Жыл басынан бері облыста 266 өрт болып, одан 26 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Өрт салдарынан 21 адам қайғылы қазаға ұшырады, оның 4-еуі – бала. 15 адам әр-түрлі деңгейде дене жарақатын алды.
Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының қоқыс тастайтын жерінде өрт болып, одан 55 жастағы әйелдің мүрдесі табылды.
Белгісіз адамдардың құрғақ шөпке от қоюынан Петропавлдағы Ленинград және Пугачев қысқа көшелерінің қиылысындағы жекеменшік ауладағы қора-қопсы жанып кетті. Ал Мәскеу көшесіндегі облыс орталығының тұрғыны қоқысты өз ауласында жаққан. Оттың “қызыл тілі” ауладағы құрылыс материалдарына қарай жылжығанын үй иесі байқамай қалған. Ақырында тілсіз жау тірнектеп жинаған құрылыс материалдарын құртып тынды.
Жамбыл ауданындағы Благовещенка ауылында “Аухат-Алқа” ЖШС-нің бір қабатты кеңсесінен шыққан өрт компьютерді, құжаттарды жалмап, ішкі қабырғаларды, шатырды зақымдады. Өрттің жалпы аумағы 149 шаршы метрді құрады.
Өткен сенбі қатты соққан желімен облыс тұғындарының есінде қалды. Петропавлдағы А.Шәжімбаев көшесінде шыққан өртке осы дауыл себепкер болды. “Абсолютстрой” ЖШС-нің әкімшілік ғимараты шатырының бір бөлігі қатты желдің әсерінен жұлынып, жоғары кернеулі электр желісіне құлаған. Өрт содан шыққан. От аумағы 80 шаршы метрлік төбе жабылғысын, қабырғаларды, кеңсе жиһаздарын, оргтехниканы бүлдірді.
Сәуір айының суық күндері мен түндері пеш жағуға мәжбүрлеуде, сөйтіп пештен шыққан өрт санын көбейте түсті. Облыс орталығындағы Театр және Ы.Алтынсарин көшелерінде, М.Жұмабаев ауданындағы Конюхово ауылында жеке үйлерден шығып, тұрғындардың дүние-мүліктеріне зиян келтірген өрт осы пештердің ақауынан орын алып отыр.
Өткен аптада өртсөндірушілер жанған шөпті сөндіруге 60-тан астам рет шықты, оның жартысы облыс орталығында.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.