана”, “Сәлем”, “Жексенбай”, “Руслан”, “Жанара” атты бірнеше дүкендерінде бұл күннің қадір-қасиеті жайлы насихаттау жұмысының арқасында “Жұма күні арақ сатылмайды” деген жазу пайда болды.
Мұндай акция ауданымызда бірінші рет өткізіліп отырғандығын еске салған жөн. Алдағы уақытта мұндай игі істер кәсіпкерлер мен тұрғындар арасында қолдауға ие болып, ауданымыздың барлық ауылдарында жалғасын табуын тілейміз.
(Өз тілшімізден).