“Алаугаз-СК” ЖШС-нің құрылыс алаңына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын облыс әкімі Самат Ескендіровтің өзі бастап келді. Аталмыш серіктестік 2013 жылғы сәуір айынан бері “Керамикалық кірпіш өндірісі” жобасын жүзеге асыруда. Кәсіпорын басшысы Александр Фельдманның айтуына қарағанда, жобаның құны – 328 млн. теңге. Осынау құрылысқа серіктестіктің 280 млн. теңге өз қаржысы, 25 млн. теңге қарыз, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 14,5 млн. теңге кредит жұмсалмақ. Қазіргі уақытта Ресей мен Қытайдан әкелінген құрал-саймандар орнатылып, кептіруге және күйдіруге арналған пештердің құрылысы жүргізілуде. Пештер газбен жұмыс істемек. Ол үшін ЖШС-нің өндіріс орнынан құбырлар тартылыпты.
– Өндіріс орнын 1 шілдеде іске қосуды жоспарлап отырмыз. Зауытымыз 3 ауысымда үзіліссіз жұмыс істейтін болады. Соған орай 60 жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы – 3,6 млн. кірпіш. Алдағы уақытта мүмкіндігімізге қарай зауыттың қуаттылығын шамамен екі еседей ұлғайта аламыз. Өндіріс орнын сондай есеппен салып жатырмыз. Бізде кірпіш екі түрлі (бір және бір жарым) стандартпен шығарылады. Оған қала іргесіндегі “Оңтүстік” карьерінің шикізаты пайдаланылады, – дей келіп, Александр Юрьевич астаналық қонақтарға пеш пен жекелеген желілердің қалай жұмыс іс-тейтіндігін көрсетті.
Бұл күндері зауытта құрал-саймандарды құрастыру, пеш салу жұмыстарымен бірге зертхана, әкімшілік-тұрмыстық ғимарат, шикізат пен дайын өнімдер қоймасы құрылысы қатар жүргізілуде.
– Мына зауыт 125 маркалы кірпіш шығармақ. Оның үстіне өңірлеріңізде қауырт жүріп жатқан құрылыстардың мұқтаждығын 20 пайызға қанағаттандыруды мақсат етеді әрі шеттен әкелінетін кірпіштен шамамен екі еседей арзан болмақ. Бұл облыс үшін өте қажетті тамаша жоба, – деді БАҚ өкілдеріне Мәжіліс депутаты Анатолий Пепенин.
Халық қалаулылары осы сапарында “Тез тұрғызылатын ғимараттар мен құрылыстар зауыты” ЖШС-іне де ат басын тіреп, өндіріс орнын аралады. Кәсіпорын директоры Арыстанбек Бекқожинов зауыттың 2009 жылы 27 ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен ашылғанын, содан бері металл құрылғыларын, дәнекерленген екітаңбалы арқалық, модульды тез тұрғызылатын қаңқалы ангарлар, қабырғалық және төбе жабатын сэндвич-панельдер, С-кескінін, профтөсем шығаратындығын, Астанадағы жаңа классикалық Опера және балет театрының 1500 тонналық металл құрылғылары осы зауыттың өнімі екендігін айтып берді.
* * *
Мәжіліс депутаттары облыстық Ішкі істер департаментінде болып, ішкі істер органдары қызметкерлерімен кездесті.
Жиынды облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ақан Қажкенов ашты.
Өткен айдың 23-інде Елбасы қол қойған “Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы” заң кеше өз күшіне енді. Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша дайындалған құжат қазіргі заман талаптарына сәйкес әзірленген.
Жиында жаңа заңның 17 жыл бұрын қабылданған ескі заңнан айырмашылығы жайында сөз қозғалды.
Жаңа құжат авторларының бірі – Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Нұрлан Әбдіров аталмыш құжаттың басты ерекшеліктеріне тоқталды.
Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ішкі істер органдары қызметкерлерінің айқын міндеттерінің бірі. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді мақсат ететін аталмыш заңның “Қазақстан халқына қызмет етуге тиісті ішкі істер органдары” деп басталуы тегін емес. Онда тәртіп сақшыларының адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғап, жүзеге асыруға тиіс міндеттері көрсетілген. Құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күрес жүргізу, қылмыстық және әкімшілік жазалауды орындау – құқық қорғау органдарының атқаруы тиіс басты міндеттерінің бірі.
Құжаттағы басты өзгешелік – ол ішкі істер органдары қызметкерлеріне азаматтарды куәлік етуге мәжбүрлеуге, күш қолдануға және азаптап, адам жанын қинайтын түрлі амалдарды қолдануға мүлдем тыйым салынғаны. Бұл бұрындары айтылып келсе де, бірақ заң түрінде енді бекітіліп отыр. Сондай-ақ, заң жобасы бойынша қолданыстағы Кодекстерге өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Мәселен, травматикалық қаруды пайдалануға тыйым салынады. Себебі, ол қылмыс санын көбейтпесе, азайтпай тұр. Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, қазіргі таңда елімізде заңды қолданыста 50 мыңға жуық травматикалық қару бар. Оны жауапкершіліксіз қолданудың салдарынан елімізде 25 адам көз жұмып, 600-ге жуық азамат түрлі жарақат алған.
Құжат тәртіп сақшыларының қызметіне талапты күшейтеді және олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша да бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтар болсақ, енді ішкі істер органдары қызметкерлеріне қызмет бабымен берілген баспананы заңдастыруға мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Қызмет орнында 20 жыл бойы еңбек еткен тәртіп сақшысы берілген баспананы ешбір төлемсіз өз атына ауыстыра алса, жалдамалы пәтерде тұратын ішкі істер органдары қызметкерінің пәтерақысы төленетін болады.
* * *
Мәжіліс депутаттары Анатолий Маковский, Виктор Рогалев, Нұрлан Әбдіров, Серікжан Қанаев және Анатолий Пепенин “Единство” темір-бетон бұйымдары зауытында да болды.
Кәсіпорын басшысы Александр Кондратов депутаттарға зауытта жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарының барысы жайлы айтып берді. Зауытты қайта жаңарту жұмысы кәсіпорын өндірісін тоқтатпастан қат-қабат жүргізіліп жатыр. Өткен жылы 33 миллион теңгенің өнімі шығарылған болса, биылғы жылғы төрт айдың ішінде ғана шығарылған өнім көлемі 31 миллион теңгеге жетті. Онда бүгінде 73 адам еңбек етеді, орташа айлық еңбекақы көлемі 60 мың теңгеден айналуда.
Индустриялық жоба бойынша кәсіпорын қуаттылығының қазіргі 6,2 мың текше метрден жылына 130 мың текше метрге дейінгі қуаттылыққа жеткізілуінің жоспарлануы көп жайды аңғартса керек. Жаңғырту жобасының құны 891 миллион теңгені құрайды. Оған осызаманғы жоғары өнімді шетелдік қондырғылар қойылуда. Кәсіпорын директоры сондай бір бетон шығырлар, бөлшек бетон құймалар шығаратын италиялық машинаны қонақтарға көрсетті. Айталық, ескі үлгідегі осындай машинада бір ауысымда 6 шығыр құйылып келсе, италиялық қондырғы 60 шығыр шығарады. Оның автоматтандырылу дәрежесі де жоғары, онда небары үш адам еңбек етеді. Сол сияқты, темір-бетон плиталарын шығаратын желі де шетелдік қондырғылармен жарақтандырылуда. Мәжіліс депутаттары кәсіпорындағы қайта құру жұмыстарына ризашылықтарын білдіріп, өндірістегі инновациялық ұмтылыстарға сәттілік тіледі.
* * *
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары өңірдегі жұмыс сапары барысында прокуратура қызметкерлерімен кездесіп, құқық қорғау қызметін реттейтін жаңа заң жобаларындағы бірқатар өзгерістерге қатысты пікір алмасты.
Облыс прокуроры Степан Зайтлер прокурорлық қадағалаудың басым бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыс жайында хабарлама жасады. Оның айтуынша, өңірдің қоғамдық-саяси және қылмыстық ахуалы тұрақты. Шағын және орта бизнес субъектілерінің құқығын қорғау мәселесі де қатаң бақылауға алынып, тұрғындар тарапынан түскен 2 мыңнан астам өтініш-арыз уақытында қаралып, олар бойынша тиісті шаралар қолданылған.
Биылғы жылдың наурыз айынан бастап Петропавл қалалық прокуратурасында “Процессуальды прокурор” жобасының мақұлданғанынан да хабардар еткен облыс прокуроры аса ауыр және маңызды істер бойынша қолданылатын қадағалаудың жаңа әдісі еліміздің Бас прокурорының тапсырмасы бойынша 1 шілдеден бастап қанатқақты жоба ретінде облыс аумағында ресми түрде енгізілетінін айтты.
Құқық қорғау қызметін реттейтін 4 бірдей заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жыл соңына дейін қабылдануы тиіс. Заң жобаларының талаптарына тоқталған Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров:
– Біз сіздерге заңдардағы өзгерістерді түсіндіруге, сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдауға, ой бөлісуге келіп отырмыз. Сондықтан жаңа заң жобаларына қатысты тың пікір, ұсыныстарыңыз болса, ашық айтыңыздар, – деді.
Жаңа заң жобаларына қылмысы ауыр емес азаматтардың, сол сияқты әйелдер мен жасөспірімдердің жазасын жеңілдету, тергеу судьясы, процессуальды прокурор лауазымдарын енгізу сияқты бірқатар өзгерістер енгізу қарастырылған.
Жиында облыстық, қалалық және бейнебайланыс арқылы қосылған аудандық прокуратура қызметкерлері жаңа заңдарға қатысты сауалдарын жолдап, пікірлерімен бөлісті.
Нұрсайын ШӘРІП,
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
Тоқтар ЗІКІРИН,
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.