Облыс орталығындағы Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың “Болашақ” отбасында “Туған күн – мереке күні” тақырыбымен балалардың 16 жасқа толуына арналған шара ұйымдастырылды. Той иелері – Темірлан Әубәкіров пен Галина Калашникова. Галина – Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқудан сайысқа қатысып, жүлделі орынға ие болған, саламатты өмір салтын ұстанатын өнерлі қыз. Галинаның ұлты орыс болғанымен, қазақ тілін жақсы меңгерген. Ал Темірлан Әубәкіров болса, баскетболдан республикааралық “Кубок Надежды” турнирінің жүлдегері. Домбырамен ән салады.
Туған күн кешіне демеушілеріміз де арнайы келіп, қуаныш иелерін құттықтап, бағалы сыйлықтар табыс етті. Сөз реті келгенде айта кетейік, “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Жеңіс Сұлтанов, облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің “Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің” басшысы, полковник Серік Ғайсин, “Титан-Север” зауытының директоры Гарик Бернецян сынды демеушілеріміз мереке күндері ғана емес, жайшылықта да жиі келіп, әрдайым қолдау көрсетіп отырады.
Туған күн кешін отбасы балалары ән-бимен жалғастырды. Темірлан мен Галина келген қонақтарға ризашылықтарын білдірді. Мұндай сәттер біздің тәрбиеленушілеріміздің есінде ұзақ сақталады.
Жанбота БӨКЕНОВА,
“Болашақ” отбасысының тәрбиешісі.
ПЕТРОПАВЛ.