«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МАЙДАНГЕРДІҢ ҚЫЗЫМЫН” ДЕП МАҚТАНАМЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеңес жауынгерлерінің асқан ерлігін, бауырлас халықтардың Отан қорғаудағы жанқиярлығын әлемге паш еткен Ұлы Жеңісті айтқанда осы күнге жеткізген майдангерлерді еске алмай отыра алмаймыз. Осылардың ішінде менің әкем Ғазез Қамытбаев пен оның інісі Қалихан да бар.

Әкем соғыс басталғанда жиырма жеті жастағы тепсе, темір үзетін жігіт екен. Әскерге 1942 жылдың ақпанында шақырылып, жауынгерлерді әуе шабуылынан қорғайтын №223 зенитка-артиллерия полкының қатардағы атқышы болады.

Ол майдан жолын бастағанда немістер басып алуға, сөйтіп Кавказ бен Орта Азияның мұнайлы өңірлеріне тура жол ашуға ұмтылған маңызды стратегиялық шеп – Сталинград қаласын қоршаудан босатуға қатысады.

1988 жылы жетпіс төрт жасында өмірден өткенге дейін әкем өзінің майдан даласында басынан кешкен шайқастары жайында ауылдастарына, отбасымызға, газет тілшілеріне әңгімелер айтатын. Оның сондай бір әңгімесі – Сталинградты қоршаудан азат ету жолындағы ұрыс жайлы. Ол әңгіме 1942 жылдың жазғы аптабында осы қала маңындағы Котельниково деген темір жол стансасының түбінде болған шайқас туралы.

Аспанды неміс ұшақтары қарақұстай торлап, біздің жаяу әскерлерге бомбылар тастайды. Биіктен құлдилаған “Мессер-шмидтер” өздерін емін-еркін сезініп, стансаны ойрандамақ болады. Оларға біздің зеңбіректеріміздің жаудырған снарядтары жете қоймайды.

Осы кезде оларға біздің ұшақтар қарсы әрекет жасап, екіжақты ұрыс үстінде “Мессершмидтер” снарядтар жетер тұсқа төмендейді. Осыны күткендей, әкей командирдің бұйрығымен жау ұшағын дәл көздеп, атып түсіреді. Оның серіктері атқылаған снарядтар тағы екі ұшақты өртеп жібереді.

Келесі күні қайткенде де, Котельниково стансасын басып алуға жанталасқан немістер аспаннан ұшақтармен, жерден танктермен шабуылды өршітеді. Бірақ жан алысып, жан беріскен шайқаста біздің зеңбірекшілер немістің төрт ұшағын атып түсіреді.

Алайда, жау ұшағы тастаған бомбы жақын жерге түсіп, үшінші және төртінші батареялар, адам шығыны болғандықтан, қарсыласа алмай қалады. Осы сәтте әкем де есінен танып, топырақ көміп тастаған екен.

Осы шайқаста жараланған ол госпитальда емделіп, соғыс ұрыстарына қайта кіріседі.

1944 жылдың 16 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының №33848 Жарлығымен “Сталинградты қорғағаны үшін” медалімен және Сталиннің Алғыс хатымен марапатталады.

1944 жылдың 22 ақпанында “Перекоп мойнағы” түбінде неміс әскерлерінің қорғанысын бұзғаны үшін әкем соғысқан құрылым “Перекоп дивизиясы” деп аталады. Асқан ерлікпен жаудың қарсылығын тойтарып, оны өкшелей қуған біздің әскерлермен бірге бұл дивизия Праганы азат етуге кіріседі. Одан соң Венгрияның аумағын жаудан азат ету міндеті алға қойылады. Осы шайқастарда көрсеткен қаһармандығы үшін дивизия әскерлері жауынгерлік марапаттарға ие болады. Осындай ұрыстарда көрсеткен ерліктері үшін сол сапта әкем Ғ. Қамытбаев та ІІІ дәрежелі “Даңқ”, ІІ дәрежелі “Отан соғысы”, “Қызыл Жұлдыз” ордендерін және бірнеше медальдар иеленеді.

Ол туған жерге 1945 жылдың 30 қыркүйегінде оралып, бейбіт еңбекке кіріседі. Механизатор, малшы болып, зайыбы Мәмиламен бірге екі ұл, үш қыз тәрбиеледі.

Ал, әкемнің інісі Қалихан Қиыр Шығыстағы Приморье өлкесінде шекарашы болған. Сексен жасқа келіп өмірден озды.

Бүгінде өзім де шау тартып, кейінгі жастарға ақылшы болып отырмын. Жалғыз менің ғана емес, көптеген жарандардың жақындары мен туыс-туғандары ел басына түскен қиындықты мойымай көтеріп, Отанды зұлым жаудан қорғауда бастарына түскен қауіптен жалтармастан, ерлік көрсетті. Сондықтан біз осы майдангерлерді ардақтап, оларға тағзым етуге тиіспіз.

Мақуза ӨТЕГЕНОВА,

зейнеткер.

Уәлиханов ауданы,

Бидайық ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp