«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭТНОМӘДЕНИ ТӘРБИЕ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің “Ақ бота” бөбекжай-балабақшасында сәбилерді көпмәдениеттілікке тәрбиелеуге көп көңіл бөлінеді. Балабақшада балалардың қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеруге, сол халықтардың тұрмыстық мәдениетімен танысуларына барлық мүмкіндік бар. Жақында біздің балабақшада “Мектепке дейінгі мемлекеттік білім беру стандарты жағдайында балалардың коммуникативтіктілдік құзыреттілігін қалыптастыру” тақырыбында облыстық семинар өтті. Онда бөбекжай-балабақшаның мұғалімдері өңірдегі әріптестерімен тәжірибе бөлісті. Семинарға балдырғандарды білім нәрімен сусындататын 60-тан астам маман жиналды. Олар біздегі қазақ және ағылшын тілі пәндері мұғалімдерінің шеберлік сағаттарына қатысып, жоғары санатты мұғалімдердің біліктілігіне тәнті болды. Мұндай шаралардың маңызының зор екенін айтқан тәрбиешілер мен әдіскерлер полимәдени тәрбие ісін өздерінің балабақшаларына енгізуді жоспарлап отыр. Семинар барысында облыстың мектепке дейінгі ұйымдарының мұғалімдері мен әдіскерлері полимәдени тәрбие беру үдерісімен танысып, туған елдің және шетелдің мәдениетімен таныстыратын ұлттық мүйістерді, көрмелерді, альбомдарды тамашалады.

Біздің тәрбиешілеріміз орыс және қазақ ауыз әдебиетін қолдана отырып, әртүрлі ұлттық мерекелер, ойындар, сабақтар өткізуді дәстүрге айналдырған.

Ән-күй жетекшілері халық шығармашылығы, фольклорға үлкен көңіл бөледі, себебі, олар баланың ішкі көңіл күйін дамытады, ұлттық әуеннің әсемдігін түсінуге үйретеді. Хореограф өнердің тағы бір сүйікті түрі – биге балаларды үйрете отырып, көпмәдениеттілікке тәрбиелеуге өз үлесін қосады. Басқа бір ұлттың биін түсіну үшін тіл білудің қажеті жоқ: бұл – адамдар өз сезімдері мен эмоцияларын көрсете алатын бірден-бір құрал. Қазақ, орыс, өзбек сияқты халық билеріне үйрете отырып, педагог балаларға әлемді қабылдауға, басқа халықтың мәдениеті мен өркениетін түсінуге және сыйлауға үйретеді.

Көпмәдениеттілікке тәрбиелеуде бейнелеу өнері сабағының да қосатын үлесі зор. Бейнелеу өнері ұлттық қолданбалы өнерді, оюлардың элементтерімен таныстырады. Ұлттық ойындармен дене тәрбиесі сабағында танысады.

Педагогтер ұжымы балаларын көпмәдениеттілікке тәрбиелеуде отбасының әлеуметтік рөлін арттыру бойынша жұмыс істейді. Себебі, отбасы салт-дәстүрдің қайнар бұлағы іспеттес. Ата-ана балаға адамдармен қарым-қатынас жасауға, жақындарына сабырлы әрі сыйластықпен араласуға үйретуі міндетті.

Рухани тәрбиесіз ең терең ғылыми білім де, ең жаңа технология да тиісті қайтарым бермеуі мүмкін. Сол себепті көп түрлі мәдениет ортасында өмір сүруге қабілетті еліміздің кішкентай азаматын тәрбиелеу – ерекше зейін аударуды талап ететін қазіргі мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі болып қала береді.

  Алтын СЕЙІТОВА, “Ақ бота” бөбекжай-балабақшасының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp