“Адамның тағдыры туғанда маңдайына жазулы болады дейді ғой. Менің маңдайыма туғаннан мүгедектік жазылып қойылған”, – деп бастады әңгімесін Леонид Яковченко. Оның айтуынша, өз бетімен жүріп-тұра алмайтын баланы бастауыш сыныптарда мұғалімдер үйге келіп оқытқан. Орта буынға көшкен кезде ол тірек-қимыл мүшелері зақымданған балаларға арналған мектеп-интернатқа орналастырылады. Бұрын үйден шығып көрмеген, ешкіммен араласпай, өзімен-өзі күн кешкен балаға бөтен ортаға көндігіп кету аса ауыр соғып, қатты қиналғанын еске алса, әлі күнге арқасынан суық тер шығады.
Иә, ол кез тірек-қимыл мүшелері зақымданған балалардың қайсысына болсын ауыр тигені анық. Бірақ ондағы қиындық үлкен өмірде кездесетін кедергілерге мойынсынбай, өз жолдарын адаспай табуына көмектескенін осы мекемеден тәлім-тәрбие алып шыққан түлектердің барлығы дерлік мойындайды. Мектеп-интернаттың ұстаздары мен тәрбиеленушілерінің арасында “Аңыз адам” атанып кеткен Шәміл Шақшақбаев түрлі этностан шыққан мүгедек балалардың өмірлері басқа арнаға түсіп, жақсы жағына қарай бет бұруына өз өмірімен, қайрат-жігерімен өнеге көрсеткенін өмір сабағы деп ұққан ол:
– Әрқайсымыздың әкеміздей болған Шәміл Тауфиқұлынан өмір сүруді, өз бақытымыз үшін кез келген қиындыққа қарсы тұруды, айналамыздағы қоршаған әлемнен қорықпауды, өзімізді өзгелерден кем санап, шектеліп қалған қауызымызды бұзып шығып, басқалармен тең бола білуді үйрендік, – дейді.
Бүгінде өмірлік ұстазы болған Шәміл Шақшақбаевтың көрсеткен үлгісімен келе жатқан ол аталмыш мектеп-интернатта тәлім-тәрбие алғанын сәттілік санайды. Өйткені, осында өзімен тағдырлас әр этностың балаларының арасынан нағыз жанашыр, достарын тапты. “Бірлік жоқ болса – ұйым жоқ, ұйым жоқ болса – күйің жоқ” дегендей, бүгінде білім ошағын аяқтап, әрқайсысы өмірдің сан тарау жолдарына түссе де, араларындағы достық жібі үзілмеген, бір отбасының балаларындай тату.
Өмір жолында оған қол ұшын созған жаны жомарт, пейілі кең, қамқор жандар көп болған сыңайлы. Сондай жандардың бірі өзіне ерекше қамқорлық көрсеткен интернаттағы тәрбиешісі Сәуле Қарабаева екен.
– Осы жанашыр, абзал жан мені жауапкершілікке үйретті. Ол менің әкем де, шешем де бола білді. Болашақ өмірім үшін жаны ашып, қамқорлық жасады. Үйдің кезегіне де сол кісінің көмегімен тұрдым. Оқуға түскенімде университет жатақханасынан бір бөлме алып беріп, оқуыма барлық жағдай жасаған да осы кісі болатын, – дейді ол ризашылық сезіммен.
Соңғы курста оқып жүргенде Леонид Николаевич сүйікті жары Гүлнара Оспановамен танысқанын айтқанда жүзінен зайыбына деген жылылық есті.
2011 жылы университетті тамамдаған жас маманның жұмысқа тұру туралы ойы жүзеге аспайды. Жұмыс сұрап, қанша есікті қаққанымен, еңбек өтілі жоқ жас маманды қызметке алуға ешқандай мекеме құлық танытпаған. Бұл кезде Бензострой шағынауданынан пәтер жалдап тұрған олар зайыбының стипендиясы мен өзінің жәрдемақысына және компьютер жөндеуден түскен азын-аулақ нәпақаға күндерін көреді. Жұмыс таппай, табанынан таусылған олар қалада тұрып, күн көру қиын екенін түйсінген. Сөйтіп, Гүлнараның әке-шешесіне қарай жақындайды. “Қайын жұртым да мені өзегімнен теппей, балаларындай қабылдады”, – дейді Леонид Николаевич.
“Жұмыс жоқ” деп қарап отырмай, мұнда да компьютер, ұйымдастыру техникаларына жөндеу жасап, азын-аулақ тиын-тебеннің басын құрайды. Оның техника тілін жақсы меңгергенін естіген жұрт үйлеріне шақыра бастайды. Бірақ бұл үнемі табыс көзі болмағандықтан, жұмыс іздеуді де жалғастырады.
Өзі оқыған Петропавл қаласындағы №13 орта мектепке жұмысқа шақырылғанда қуанышында шек болмаған. Онда өз үйінде жүргендей, бәрі таныс, жанашыр, жылылық пен түсінушілікті сезінеді.
Өмірінде әке атанып, дүниеге тұңғыш қызының келуі де Леонид Николаевичті ерекше қанаттандырып, кәсіби өсуіне ықпал етеді. Айы оңынан туып, көп ұзамай мектепте үйірмелер алып, сағат саны артады. Компьютерлік сауатсыздықты төмендету бойынша мемлекеттік бағдарламаға өз үлесін қосып, жүздеген адамға компьютер тілін меңгерткен.
Ол өткен жылы мүмкіндіктері шектеулі жандар арасында өткізілген республикалық “Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз” байқауына қатысып, “Үздік маман” аталымы бойынша жүлделі III орынға ие болды.
Сайдың тасындай сайланып келген әріптестерінің арасында жүлделі орынға ие болуы оған ерекше ерік-жігер берді, Леонид Николаевичтің өзіне деген сенімі артып, енді ештеңеден тайсалмау керектігін түсінді. Қазір ол екі жерде жұмыс істейді. Аптаның алғашқы жартысында Аққайың ауданының Трудовое ауылындағы У.Ахмедсафин атындағы Совет орта мектебінде, бейсенбі – сенбі күндері Петропавлдағы №13 орта мектепте еңбек етіп жүр. Кембағал адамға Петропавлдағы жұмысына қатынау жауын-шашын, қыстың боранды күндерінде қиындық туғызатыны рас. Ондайда тағы да тағдырлас достарынан қолдау көреді.
Қазір ол Шәміл Тауфиқұлының үлгісімен өзіндей ғаріп бүлдіршіндерді өмірге құмар болуға, сонымен қатар этносқа бөлінбей, бір-біріне жанашыр болуға үйретіп, тірліктің күші бірлікте екенін ұғындырып жүр. Өз басындағы қиындықтар да оны жасытудың орнына қайраттандыра түскені анық. Қос балдаққа таянып, аяғын жерге еркін баса алмай тұрса да, ол “мен бақыттымын” дейді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: Л. Яковченко достарымен бірге (сол жақтан үшінші).