«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ – ТАТУЛЫҚТЫҢ ТҰТҚАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1995 жыл­дың наурызында негізі қаланып, бүгінде ұлтаралық тату­лық пен тұрақтылықтың үлгісі ретінде әлемге танылған Қазақстан халқы Ас­самблеясы қоғамдағы келісім мен ынтымақтастықтың басты тетігі десек, қателеспейміз. Біз Ассамблеяның “Қазақстан – 2050” Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті” деген тақырыпта өткен XXI сессиясына қатысқан Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимовқа жолығып, ел бірлігін ту етер жаңа бастамалар жайында сұраған едік.

– Наиль Камильевич, жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХI сессиясына қатысып қайттыңыздар. Биылғы сессиядан түйген ойыңыз, алған әсерлеріңізбен бөліссеңіз?  

– Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сессиядағы сөйлеген сөзі сессия жұмысына қатысқан әр делегаттың жүрегіне жол тапты. Елбасы биылғы жылға және ассамблеяның 2015 жылы атап өтілетін 20 жылдығына арналған жаңа міндеттер мен мақсаттарды айқындап берді. Сессиядан шабыттанып шыққан біздер оларды өңірімізде орындау жұмысын бастап та кеттік.

– Мемлекет басшысы ұлтаралық қаты­настарды реттеудің тиімді тетік­теріне тоқталып өтті. Әсіресе, қазақстандық бейбітшілік, руханият пен келісім мәдениетінің жеті арқаулық қағидатына үлкен мән берді емес пе?!

– Иә, Мемлекет басшысы ұрпағымызға ұлт байлығы ретінде ортақ мәдени мұрамыз деп атап көрсеткен арқаулық қағидаттары терең мәнге ие. Этностық, тілдік, діни және әлеуметтік айырмашылығына қарамастан, барлық қазақстандықтардың тең құқылығы – жеті принциптің алғашқысы. Сондықтан да осы елдің тынысымен өмір сүрген әр азамат елдегі тұрақтылық пен келісімді қызғыштай қоруға міндетті. Елбасы жалпыға ортақ еңбекті қалыптастырудың маңызына тоқталып, мемлекеттің зайырлылығы Қазақстанда тұрып жатқан барлық діндердің мұраларына қолдау көрсетуден, әркімнің таңдау еркіндігінен табатынын да тілге тиек етті. Әсіресе, Нұрсұлтан Әбішұлының: “Қазақты қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар – сол шаңыраққа шаншылған уықтар”, – деген сөзі көңілімнен шықты.

– Елбасы 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялауды ұсынғаны белгілі. Мерейтой қарсаңында қандай шаралар қолға алынады деп жоспарлануда?

– Біздің Елбасы барлық әлемде теңдесі жоқ ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясына жетекшілік жасап отыр. Дәл біздегідей үлкен достық шаңырағы ешбір елде жоқ. Ал келер жыл Ассамблеяға арналатын болса, елдегі 130-дан астам этнос өкілдерінің өзара ынтымақтастығы да, еліміздің әлемдік аренада беделі де арта түседі деп ойлаймын. Осыған орай 2015 жылы ассамблеяның сессиясы және Қазақстан халқы форумы өткізілмек. Мұндай ауқымды шараларда ел бірлігін нығайта отырып, мемлекеттің көркеюіне үлес қосу мәселелері кеңінен талқыланатын болады. Сонымен қатар, Ассамблеяның 20 жылдығына арналған “Бейбітшілік пен келісімнің картасы” мегажобасының жаңа екінші кезеңі басталды. Біз де бұл жобаға өз үлесімізді қосатын боламыз.

– Елбасы Ассамблеяның өңірлік деңгейдегі құрылымдарын күшейту керектігін баса айтты. Бұл ретте қандай мәселелерге ерекше көңіл бөлінбек?

– Мемлекет басшысы 1 маусымға дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік мекемелерді құруға тапсырма берді. Сондай-ақ, өңірлік ассамблеялар хатшылықтары меңгерушілерінің мәртебесі де жоғарылатылмақ. Яғни біздердің лауазымдарымыз мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының санатына ауыстырылатын болады. Бұл шаралар да толеранттық пен келісімнің қазақстандық моделін одан әрі ілгерілету мақсатында қабылдануда.

– Мақсат айқын, міндет белгілі. Оларды жүзеге асырудағы облыстық ассамблеяның алдағы жұмысының жоспарына тоқтала кетсеңіз?

– Бүгінге дейін облыстық ассамблеяда 22 этномәдени орталық жұмыс істесе, жақында қатарымыз курдтердің этномәдени бірлестігімен толықты. Ал өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің саны – 103. Олардың барлығы республикалық және өңірлік деңгейде ұйымдастырылатын мерейтойлық шараларға қатыстырылатын болады.

Ал жақын арадағы жоспарларымызға келер болсақ, мамыр айында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков пен облыстық ассамблеяның төрағасы, облыс әкімі Самат Ескендіровтің қатысуымен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының толеранттық кафедрасы ашылмақ. Үлкен сұранысқа ие мұндай кафедра әзірше еліміздің екі қаласында ғана бар. Бірлік пен келісімді бағалай білетін студент жастар оны уысынан жіберіп алмауына барын салады деп ойлаймын. Осылайша, ел болашағының негізін қалайтын жас буынның санасына татулық пен отансүйгіштіктің, ізгіліктің дәнін өз қолымызбен сеппекпіз.

Достық үйінің шаңырағын кеңейту мәселесі де жуық арада шешімін таппақ. Жаңа орталықтардың қатарымызға қосылып, іс-шаралар ауқымының кеңеюінен бүгінгі ғимаратымыз тарлық етіп отыр. Бүгінде жаңа нысанды қайта жаңарту жұмыстары қолға алынуда. Жаңа ғимаратқа көшкен күннің өзінде де қазіргі Достық үйінде кәсіби ұжымдардың жұмысы жалғасатын болады.

Сұхбаттасқан

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp