«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТА-БАБАЛАРЫМЫЗДЫҢ АСЫЛ АРМАНЫ – бүгінгі ұрпақ мойнындағы басты аманат

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы “Қазақстан жолы 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында Мәңгілік Ел болуды Ұлттық Идеямыз ретінде ұсынды. Елбасымыз: “Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы”, – деп бекерден-бекер айтқан жоқ.

Өйткені, “Ел” сөзі – біздің дана халқымыз үшін қастерлі де қасиетті ұғым. Ел – халық сөзінің де, мемле­кет сөзінің де, ұлт сөзінің де баламасы болып табылатын көпмағыналы сөз. Өз заманында дүние-жүзі тарихында өшпес із қалдырып, Еуразия құр­лығындағы халықтардың тағдырларына зор әсер етіп, айбыны аспанды тітіреткен жаугер түркілер ел болуды халық ретінде бірігудің, мемлекет ретінде нығаюдың, ұлт ретінде ұлыланудың асқақ мұраты деп ұғынған. Сондықтан да Мәңгілік Ел ұғымын кейінгі ұрпақтарына ең басты аманаты етіп қалдырып, Күлтегін жазуында тасқа қашап, “Мингу Ел” деп жазып кеткен. Бұл ежелгі түркілерден тараған түрі де, тілі де ұқсас халықтарға ортақ сөздер, ортақ ұғым.

Ел деген ұғымның аясы өте кең. Ел басына күн туған “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” заманында үш жүздің әйгілі хандары мен билері, қолбасшылары мен батырлары Ордабасы тауының баурайына жиналып: “Бөлінгенді бөрі алады. Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін! Басымызды біріктіріп, бір Қазақ елі болайық!” – десіп, жоңғарларға қарсы бірлесіп, майданға шығып, Бұланты-Білеуті және Аңырақай шайқастарында жауды күйрете жеңгендігі тарихымыздан мәлім. Ұлан-ғайыр мемлекетті “кең-байтақ ел” дейміз, елге ерекше сыйлы адамдарды “ел ағасы”, “ел анасы” дейміз. Заман өзгерген өтпелі кезеңде тәуекелге бел буып, ел бастаған Тұңғыш Президентімізді ерекше құрмет тұтып, “Елбасы” деп атауымыз да сол ұлы ұғымнан бастау алған. “Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан” деген нақыл да “Ел” сөзінің бейбітшілікке үндейтін мағынасы да барлығын аңғартқандай.

Елбасымыз айтқандай, біз – сол ата-бабаларымыздың асыл арманын ақиқатқа айналдырып, Мәңгілік Елдің іргетасын қалаған ұрпақпыз. Бұл ретте біз бүгінгі өміріміздің тағы бір күмәнсіз шындығын ешқашан естен шығармай, ескере жүруіміз керек. Ол күмәнсіз шындық – Мәңгілік Елді біз жалғыз емес, тағдыр жазуымен дәмдес-тұздас, елдес болған миллиондаған бауырларымызбен – түрі бөлек болғанымен, тілегі бір басқа этностар өкілдерімен бірге құрып жатқандығымыз. Сондықтан да Мәңгілік Ел болу идеясы – Қазақстанды өз Отаным деп санайтын барша халқымызға ортақ Ұлттық Идеямыз, ортақ тарихи парызымыз.

Осы ретте Президентіміз биылғы Жолдауында: “Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн”, – деп атап көрсетті.

Мемлекетіміздің басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде де еліміздегі тіл саясатына тағы да назар аударып: “Болашақта бүкіл азаматтардың мемлекеттік тілді бі­­луі бізді бұрынғыдан бетер тең­дестіріп, бірлікті нығайта түсе­ді. Міне, ширек ғасырдан бері біз тіл саясатында айқын бағыт­пен келеміз – мемлекеттік тілді біртіндеп дамытудамыз және бү­кіл этностар тілдерінің дамуы үшін жағдайлар жасаудамыз”, – деп қадай айтты.

Елбасы ұстанған тіл саясатының кемелдігін біздің Қызылжар өңіріндегі өмір шындығы да көз жеткізе айғақтап беріп отыр. Айталық, кеңес өкіметі тұсындағы соңғы, 1990-1991 оқу жылында облыстағы қазақ балаларының небәрі 25 пайызы ғана өз ана тілінде білім алған болса, осы жөніндегі көрсеткіш еліміздің Тәуелсіздігі жылдарында біртіндеп өсіп, биылғы оқу жылында 65 пайыздан асты. Бұрын Петропавл қаласында қазақ тілінде білім беретін жалғыз-ақ облыстық мектеп-интернат бар еді, ал қазір облыс орталығындағы 40 мектептің 6-уы – таза қазақ тіліндегі, 15-і – аралас мектептер. Осының бәрі өзара түсіністікпен, өзара сыйластықпен, мемлекеттік тілге деген құрметпен, ешқандай ың-шыңсыз тындырылған игілікті істер екендігі сүйсінтпей қоймайды. Бәрі де салыстыру арқылы бағаланатындықтан, көршілес Көкшетау қаласында кеңес өкіметі тұсында жұмыс істеген 2 таза қазақ тіліндегі мектеп (облыстық мектеп-интернат пен пансион) саны әлі күнге сол қалпы қалғандығын, өзгелері аралас мектептерге айналдырылғанын айта кетсек, артық болмас.

Ал біздің Петропавлдағы ағайындар соңғы кезде тағы бір қазақ мектебін ашу мәселесін көтеріп жүргендігі аян. Алайда, дүниежүзін экономикалық дағдарыс толқыны шайқалтып, “көрпеге қарай көсілетін” заман қайтадан орнап тұрғандықтан, жаңа қазақ мектептерін, ең алдымен, облысымыздағы Новоишимка ауылы мен Тайынша қаласында салу керектігі сөзсіз. Өйткені, аталмыш елді мекендердегі 1991 жылы бұрынғы аудандық партия және атқару комитеттерінің тар ғимараттарында ашылған, әрқайсысы 110 орындық қазақ мектептерінде бүгінде оқушылар үш ауысым бойынша оқып жүр. Олардың тіпті спорт залдары да жоқ. Осы жөніндегі ата-аналардың талай жылдан бері айтып келе жатқан жанайқайлы өтінішіне облыс әкімі Самат Ескендіров құлақ асып, жаңа да үлкен мектептердің жобалық-сметалық құжаттамаларын жасатуға қаржы бөлгізіп, олардың құрылысын қаржыландыру жөнінде республикалық органдар алдында мәселе көтергендігінен хабардармыз. Бұл проблема алдағы жылдары оң шешімін тапса, Қызылжар өңірінде қазақ тілін одан әрі өркендету ісіне қосылатын зор үлес, елеулі жетістік болары сөзсіз.

Сондай-ақ, алдағы уақытта мүмкіндік болса, жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржыға шағын мектептер салу тәжірибесі жалғастырылса, игі болар еді. Бірақ, ондай мектептерді бұдан былай болашағы бұлыңғыр, бала саны аз елді мекендерге емес, бірінші кезекте Шал ақын ауданындағы Қаратал, Айыртау ауданындағы Бірлестік секілді оқушылары ескі де, тар мектептерге сыймай отырған, келешегі жарқын ауылдарда салған жөн деп білеміз.

Қазақ тілі біздің өңірде де Елбасы айтқандай, даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысына айнала бастағандығы да еш күмән туғызбауға тиіс. Мұны айғақтайтын жаңа үрдіс ретінде кейінгі жылдары жергілікті қазақтар ғана емес, ұлты басқа ата-аналар да өз балаларын қазақ мектептері мен балабақшаларына бере бастағандығын айтуға болады. Атап айтсақ, биылғы оқу жылында облыстағы қазақ мектептерінде ұлты басқа 329 бала қазақ тілінде білім алып жүр. Ал Петропавл қаласындағы сәбилерге қазақ және орыс тілдерін қатар үйрететін “Алтын бесік” балабақшасында бүгінде мектепке дейінгі тәлім-тәрбиемен қамтылған 320 бүлдіршіннің 75-і – басқа этностардың балалары. Осылайша олардың ата-аналары өз сәбилерінің мемлекеттік тілді біліп-өсуін қалайтындықтарын анық білдіріп отыр. Бұл жақсы бастама алдағы кезде жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді.

Тағы бір айта кететін жайт: қоғамымыздағы татулық пен бірлікті нығайту мақсатында облыстағы елді мекендер мен көшелердің атауларын өзгерту мәселесін абайлап, ақылмен, біртіндеп шешкеніміз абзал. Бұл бағытта осыған дейін атқарылған іс те, жинақталған тәжірибе де аз емес. Осы мәселе жөнінде 2010 жылы жарияланған мораторий Тәуелсіздік жылдары тындырылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы бағытты айқындауға, тиісті заңнаманы жетілдіруге мүмкіндік бергені кәміл. Енді Елбасы былтырғы қаңтар айында қол қойған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң талаптарын бұлжытпай басшылыққа алуымыз қажет. Онда елді мекендер мен көшелердің аттарын және басқа да атауларды ауыстыру кезінде тұрғылықты халықтың пікірі ескерілуі қажеттігі тайға таңба басқандай етіліп жазылған. Сондықтан, бұл мәселеде ешқандай қызбалыққа салынбауымыз, “артық қыламын деп тыртық қылып алудан” сақтануымыз керек. Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың мәліметіне сүйенсек, біздің облысымызда әлі күнге 85 көше – Ленин, 39 көше – Киров, 28 көше – Куйбышев, 25 көше – Карл Маркс, тағы 25 көше Калинин деп аталады екен. Міне, соларды өзгертіп, жаңа заманға лайықты жаңа атаулар беру қажеттігі жергілікті тұрғындар арасында дауталас тудыра қоймас деп ойлаймыз. Қайта атау беру жұмысының жаңа кезеңін, міне, солардан бастасақ, қателеспеспіз. Әрине, Петропавл қаласының іргесіндегі, Астана мен Омбы қалаларына баратын күре жолдың бойымен әрілі-берілі өткен жолаушылардың езулеріне күлкі үйіретін Чапаевское ауылының күні өткен атауын Болашақ деп өзгерту туралы заңды ұсынысты бұрынғы, төртінші шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаттары екі рет қарап, бекітпей тастағандығы сияқты жөнсіздікке енді жол бермеуіміз керек. Мамлют ауданындағы Ленин ауылының атауын өзгерту мәселесін де бірнеше рет қарап, “Күнкөсем” есімін ауыстырарлықтай жаңа атау таба алмаған ағайындар да мықтап ойланатын кез жеткені даусыз.

Міне, осындай бүгінгі күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселелердің бәрін қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ат төбеліндей азшылықтың емес, қалың ормандай көпшіліктің пікірі мен қолдауына сүйеніп, ың-шыңсыз шешкеніміз жөн. Бұл ретте “буынсыз жерге пышақ ұратын” көзсіздікке ұрынудың, асығып-аптығудың еш қисыны жоқтығын да өзіміз бел ортасында болған өмір тәжірибесі талай мәрте көзімізге түрткендей етіп көрсетіп бергендігін ұмытуға хақымыз жоқ. Осы орайда Елбасымыздың “Қазақстан – 2050” Стратегиясында: “Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт. Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды. Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз”, – деген аталы сөздерін жадымызда ұстауға тиіспіз.

Елбасы айтқандай, біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Кейбір көршілес, тағдырлас елдерде аяқ астынан тұтанып жатқан қауіпті оттың жел ұшыратын ұшқынын өз ортамызға түсіріп алудан абай болайық! Сондықтан да осынау қилы заманда ел бірлігін, халық бірлігін көзіміздің қарашығындай сақтау – әрқайсымыздың ең басты азаматтық борышымыз, Мәңгілік Ел болуды армандап өткен ата-бабаларымыздың рухы алдындағы ең асыл парызымыз екендігін ұмытпайық!

Кәрібай МҰСЫРМАН, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,

Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық

  филиалының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp