Жылда жер аяғы кеңіген кезде туған жерге барып тұратыным бар. Ол – Жаңажол ауылы.
Бір кезде Жаңажол түтіні түзу ұшқан үлкен ауыл еді. Алғаш Жамбыл колхозы, соңынан Семиполка МТС-інің, кейін “Бұлақ” мал бордақылау кеңшарының бір бөлімшесі, кеңшардың орталығы болды.
Ауыл айтарлықтай көркейіп қалып еді. Баяғы біз көрген шым үйлер, талдан тоқылып, іргесі қимен толтырылып, балшықпен сыланатын, төбесіне де балшық төселген, жаздың күні жап-жасыл қурай өсіп тұратын бірде-бір үй қалмай, ақ шаңқан, әдемі қоныстар қатар түзеді. Әр үйдің қорасы малға, үй іші жанға толып, бір-бір темір тұлпар есік алдында тұратынды. Бала-шағалар түрлене киініп, сайдың арғы бетіндегі көпқабатты онжылдық мектепке беттеп бара жататын.
Бүгінде, ауыл үйдің қатары әр жерден кетіліп, селдіреп қалды ғой. Кеңшар таратылып, мың-мыңдаған төрт түлік мал, жүз-жүздеген әртүрлі техника тоқырау жылдары көзден ғайып болды. Ұшы-қиырына көз жетпейтін егін алқаптары теңіз түбіне кет-кендей, тып-тыныш күйге түскен кез де болды. Әйтеуір, бірен-саран атқамінерлер табылып, құнарлы деген жерлер мен шабындықты, қалған-құтқан ескі техникаларды бөлісіп алып, ауылда қалған жандарға жұмыс беріп, нәпақа тапқызып отыр. Ауылдың қазіргі жай-күйі осындай.
Туған жер ғой, толғанасың, алыста жүргенде еске алып, сағынасың. Ауылда қалған ағайындарға сәлем беріп, өмірден өткен аруақтарға бата қылу – бүгінгі тірі жүргендерге бір парыз.
Зират ішін аралап жүріп, көз көрген кәрілердің бейітіне дұға оқып, бата қылу, оларды бір сәт еске алып, бет сипау, әдетімізге айналды.
Әкем Шаяхмет (Шаян – жеңгелері қойған аты екен) 94 жасында дүние салды. 1941 жылы, ағасы Сұлтан екеуі де соғысқа алынған. Ағасы хабар-ошарсыз кетіп, өзі аяғынан ауыр жараланып, елге оралған екен. Алғаш ішкі істер бөлімінде, кейіннен Куприяновка астық қабылдау кәсіпорнында меңгеруші, содан сауда орындарында көп жыл істеген кісі.
Оның отырған жері күлкі болатын. Көрші-көлемдегі келіндерге де өзінше ат қойып алатын. Беті қызыл, доп-домалақ, бойы тапалына “помидор келін”, бойы ұзындарына “ұзын тұра”, көзі бадырайған бір келінге “екі көзі автомобильдің фарындай келін”, – деп күлдіретін еді. Тегінде, жас кезінде жеңгелері сондай қыршаңқы, шаяндай шағып алатын сөздеріне қарай жетім балаға “Шаян” атын берсе керек. Қартайған шағында “Мен өлсем, сүйегіме түсетіндер”, – деп тізім жасайды екен. Бұл тізімге іліккендер, Алланың жазуы болар, бірінен соң бірі ол дүниелік бола берсе керек. Бірде нағашым Шұғайып қонаққа келіп отырғанда: “Сені менің сүйегіме түсетін кісілердің бірі етіп жазайын”, – дейді. Мұны естіген нағашым “Алла сақтасын, жаза көрмеші”, – деп жалынады. “Неге қорқасың? Жазып қоям, осыдан түспей көр”, – дейді әкем. Содан, ренжіген болуы керек, нағашым көпке дейін біздің үйге қатынамай қойған екен. Одан басқа да көптеген қылықтарын еске алып, отырған жерде біраз күліп алатын едік. Марқұмның топырағы торқа болсын, еске алғанда, аруағы бір аунап түсетін шығар-ау.
Ауылдас Шекен деген кісімен соғыста бірге болған екен. Екеуі жастайынан кереметтей жолдас болған көрінеді. Бірде немістер огнеметтен атқылап, Шекеннің шекпені лаулап жана бастайды. Әкем от пен оқтың астында жүріп, өз шекпенін шешіп, жанып жүріп жерге етбетінен құлаған жаралы жолдасының үстіне жауып, отты сөндіріпті. Немістер қоян-қолтық ұрыстан жеңіліп, кейін шегініп кеткен соң, әкем жолдасының жарасын таңып, қолтығынан сүйеп, санчастьқа жеткізіп салса керек. Шекен атай бұл оқиғаны өле-өлгенше әлденеше рет айтып: “Өлімнен алып қалдың, қарыздармын”, – деп жүретін.
Еңгезердей алып денелі ақжарқын Шекен атай терең ойдың, ақыл-нақылдың қайнар көзіндей еді ғой. Отырған жерінде жастарға ақыл айтып, өзі тұстас кәрі-құртаңға шариғат, шежіре, ақын-жыраулардың айтқан әңгімелерін айтып, ауыл адамдарының алғысын алып, аузына қаратып отыратын кісі еді, жарықтық. Ол да тоқсаннан асып, ол дүниелік болды. Әкем 1943 жылы жараланып, алты айдай госпитальда емделіп, аяғындағы, жамбасындағы бомбы жарықшақтарынан “Ақсақ Шаян” атанып елге оралған екен. Шешем Шайзат соғыс кезінде темір доңғалақты “колесный” тракторын мініп, ұжымшарға қолғабыс жасаған. Екеуі алты бала өсіріп, оқытып, жеткізген. Оларды еске алып, дұға оқып жүреміз.
Әлі есімде, ауылда Төлеген мен Мәркеш деген ерлі-зайыпты көршілес кісілер тұрды. Бір қора, жүзге жуық сауын сиыр болатын. Сауылған сүтті үлкен қол сүт айырғыштан өткізіп, май-қаймағын аудан орталығына апаратын.
Сол Төкең бірде Ғалым Малдыбаевпен әлденеге келіспей, жүз шайысып қалыпты. Мұны естіген әкем “Мен сендерді татуластырайын”, – деп арбамен Есіл өзенінен өтіп, арғы беттегі Ленин ауылында тұратын Ғалымның үйіне барғанымыз бар. Мен ат айдаушы, ол кезде бесінші сыныпта оқимын. Есік алдында жүріп, нендей әңгіме өрбігенінен хабарсызбын. Әйтеуір, ет асып, қарсы алған жаны жайсаң ақынмен Төкең татуласып, құшақтасып қоштасқандары әлі күнге көз алдымда. Ойлап отырсам, ол да бір өмірдің қызық кезеңдері екен. Тіршілікте не болмайды, бірлікке, татулыққа не жетсін! Сол кісілер де өмірден өтті.
Биқан деген кісі колхоз жылқышысы болды. Әйелі Ықыш бие сауады. Жаз бойы жайлаудағы киіз үйде тұратын. Жас бала кезімізде қолдарынан қымыз ішкенбіз. Қымыздары қандай, балдай еді ғой. Ықыш әжей сондай көпшіл, ақкөңіл кісі. Киіз үйге кім келсе де, қымызымен қоса, бауырсақ пен сары майын алдына қоятын. Көпшіліктің ақ алғысын алған әжей жүз алтыға келіп көз жұмды, жарықтық. Жүзге келгенше, ине-жіпті көзілдіріксіз сабақтап, іс тігіп, жамау жамап отырушы еді. Әлі есімде, бір күні Биқан ата әкеме келіп: “Көзімнің тірісінде, өзіме құлпытас құйып берші”, – деп қолқа салды. Әкем екеуміз үйдің іргетасын құйып жатқанбыз. Әкей күліп, “Ескерткіш тасты тірі кісіге қалай құяды, қойшы қалжыңдамай”, – деп еді, болмады. “Ертең қандай заман болады? Қолда барда құйдырып қояйын. Өлер жылымды жазбай-ақ қой, туған жылымды өзің білесің. Тіршілігімді тілеп тұра берсін”, – деп қолқалап қоймады. Шын айтып отырған соң, Бие-кеңнің өтінішін қалай орындамасын, әкем еріксіз бас изеген еді. Сол тас Биекеңнің алпысында құйылып, жиырма жылдай шошалада жабулы тұрды ғой. Еске алсаң, ол да бір қызық, күлкілі кезеңдер еді.
Сол Биекеңдермен бірге істеген, кеңшардың жылқышысы болған Қауқа деген кісі болды. “Еңбек түбі – зейнет” дегендей, ұжымшардың екі жүздей жылқысын бәлен жыл бағып, жүз биеден бір жылы сексендей құлын алып, ауыл шаруашылығының үздігі ретінде Бүкілодақтық көрмеге жолдама алып, Мәскеуге барған алғашқы да, соңғы да кісі болды. Одан келгенде, үйінде де қуанышты хабар күтіп тұр екен, әйелі босанып ұл туған, атын содан Мәскеу қойған екен. Қазір Қауқа да жоқ, баласы Мәскеу де жоқ, олар да өтті дүниеден.
Ұжымшарға еңбегі сіңген адамдардың бірі Қази деген кісі. Пар атты ұзын бірішке арбаға жегіп алып, ала жаздан қар түскенше отыз шақырым МТС-тан жанар-жағармай таситын еді. Өзінің бір көзі кем. Қандай, төбені тесер жаздың ыстық аптап күндерінде де аяғынан тозығы жеткен саптаулы май сіңген қара етігі, үстінен жамау-жамау шапаны, басынан май мен тер сіңген қара елтірі бөрігі түспейтін еді. Ұзын арбаның үстінде темір құрсау төрт бөшке, арбаның белдеуінде қара шәугімі, май сіңген ала дорбасы салбырап жүретін. Таң сәріден МТС-қа барарда бос аттарын желдіртіп, қайтарда жағармай базасынан солярка, май толтырып, ағаш тығындарын шүберекпен орап, қайта-қайта балтамен ұрғылап алып, аттарын қинамай, өгіз аяңмен ауылға қайтатын еді. Отыз шақырымдай жердегі МТС-тан орта жолда бір демалатын әдеті. Тоқтайтын жері – қалың ағаштың бауыры. Аттарын тұсап, өзі шәугіміне шәй қайнатып, қоп-қою қара шәйді сораптап, асықпай терлеп-тепшіп ішіп отырар еді. Мұны жақсы білетінім, ол кезде біз МТС орталығы – Семиполка селосында тұратын едік. Жазғы демалыста, бала болған соң, ауылды сағынасың, өзің теңдес балалармен ойнау, күні бойы Есілдің құмқайрағында суға түсіп, құмға аунау, тоғайдан қара қарақат, мойылбас теріп жеп, балалармен балық аулау, сөйтіп құмарыңды қандыру балалық шағымның ең бір ұмытылмас бақытты кезі еді. Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырғаным, кей-кейде біздің үйден шәй ішіп аттанатын Қазекеңнің арбасына қарамай шелектей жабысып, ауылға баратынмын.
Ауылда әкемнің ағасы Сұлтанның жесірі Көкия апам, балалары Ақбала, Ақажан бар. Олар менен төрт-бес жас үлкенді. Мені құшақтап, сүйіп, еркелетіп қарсы алатын еді. Ауылда не электр жарығы, не радио деген жоқ. Кешкілік есік алдына бала-шағалар жиналады. Доп ойнап, күресіп, тығылмақ ойнап, бір-бірімізді қуып жүгіреміз. Мұны қызық көріп көрші-көлемнен жесір әйелдер де келіп отырады. Ауылдағы атқамінерлер некен-саяқ. Көбі жесір әйелдер, жетім қалған балалар. Киімдері жұпыны, қырық жамау. Бұл соғыс біткелі он шақты жыл болса да, әлі түзелмеген ауыл тіршілігі болатын. Әйелдердің әңгімелері әлі де сол сұм соғыстың зардабы жайында. Екі баламен жесір қалған Көкия апам, үш баламен қалған Хадиша деген әйел және басқалары бар, жиі жиналып, соғыстан қайтпаған күйеулерін жоқтап, көздеріне мөлтілдеп жиналған жастарын бізге білдірмей сүртіп алатын еді. Қанша жыл өтсе де қайғырып, қабырғалары қайысып, есіл ерлерін еске алып отыратын аналар-ай, десеңші! Бірде Көкия апам: “Сен орысша оқисың ғой, хат жазуды білесің, Сұлтан атаңның не өлі, не тірісін біліп берсеңші”, – дегені әлі есімде. Ол кезде мен он-он бір жастағы кезім, хатты қалай, қайда жазуды қайдан білейін. Сонда да келіскендей бас изеймін. Дегенмен де, сол бір өтініш есімнен кетпей қойған. Есейе келе, әркімнен сұрап, біліп, хат жаздым. Бірер ай өткен соң Мәскеудің соғыс мұрағатынан келген хаттың бір нұсқасын ауданнан әдейі әкеліп берген офицер: “Москваға жазбай-ақ, бізге жолықсаңдар да болатын еді, жауабын беретін едік қой”, – деп кетті. Хатта “Хабарсыз кеткендердің қатарында өлді деген мәлімет жоқ”, – делінген екен. Мұны естіген Көкия апам да, балалары Ақбала мен Ақажан да қуанып қалды. Үміттерін үзбей, бүгін бе, ертең бе келіп қалатындай көріп жүрді. Солай, қырық жыл өтсе де, қосағынан айрылған аққудай жан жарын, балалары әкесін жоқтап, қайғырумен күтіп жүрді. Өзіміз көзіміз көрген Көкиядай көптеген апаларымыз жесір қалып, қиындыққа мойымай күн кешкен, жетім қалған балаларын өсіріп, оқытып үй қылған аналарға қолдан келсе алтынмен аптап, күміспен қаптап, мәңгілік естен кетпес ескерткіш қойсақ та, артық емес. Олар махаббатты, адамдықты, адалдықты ардақтап, арларына кір келтірмей, кейінгілерге үлгі болған адамдар, ару аналар еді ғой. Көкия апайдың қайғы-қасіретіне, ұлы Ақажанның кеңес үкіметі кезінде еңбек озаты болып, жалындап жанып тұрған, тепсе темір үзетін дер кезінде апатқа ұшырап, қырыққа да толмай қыршын кеткен қайғысы қосылып, күні-түні уайымдаумен өмірден өтті. Өкінішке толы өмір-ай, десеңші!
Ауылда Алтыншаш пен Мәлике деген екі кемпір тұрды. Бойлары бірі үлкен, екіншісі кіші болған соң, ауыл адамдары Алтыншашты “Үлкен кемпір”, Мәликені “Кішкене кемпір” дейтін еді. Екеуі абысындар, шым үйде бірге тұратын. Күйеулері де, балалары да соғыстан оралмады. Өле-өлгенше үміттерін үзбей, “Бірі болмаса, бірі аман оралар”, – деп жүрді.
Әлі есімде, 55-56-шы жылдардың қарлы, боранды қыстың күні болатын. Ауылға күзде көшіп келгенбіз. Дәл сол жылы қыс айтарлықтай қатты болар ма. Қатарынан бірнеше күн, алай-түлей, толассыз түтеген жынды бораннан көз аша алмадық. Ауыл үй арасы тау-тау қарға толып, көшедегі жол түгілі, көрші-көлемге де қатынаса алмай қалған күндер болды. Екі-үш күннен кейін, боран басылған соң, есік алдын, қора-қопсыны қардан аршып әуре-сарсаңға түстік. Әкем үйге кіріп, тізе бүгіп отырды да, тершіген маңдайын мала-қайымен сүртіп: “Балам, ана бишара екі кемпірдің үйін қар басып, көрінбей қалыпты, барып аршып, тазалайық”, – деді. Қолға күрек алып, ауыл-үйдің балаларын жиып, Мәнап, Нәкен, Сәкен, мен болып, қар астында қалған үйдің есігі осы тұста-ау деген жерінен бастап қалың қарды күрей бастадық. Тал түстен қас қарайғанша күреп, ішке ендік. Қап-қараңғы үйдің ішіне май шам жағып қарасақ, екі бұрышта бүрісіп, оранып-қымтанып, шығар-шықпас жаны бар, әлсіз ғана ыңырсып жатқан кейуаналарды көрдік. Отын тасып, от жағып, алдымен үйді жылыттық, терезенің де қарын аршып, күнгірт болса да жарық сәуле кіргізген болдық. Сөйтіп, оларды ажалдан аман алып қалдық. Кейін, ағайын-туыстарының қолына көшіп, өмірлерін өткізді. Отағасылары да, балалары да соғыстан қайтпады. Қайран қария, ару аналар-ай, өле-өлгенше үміттерін үзбей, олар да өтті бұл дүниеден.
Зират ішін аралап жүріп, әрбір жермен-жексен болған төмпешікке, әрбір құлпытасқа қарап, көп ойланып, толғанып, өткен күндерді еске алып тұрасың. Қазір көзі тіріден қалған Қайырбек атай ғана. Ол да сексеннің сеңгіріне келіп қалды, кәрілікке алдырмай, арамызда көненің кәрі куәсіндей жүре берсе екен деп тілейміз. Мұның бәрін көріп өскен өзіміз де жетпіске келіп, жар жиегіне жақындап қалдық. Өтпелі өмірдің өткелінен өткен, көз көрген асыл қарияларды еске алып, келер ұрпақ қазіргі жастардың да бірі білсе, бірі біле бермейтін ауыл адамдарының тыныс-тіршілігінің кейбір тұстарынан хабардар болсын, өмірден өткен аруақтарға қол жайып, бет сипап, дұға оқытып жүрсін деген ниетпен қолыма қалам алып едім.
Амантай ШАХАНОВ,
зейнеткер.
Бескөл ауылы.