«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕР ӘЙЕЛДЕРМЕН КЕЛЕЛІ ӘҢГІМЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар ауданының орталығындағы “Парасат” мектеп-лицейінде “дөңгелек үстел” ұйымдастырылды. Республикалық әйелдер көшбасшылығы мектебі жобасының аясында өткен іс-шара “Бизнестегі жаңа мүмкіндіктер мен инновациялар – кәсіпкер әйелдерді экономикалық жағынан ілгерілету” тақырыбында өрбіді. 

Басқосуда алдымен Қызылжар ауданының әкімі Еркебұлан Каменов сөз сөйлеп, қыз-келіншектердің қоғамдағы рөліне тоқталып өтті. Сондай-ақ, аталмыш іс-шараның маңыздылығын тілге тиек ете отыра, кәсіпкер әйелдерге мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау Елбасының сындарлы саясаты екенін әңгімеге арқау етті.

“Дөңгелек үстел” басындағы дидарласуда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Қазақстан кәсіпкер әйелдер одағы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меруерт Қазбекова өз ісін дөңгелетіп отырған нәзік жандардың бүгінгі таңда қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды.  

– Заман талабына сай өмір сүру – жазылмаған заңдылық. Осы ретте, әсіресе, қыз-келіншектер жағының мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктерді мүлт жібермей, оңтайлы пайдаланып, өзіне, отбасына, қоғамға пайда тигізіп отырғандығына күнделікті көз жеткізіп жүрміз. Біздің бүгінгі бас қосуымыздың өзі осыған дәлел бола алады. Әйел адам қандай жұмысты бастаса да оған асқан жауапкершілікпен қарап, оны дамыту үшін қолынан келгеннің барлығын істейді. Бірақ, қалай болғанда да әйел адамның ең бірінші парызы, міндеті бала сүю, отбасы берекесін кіргізу екендігін де ұмытпаған жөн. Міне, бұл – еңбекке бастайтын жолдың бірінші баспалдағы. Әйел адам қайратты да қажырлы. Олар бала да бағады, үй тірлігін де істейді және саясатқа араласып, қоғамдық жұмыстардан да сырт қалмайды. Тек жан-жақты жағдай жасалса болды, – деді Меруерт Айтқажықызы.

Басқосуда “Кәсіпкерлік істе жаңа технологияны пайдалану”, “Кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік жолдары” деген тақырыптар төңірегінде хабарламалар жасалды.

Кәсіпкер әйелдер Меруерт Айтқажықызымен емен-жарқын әңгімелесіп, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp