Мен облыстық теледидарда қырық жылға тарта қызмет атқарғанымда Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен жүздеген сұхбат жүргізсем де, әкеммен бірде-бір әңгіме өткізбеппін. Мұны ыңғайсыз көріп, бір әріптесімнен өтінген едім. Жеңіс күніне арналған сол әңгімеде әкем жай ғана: “Мен Мамлютов Гариф Абдуллович, старшина, бөлімше командирі болдым”, деді.
Толқып кеткендіктен, дауысы баяу естілді. Осыған әлі күнге дейін өкінемін. Біздің студияның өзім жасаған майдан жайындағы бай мұрағатында әкем туралы бар болғаны әлгі сөздер қалыпты. Енді, әкем жайлы білгендерімді айтуға оқталып отырмын…
…Біздің арғы атамыз – Маулют Валгузин қоныс тебетін жер іздеп, 1786 жылы Қазан губерниясынан ескі Сібір жолымен шығысқа аттанады. Сол сапарында Петропавлдан қырық шақырым жерге келгенде ақ қайыңды, мөлдір сулы көлдерді көріп, өзіне ұнаған соң, ат басын іркеді. Оған ілесе Волга бойынан өзге туыстары, жерсіз шаруалар келіп, ағаштан үй сала бастайды да, бұл қоныс “Маулют ауылы” атанып кетіпті.
Менің атам Абдулла Мамлютканың іргетасын қалаған кісінің бесінші ұрпағы болып табылады. Суфия әжем мен атам Гарифулла, Шарифулла, Миннулла деген үш ұл және Сарби есімді бір қыз өсіріпті.
1938 жылы әкем Гарифулла Мамлютов Қиыр Шығыстағы Хасан көлінің маңында жапон әскерлерімен соғысқа қатысып, жарақаттанған соң үйге оралады. Сержант Мамлютов сол соғыста көрсеткен ерлігі үшін полк командирінен алғыс хат алған екен, сондықтан оны туған жерінде нағыз қаһарман деп құрметтейді.
Көп ұзамай ол өзінің болашақ жары, көрші Становое ауылында туған Бибикамалмен табысады. Оның үш жасында, казактарды жер аударған кезде, әкесін де тұтқындаған екен. Сөйтіп, көп ұзамай шешесі де қайтыс болған балдырған әуелі Становоеда, кейін Мамлюткада туыстарының қолында қалыпты.
Екі жас отау құрып, Петропавлда оларға темір жол маңындағы барақтардың бірінен бір бөлме тиеді. Гарифулла милицияның темір жол бөлімшесінде қызмет істесе, келіншегі жолаушы вагондарының жол серігі болады.
1941 жылдың 9 маусымында тұңғыштары Равиль туады. Ал әкем 1942 жылдың қаңтарында майданға аттанады. Алайда, Волгадан өте бергенде эшелонды неміс ұшақтары аспаннан бомбылап, тас-талқанын шығарады. Жауынгерлердің көбі жау шебіне жетпестен, осы жерде жан тапсырады. Ат төбеліндей аман қалғандардың бірі әкем, соғыстың соңғы оғы атылғанша майданда болған.
Минометшілер бөлімшесінің командирі Гарифулла Мамлютов Днепрді кешіп өткен, Киевті, Бессарабияны, Румынияны, Венгрияны азат етуге қатысқан. Осы шайқастардағы ерліктері үшін “Отан соғысы” орденімен, “Ерлігі үшін”, “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін” және басқа да медальдармен марапатталған.
Әкем соғыстан кейін милицияға қызметке жіберіледі. Бірақ, көп ұзамай, өзінің тілеуі бойынша локомотив депосына ауысады. Жасыратын несі бар, НКВД-ның тегершігі шыр айналып, өзінің халқынан жау іздеп, соғыстан келгендерді де аямаған. Сол жылдары Петропавл қаласы сотталғандардың мекені болған екен. Мұнда Қиыр Шығыстан корейлер, батыстан немістер, поляктар, түстіктен шешендер, ингуштар зорлықпен жер аударылып келген. Мен оқыған 31-ші мектепте қоныс аударылған ленинградтықтар, киевтіктер, мәскеуліктер сабақтар берген. Бірақ біз олардың тағдырларына бойлай қоймаппыз…
… Елуінші жылдардың басында әке-шешеміз Жұмысшы кентінде үй салып алды. Күндіз-түні өтіп жататын пойыздардың арсыл-гүрсілінен арылмайтын, баяғы жалғыз терезелі барақ емес, мына үйіміз хан сарайындай болды.
Он саусағынан өнер тамған анам бізді мерекелерге өз қолымен, арнайы тіккен киімдермен қуантатын. Өйткені, ол кездері мата да, киімдер де қымбат әрі қолға түсе бермейтін.
Біз бес баламыз, бәріміз де мектепте оқимыз. 1962 жылы менің он бес жасымда анам дүниеден өтті. Кенжесі төрт жаста ғана еді. Көзін жұмардың алдында: “Сен есейіп қалдың, бауырларыңа бас-көз бол”, – деді.
Әкемнің көзіне жас алғанын, бізге көрсетпейін десе де, байқап қалдым. Қырық жасында, бес баламен қалды. Бірақ майдан қайсар етіп шынықтырған жауынгер бұл қиындықты мойымай көтерді. Көршілер бізді балалар үйіне тапсыруға кеңес беріпті. Ал туыстары Мамлюткаға шақырыпты. Алайда, әкем жігерін жасытпады. Әке орнына әке, ана орнына ана болып, бізді жетілдірді. Сол үшін әкеме мәңгілік басымды иіп, тағзым етемін!
Бір күні ол үйге бір әйелді ертіп келіп:
– Мария Сергеевна, сендерге шеше болады! – деді.
Өгей шеше? Шошып кеттік. Кітаптардан өгей шешелер жайында оқығанымыз бар ғой. Оны әкемнің достары таныстырыпты. Ал әйелдің туыстары: “Бес баланың үстіне барасың ба?!” – деп райынан қайтармақ болыпты.
Ол ерте жесір қалыпты. Бала көтермеген.
Бақытымызға қарай, қайырымды екен, бізді өгейсінбей, бауырына басты.
Бізден бала сүйіп, асыл әже болды. Ол да соғыс зардабын тартқан екен. Петропавлдағы соғыс мүгедектерінің асханасында еңбек еткен жиырма жасар Мария Билюкова өз еркімен майданға аттаныпты.
1944 жылы Петропавлдан Сталинград майданына бет түзеген №126 әскери-санитарлық пойызымен аспаз әрі санитар Мария Билюкова соғыска барып, туған қаласына Жеңіс күнінен кейін оралыпты.
Әкеміз екеуі ширек ғасыр бақытты ғұмыр кешті. Мария анамыз да өмірден өтіп, әкем жалғыз қалғандай болды. Балаларды жеткізді, немере-жиен сүйді. Біз оны жалғызсыратпауға тырыстық.
Тағдырдың жазуы солай шығар, ол 1991 жылы Жеңіс күні мерекесі тойланып жатқанда мәңгілік сапарға аттанды.
Біз, балалары, әкеміз жатқан ауруханадан шығып келе жатқанда Петропавл аспанында Жеңіс күнінің құрметіне мерекелік отшашу жарқырап, атылып тұрды. Бірақ әкеміз оны ести алмады…
Раиса БИКМУХАМЕТОВА.