Іргесі берік, шаңырағы кең Қазақстанның әлем елдерімен терезесі тең болуы үшін елімізде ғылымға зор көңіл бөлінуі тиіс. Себебі, ел болашағы – ғылымда. Бұл Ұлыбританияның Лавборо университетінің оқытушысы, жерлесіміз Арман Мәжікеевтің пікірі. Ғаламтор арқылы сұхбаттасу барысында Арман ғылым саласына ден қоюдың маңызы мен шетелдіктердің Қазақстан туралы пікірлері жайында әңгіме тарқатты.
– Қазақстанның жастары ғылым саласына үлкен көңіл бөлетін болса, елдің экономикасы қарыштап дамитыны сөзсіз. Өзім АҚШ-қа аттанбас бұрын көптің бірі болып Астанадағы Еуразия Ұлттық университетін мемлекеттік басқару мамандығы бойынша тамамдаған болатынмын. Кейін магистратураға түстім. Білімге құштар жастардың шетелде білім алуға деген талпыныстарын көріп, мен де бағымды сынап көрмек болдым. Абырой болғанда, АҚШ-тың Нью-Йорктегі Бруклин колледжінде “Қаржы және қаржылық есеп беру” мамандығы бойынша білім алу бақытына ие болдым. Шетел асқаныма 6 жылдың жүзі болған екен. Бүгінде Ұлыбританияның Лавборо университетінде қолданбалы экономикадан сабақ берумен қатар, шетелден келетін инвестицияны зерттеу бойынша докторлық диссертация жазып жатырмын.
– Батыс елдеріндегі білім беру жүйесі жайлы не айтар едіңіз?
– Англияда білім беру жүйесі әрдайым жетілдіріліп отырады. Барлығы да үнемі ізденіс үстінде. Өйткені, ғылымға үлкен көңіл бөлінеді. Ғылыми жұмысқа кіріспес бұрын материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге баса назар аударылады. Сол себепті қолымыз босай қалса, ғылыми жұмыспен айналысуға тырысамыз. Қазақстанда, өкінішке қарай, жас ғалымдарға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей келеді. Өз еліме күйе жағудан аулақпын. Керісінше, алдағы уақытта бұл олқылықтың орнын толтыруға өз үлесімді қоссам деймін. Діліміз де өзгеше ғой. Қазақ жастары көбінекөп білім алуды міндет санап, мамандықты одан келетін пайдамен таңдайды. Ал ағылшындар сүйікті ісімен айналысқанды алғашқы орынға қояды. Содан кейін ұнатқан саласына соны серпін беруді ойлап, ғылыми жұмыстарға ден қоя бастайды. Бұл өз кезегінде мемлекетіне де пайда әкеледі.
– Қазақстан жайында шетелдіктердің пікірі қандай?
– АҚШ, Франция, Бельгия, Швейцария, Испания және басқа да елдердегі әріптестерімізбен кездесіп тұрамын. Олар да Англияға келіп, тәжірибе алмасамыз. Шетелдік таныстарымнан: “Қазақстан жайлы не білесің?” деп сұрағанымда бірі: “Қазақстан мұнайымен, қазба байлығымен танымал” десе, біреулер Алматы мен Астана қалаларын білетіндерін айтады. Біздің мемлекетті Бораттың киносымағынан білетін адамдар да кездеседі. Негізінен елімізді оның басшысымен, астанасымен, жер байлығымен, көп ұлттылығымен байланыстырады. Қазақтардың қонақжай, мейірімді халық екенін білетіндері де таңғалдырады. Осы кезде еліме деген мақтаныш сезімі ұялайды.
– Көп тіл білу – өмір талабы. Бес тілді меңгерген екенсіз. Тілді үйренудің тетіктерімен бөліссеңіз?
– Жаһандану мен коммуникация технологияларының қарқынды даму нәтижесінде шетелде оқу оқып, жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауға, кәсіби дәрежеңді жоғарылатуға жол ашық. Ол үшін туған тілімізді қатар алып жүріп, бірнеше шетел тілін жетік білген жөн. Талай дарынды, өнерлі, ақылды да тапқыр жерлестерім шетел тілін үйренгенде бірқатар қиыншылықтарға кезікті. Күмән мен күдіктен арыла алмаған жастардың дені орта жолдан кері қайтты. Талмайтынбай еңбек еткенде ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болады. Өзім ана тілімді, орыс және ағылшын тілдерін жетік білемін. Қытай мен жапон тілдерін меңгерудемін.
Тілдерді үйренуге ниеті бар, талабы жоғары жастарға бірқатар кеңес бергім келеді. Біріншіден, өз бойыңда оқуға деген ынта-жігерді тәрбиелеу аса маңызды. Кешенді шаралар жоспарын жасамай, өздігінен оқып-үйрену оң нәтиже бермейді. Мәселен, біреулер кітаптан оқыған кезде жақсы ұғынады, бірі тыңдап үйренгенді қалайды. Кейбіреулер ғаламтордағы бейне сабақтарды пайдаланады.
– Жастардың шетелде оқуына мүмкіндік беретін қандай бағдарламалар бар?
– Work &Travel немесе “Болашақ” бағдарламасы бойынша көптеген студенттер мен жас мамандар шетелде білім алып жатыр. Шындығында, шетелде білімдерін шыңдағысы келетіндер үшін мүмкіндік ұшан-теңіз. Көптеген мемлекеттер өздерінің Қазақстандағы елшіліктері арқылы бірқатар тегін немесе бір бөлігін ғана төлеуді қажет ететін қысқа немесе ұзақ мерзімді тілді дамыту, интернатура сияқты бағдарламаларын ұсынуда. Алайда, олар жайлы көпшілік біле бермейді. Мысалы, Индияның Астанадағы елшілігі жүздеген қысқамерзімді тегін оқу және тәжірибе алмасу бағдарламасын ұсынды.
Жастар тынымсыз ізденісте болуы керек. Сонда ғана ісі өрге домалайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.