«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘТТІЛІК ДЕСЕ, ДЕГЕНДЕЙ, “Удача” шаруа қожалығы ауыл тірегіне айналып отыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауыл шаруашылығында бизнестің дамуына, фермерлер кооперациясы үдерісіне, жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын барлық кедергіні жойған жөн.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
(“Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде,
бір болашақ” Жолдауынан).

 

Шал ақын ауданындағы “Удача” шаруа қожалығы – ауыл шаруашылығы өндірісін осызаманғы үлгіде жолға қойған ұжымдардың бірі. Оның шаруашылық ауласын бір көргеннен-ақ жоғары өндірістік мәдениеті байқалады. Былайша айтқанда, ауданның сүреңсіз ауыл шаруашылығы қонысжайларының ортасындағы жайнап тұрған жалғыз арал сияқты. Оған Социал сияқты іргелес ауыл тұрғындарының жер үлестерін беріп, қосылғысы келетіндері тегін болмаса керек. Шаруа қожалығының осы шаруашылық ауласында болғанымызда іскерлік ісін тани түстік. Бұрынғы қашар фермасына жетіп тұрған электр желісін пайдалана отырып, барлық өндірістік нысандарды жаңадан салған. Үш гектардан асатын осы аулада өндіріске қажеттің бәрі тұрғызылған. Атап айтқанда, онда өз қажетін толық өтейтін қырманы бар, оған ЗАВ-40 механикалық желісі мен астық кептіргіш агрегаты қойылған, екі астық қоймасына 4 мың тонна астық сияды. Одан басқа мұнда 150 басқа арналған мал қорасы, машина-трактор шеберханасы, 100 тонналық электрондық таразы, ағаш тілу цехы, жанар-жағармай қоймасы, ұңғымалы үш құдығы және біріктірілген кеңсе-асхана ғимараттары бар. Аумағы ат шаптырымдай аула толық қоршалып, биік күзет қосынынан бақыланады. Осы өндірістік ауланың оң жақ іргесінде қожалық басшысы өзіне үй тұрғызыпты. Келісті етіп салынған осы құрылыстардың бәрі Батыстың мақтаулы ранчоларындай әсер етеді.

Қожалық басында алдымен трактор-егіс бригадасының бригадирі Андрей Луя мен қосалқы бөлшектер қоймасының меңгерушісі Виктор Рудкаускасты жолықтырдық. Олар өздерінің көктемгі егіске дайындығын тыңғылықтап жатқандарын айтып, машина-трактор шеберханасындағы жұмыспен таныстырды. Бірден төрт “К-700” тракторы сыйып кететін шеберхана іші бос, өйткені, қожалықтағы барлық бес “Кировецтің” бәрі сыртқы ауладағы әзірлік сапында тұр. Бірақ шеберхананың темір жону, дәнекерлеу, қырнау, компрессорлық және вулканизация цехтарының бәрі қарбалас жұмыс үстінде. Бүгін-ертең басталғалы тұрған ылғал жабу, топырақ өңдеу жұмыстарына соңғы әзірлік жасалып жатқанын айтады. Әсіресе, токарь Вячеслав Дорошевтің жіті қимылына тәнті болдық. Ал механизаторлар Сергей Сочков пен Виталий Брандт қожалыққа жуырда жеткізілген екі егіс кешенін көктемгі жұмысқа жедел әзірлеуде. Бригадирдің айтуынша, қожалық механизаторлары тұқым себу жұмыстарын үш егіс кешенімен және бес К-700 трактор агрегатымен атқарады. Ол биыл қосылған екі егіс кешенінің еңбек өнімділігін анағұрлым арттыратынына сенімді.

– Біздің “Удача” шаруа қожалығының дәнді дақылдар егістігінің жері 6 мың гектарға жуық. Оның 4,0 мың гектарына бағалы дақыл – бидай өсіреміз, ал майлы дақылдар егістігінің көлемін өткен жылғы 300 гектардан 1500 гектарға дейін көбейтіп отырмыз. Өйткені, астық шаруашылығын әртараптандырудың қажеттілігі айқын сезіле бастады. Сондай-ақ, мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының аясында ұзақ жылдан бері жаңартылмаған көпжылдық екпе шөп алқаптарын қайта себуді қолға алғалы отырмыз, биыл 300 гектарға көпжылдық шөп себеміз.

Сосын тағы бір айта кететін мәселе – иесіз қалған егістік жерлер жайы. Жекелеген меншік иелерінің мұндай жер телімдері қолдан-қолға өтіп, құжаттары бытысып кеткендіктен, олардың басын құрап, біріктіру қиынның қиыны. Ал ол болмаған жағдайда мұндай жерлер мемлекеттік қорға алынып, тендер арқылы өткізіледі. Өткен жылы сондай тендер арқылы сатылған 1700 гектар жерге ие болып, “Афанасьевка-Агро-Астық” ЖШС-ін құрдым. Былтыр оның 1100 гектарына дәнді дақылдар өсіріп, қалғанын парға қалдырған болатынбыз. Биыл барлық алқапқа тұқым себеміз, – деді қожалық басшысы Сергей Рудкаускас істің мән-жайына қанықтырып.

Бұрынғы “Афанасьев” кеңшарының бөлімшесі – Рясинка ауылының трактор-егіс бригадасының негізінде осыдан 16 жыл бұрын құрылған шаруа қожалығында бүгінде осы қос ауылдың механизаторлары бірігіп еңбек етеді. Қазірде 33-ақ түтіні қалған Рясенкада механизаторлар онша көп емес, сондықтан ұжымның негізгі үлесін афанасьевкалық еңбеккерлер құрайды. Жұмысшылар саны 20-дан сәл асатын бұл ұжымды татулығы мен бірлігі жарасқан үлкен достық шаңырағы десе болатындай. Онда немістер, литвалықтар, украиндер, белорустар және қазақтар қоян-қолтық еңбек етеді. Қожалық құрылғаннан бері сайдың тасындай іріктеліп, үлкен еңбек сынағынан өткен олардың ішінде осалы жоқ. Сондай-ақ, әулет болып бірігіп, тізе қоса еңбек ету үрдісі де сақталған. Оған қожалықта ұжым басшысының немере туысы, трактор-егіс бригадасының бригадирі Андрей Луя мен нағашысы, қоймашы Виктор Рудкаускастың жұмыс істейтіндері дәлел. Қожалық басшысы механикалық желінің астық кептіру шебері Төлеген Шайкеновтың жұмысына дән разы екенін айтып өтті.

Бүгінде шаруа қожалығы қанаттаса құрылған жауапкершілігі шектеулі серіктестікпен нығайып, аудандағы іргелі агроқұрылымдардың біріне айналды. Өйткені, олар бірлескен материалдық-техникалық күшпен жұмыс істейді. Қазір олардың қолында бес “К-700”, төрт “МТЗ-80” тракторы, үш егіс кешені, үш-үштен “Есіл” және “Вектор” комбайндары, үш қос тіркемелі “КамАЗ” автомашинасы, бір автокран мен “ГАЗ-66” автобусы және басқа да қажетті техника бар. Олар қос ауыл шаруашылығы құрылымындағы 7,5 мың гектар егістік алқапта жұмыс істеуге толығынан жетеді. Бұрыннан бар егіс кешенінде Виталий Брандт пен Анатолий Волченко бірлесіп еңбек етер болса, биыл келген екі егіс кешеніне тәжірибелі механизаторлар Сергей Сочков пен Анатолий Безуб отыратын болады. Афанасевка ауылынан қатынап жұмыс істейтін механизаторларға қожалық автобусы тасымал қызметін жасайды.

– Қара малымыз да бар. Өткен жылы 110 бас әулиекөл тұқымды қашарлар сатып алып, шаруашылық ауласында 150 орындық мал қорасын тұрғыздық. Қашарлар жақсы қыстап шықты, дайындаған жемшөбіміз молынан жетті. Ерте көктемде тағы әулиекөлдік үш асылтұқымды бұқа алып, табынға қостық. Қазір қожалық малы жайылымдық жерде бағылып, күйектен өтуде. Онда екі малшы ұстаймыз. Оның үстіне жүз бастай жылқымыз бар, екі жылқышы бағады. Әрине, енді төлге төл қосып, мал басын көбейтуге тырысамыз. Сол үшін жемшөп базасын нығайтуға күш салынуда, көпжылдық екпе шөп алқаптарын жаңартқалы отырғанымыз сондықтан, – дейді Сергей Петрович.

Негізгі өндірісі егіншілік болғандықтан, әрине, оған баса назар аударылады. Қазір барлық күш-жігер көктемгі-дала жұмыстарына жұмылдырылуда. Оған қапысыз дайындық жасалғандықтан, мол өнім күтерлік үміт зор. Жер ылғалы биыл өте жақсы, зиянкестермен күресті дер кезінде қолға алып, күтіп-баптай білсе болғаны. Былтырғы қуаңшылық жылдың өзінде гектар шығымдылығын 14 центнерден айналдырып, жоғары егіншілік мәдениетін танытса, биыл әлдеқайда жоғары нәтижеге жетеріне сенімді. Егіске қажетті жанар-жағармайдан, тұқымнан проблема жоқ, жеткілікті минералдық тықайтқыштар қорын жасады.

Сондай-ақ, қожалық басшысынан сұрап білгеніміздей, онда жұмысшылардың еңбекақысы уақтылы төленеді, зейнетақы қорына ай сайын аударым жасалып тұрады. Жылдың орташа айлық еңбекақы 90-100 мың теңгеден айналады екен, бұл Шал ақын ауданындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының ішіндегі ең жоғары көрсеткіш десе болады. Оның үстіне науқандық дала жұмыстары кезінде механизаторлардың түскі және кешкі тағамдарының тегін берілетінін де ұжымның оң ісі деп білген жөн.

Сергей Рудкаускас басқаратын бұл ұжымның өз мойнына алған әлеуметтік-серіктестік міндеттерін адал атқаратыны да ауданның оған көрші ауылдарын қызықтырарлықтай. Айталық, 33 түтінді Рясинка ауылының бар сенері мен тірегі – осы қожалық. Ондағы бастауыш мектепке демеушілік жасап, ауылдың қысқы қатынас жолын қардан аршитын да осылар. Бір сөзбен айтқанда, жұмыскер азаматтарына жұмыс беріп, зейнеткерлері мен жалғызбасты жандарға қамқорлық жасап отыр, шөбі мен сабанына, жемазығына және отынына көмектеседі.

Иә, атауы өте тауып қойылған “Удача” шаруа қожалығының табыс қазанын тасытып отырғанын өз көзімізбен көрдік. Оның “Афанасьевка-Астық-Агро” ЖШС-ін жетегіне алып, қазіргіден де қарышты қадамдар жасайтын мүмкіндігі барына сенесің.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp