1941 жылдың жазы. Батыстан лапылдаған соғыс өрті бейбіт жатқан елімізді есеңгіретіп, берекелі заманымызға қаралы күндер тудырды. Талай баланы жетім қылып, талай жарды жесір етті. Отанын, елін қорғаймын деп аға буындарымыз жандарын аямай ерлік көрсетті. Соғыс даласына мыңдаған майдангерлер арасында Есіл ауданындағы Тауағаш ауылынан 112 азамат аттанып, 36 адам ғана елге аман-есен оралды, 76-сы хабар-ошарсыз кетті. Осы аталарымыздың ерліктерінің арқасында бүгінгі бейбіт заманның қызығын біз көріп отырмыз.
Ардагерлеріміздің бүгінгі таңда екеуі ғана ортамызда. Олар – зейнеткер, заң қызметкері Сапар Дүйсенов пен ардагер ұстаз Қожатай Некібаев. Өкінішке қарай, бұл аталарымыз ауылда тұрмайды. Өмірден өткен ардагерлерімізді атап өтетін болсақ, Балтабек Мұстафин атамыз елде басшы қызметте болды. Есләм Шалабаев, Зұлқарнай Төлебаев, Қайролла Күрсарин, Кәкен Күрсарин, Болат Рахметов аталарымыз елдегі қоғамдық істерге белсене араласып, адал қызметтер атқарды. Кенжебай Қазбеков, Зайнұлқабиден Рахметов, Серғали Сиванбаев аталарымыз балаларға білім беріп, соғыстан кейінгі ғұмырларын болашақ ұрпақ тәрбиесіне арнады.
Бейбіт заманымыздың болашағы білімді, тәрбиелі болсын деген мақсатпен, соғыста көрген қиыншылықтарына қарамастан, елдегі балалардың білім алуына көп үлес қосқандардың бірі – Зайнұлқабиден Рахметов еді. Ауылдағы өсіп келе жатқан жас буынның бірі білсе, бірі білмейтін болар, бізге жарқын болашақ сыйлаған жандар жайында білу, ерліктеріне тағзым ету – біздің азаматтық парызымыз. Зайнұлқабиден атамыздың өмірі жайында мол деректі соңында қалған тұяғы Еркебұлан ағамызбен сұхбаттасуда алдым.
З. Рахметов 1925 жылы қазіргі Есіл ауданы (бұрын Преснов ауданы деп аталыпты) Тауағаш ауылында дүниеге келген. Сұрапыл соғыс басталғанда ол небары 16 жаста ғана болған. Үлкен ағалары Хасен, Болатпен бірге соғысқа аттанады. 1943 жылдың бесінші шілдесінде 770-ші атқыштар полкіне түсіп, атқыш қызметінде болады. Жеңіс күнін елден жырақ жерде қарсы алып, 1948 жылы аман-есен оралады. Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерліктері үшін “ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы” орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
Елге оралған майдангер 1948 жылы Петропавл педагогикалық институтына оқуға түседі. Ал 1953 жылы Алматының Абай атындағы педагогикалық институтында шет тілі мамандығы бойынша жоғары білім алып, елге оралады. Ұлағатты ұстаздық жолды таңдаған атамыз үзбей 40 жыл ғұмырын балаларға білім беруге арнады. Болашақ ұрпақты тәрбиелеуге қосқан еңбегі бағаланып, “Қазақ ССР оқу ісінің үздігі” төс-белгісімен, мақтау грамоталарымен марапатталды. 1984 жылы “Еңбек ардагері” медалін өңіріне тақты.
Ұстаз жаны қашанда шығармашылыққа толы болады ғой. Сол қасиет атамыздың бойынан табылған. Қолының бос уақытында ұлттық аспаптарда ойнап, өлеңдер шығаруға жаны құмар екен. Солардың бірі:
Дәл осынау жадыраңқы жай күні,
Болсадағы қай ғасырдың,
қай жылы,
Ұлы Отаным басын иіп бір сәтке
Еске алады сол бір ауыр қайғыны, – деп жазыпты.
Осындай өлеңдерін жинақтап, қызы Райхан кітапша етіп шығарған екен.
1960 жылы Мәстура апамыз екеуі шаңырақ көтеріп, 4 қыз, бір ұл өсіріп, тәрбиеледі. 1987 жылы 19 сәуірде атамыз өмірден озды. Өмірден өзі өткенмен, соңында қалған қыздары, жалғыз ұлы Еркебұлан әке жолын қуып, оның абыройлы ісін жалғастырып келеді. Балаларының барлығы – жоғары білімді ұстаздар. Еркебұлан әкесінен 17 жасында қалып, бүгінгі таңда қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің ұстазы, үлгілі отбасы болып отыр.
Жанат ШАЛАБАЕВА,
қоғамдық тілші.