Маған 18 сәуір күні таңертең Тайынша ауданындағы Вишневка ауылынан телефон шалған орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің ұстазы Гүлзада Хұсайынова:
– Аға, қазір теледидардың “Қазақстан” арнасының “Таңшолпан” бағдарламасынан Анна Оржеховская сұхбат береді. Мүмкіндігіңіз болса, тыңдаңыз! – деген соң телеэкранға зер салдым.
Гүлзада Кәктайқызы айтып отырған А. Оржеховская – оның шәкірті, өткен жылы Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қазақ филологиясы факультетіне бірінші курсқа оқуға түскенді. Бұл туралы мен “Солтүстік Қазақстан” газетінде “Еуразия университетінің студенті Анна Оржеховская қазақ тілінде білім алуда” деген мақала (2 сәуір, 2013 жыл.) жариялаған едім.
Анна поляк отбасынан шыққан. Ұстазының көмегімен және өзінің талпынысымен қазақ тілін жетік меңгеріп, бірнеше мәрте республикалық байқаулар мен оқуларда бас жүлде еншілеген.
Биыл да хабарға арнайы шақырылыпты. Университеттің екінші курсында білім алып жүргенін, оқуға ынтасы зор екендігін және оған жоғары білім беріп жүрген қазақ ұстаздарына өлшеусіз ризалығын қазақ тілінде айшықты айтып берді.
– Болашақтағы арманым – қазақ мектебінде мемлекеттік тілді оқытып, жастарға лайықты білім беру, – деді Анна Оржеховская сұхбаттың соңында.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.