«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕГЕ ТҰТАР АЗАМАТТАРЫМЫЗ АРДАҚТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен “Еліміздің тағдыры – менің тағдырым” атты облыстық форум өтті. Оған облысымыздың дамуына ерен еңбек сіңірген майталмандар, ардагерлер, өңіріміздің белсенді жастары қатысты.

Бүкілхалықтық мереке қарсаңында өткізіліп отырған облыстық форум қазақстандық патриотизмді, ата-бабаларымыздан мұра болып жеткен кең-байтақ жеріміз бен елімізге сүйіспеншілікті, төл тарихымыз бен өнерімізді дәріптеуге, сол жолда аянбай еңбек етіп, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген, есімдері алтын әріптермен жазылуға лайық азаматтарға құрмет көрсетуге арналды.

Егемен еліміздің Гимні орындалып, “Қарлығаш” халықтық би студиясының “Арнау” қойылымымен ашылған форумды өңір басшысы Самат Ескендіровтің атынан облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов құттықтады.

– Елбасы биылғы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында: “Бұл Стратегия сіздерге арналған. Оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де сіздер. Өз жұмыс орындарыңызда отырып, осы жұмысқа әрқайсыңыз атсалысыңыздар. Немқұрайлылық танытпаңыздар. Елдің болашағын бірге жасаңыздар!”– деп арманы асқақ, болашағы айқын жастарымызға зор үміт артатындығын жеткізіп еді. Президентіміз жол көрсеткен биіктен әрдайым көріне беріңіздер! – дей келіп, Фархад Шаймұратұлы жиналғандарды алдағы мерейлі мерекемен құттықтады, отбасыларына баянды бақыт, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.

Форумда облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше еңбек сіңірген ерлерді сахна төріне шығарып, ел игілігі үшін атқарып жүрген жұмыстарын жастарға үлгі етті. Аққайың ауданындағы “Дайындық” ЖШС директоры Біржан Шаймерденов, Шал ақын ауданының Құрметті азаматы Зарап Құрманқұлов, Мағжан Жұмабаев ауданының жеке кәсіпкері Валентина Кухаренко “Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін”, уәлихановтық фермер Мейірбек Құсайынов, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Құрметті азаматы Бақыт Нұркин, тимирязевтік депутат Серік Жүкеев, “СУ-808” ЖШС директоры Виктор Ли – “Облыстың экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін”, Тайынша ауданындағы Яснополяна мектебінің директоры Виталий Червинский, Айыртау ауданындағы Жетім балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры Елемес Қалиев – “Жастарды патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін”, мамлюттік спорт шебері Рустам Набиулин, петропавлдық параолимпиадашы Қайрат Қанафин, Қызылжар ауданындағы Петерфельд ауылындағы ФАП-тың дәрігері Надежда Волкова “Белсенді азаматтық ұстанымы үшін” аталымдары бойынша марапатталды.

Еңбектері еленген ерлерге “Балқадиша”, “Сладка ягода”, “Айналайын”, “Грация” ансамбльдері ән мен биден шашу шашты.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp