«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАРШАЛДЫ КҮЗЕТКЕН ХАМИТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

…Ленинград, Волхов майдандарында соғысқа кіріп, талай арпалысты басынан өткізіп, 1946 жылы үйіне мүгедек болып оралған Хамит Төлемісов – Отан үшін от кешкен майдангерлердің бірі. Омбы облысының Одесса ауданындағы Қаржас деген ауылда 1921 жылы дүниеге келіп, жастық шақтың қызығына тоймай жүрген шағында әскерге алынып, өзі сияқты талай қаракөз ұландармен бірге батысқа бет алғанда сұрапыл күндер мен түндерді басынан өткізетіні ойына келді дейсің бе? Мұрнына әлі дәрінің иісі бара қоймаған бозбала бұған дейін 1939-1940 жылдары Новосібір облысының Кыштовск ауданына қарасты Москалевка деревнясында бастауыш мектепте жұмыс істеді. Сосын Петропавлдағы жетіжылдық мектепте мұғалімдер даярлайтын 10 айлық курсты бітіріп, 1941 жылдың желтоқсан айына дейін Қызылту ауданындағы Ленин орта мектебінде орыс тілінен сабақ берді.

1942 жылы қақаған қаңтар айында майдан даласына келгенде Хамит алдымен Татарск қаласындағы 6-шы запастағы полкке түсті. Сонда пулеметшілер эскадронында болды.

“Біздің кавалерлік полктің командирі, подполковник Ракитин еді. Оның орынбасары – майор Воронов, шаруашылық жөніндегі орынбасары – майор Адаховский, саяси бөлім бастығы – майор Тимошенко. Осы полкте бізді шілде айына дейін үйретті. Шілдеде училищеге бармай, соғысқа сұранып кеттім”, делініпті Хамит ақсақалдың өз қолымен жазылған сарғайған дәптерінде. Сол полкте бірге болған Рашат Орынбаев, Қанапия Әбдікенов, Нұрман Оразақов, Қасым Бояубаев сияқты жігіттермен қимай қоштасты. Тағдырдың жазуы шығар, училищеде қалған сол жолдастарының бәрі кейін майданға аттанып, қанды шайқастардан оралмады.

Не болса да тәуекел деп, соғысқа өзі сұранған Хамит Ленинградтағы Волхов майданының өтінде тұрған 64-ші гвардиялық дивизия бөлімдерінің біріне алынды. Майдан қолбасшысы, маршал Кирилл Мерецков, соғыс кеңесінің мүшелері Лев Мехлис, Климент Ворошилов болатын. Бұл түскен ротаның жігіттері кезектесіп осы қолбасшылар ас ішетін шатырды күзетеді екен. Хамит те бірнеше мәрте мәртебелі күзетте болды. Мерецков ірі денелі, жирен кісі, Мехлис одан да зор. Ал Ворошилов – аласалау келген, бір жерде көп тұрақтап тұра алмайтын қунақы адам. Қатардағы жауынгер үшін бүкіл майданның тағдырына жауап беретін сардарды күзету үлкен жауапкершілік еді. Хамит мұны жақсы сезінді.

1943 жылы қаңтар айында Кирилл Мерецков Волхов майданына қолбасшылық жасай отырып, Ленинград майданымен бірге Ленинград құрсауын бұзу операциясын ойдағыдай жүргізді.

“Желтоқсан айы түгел әскердің қызу даярлығына кетті. Командалық құрам жиі бас қосты. Командалық-штабтық жаттығулар өтті. Бірқатар бөлімшелер жаттығу қалашықтарында әзірленді. Аэро-фото түсірілімдерінің пайдасы көп болды” деп еске алды бұл туралы кейін маршалдың өзі соғыс туралы кітабында.

Операция 12 қаңтарда басталып, 18 қаңтарда 7 күнге созылған ауыр шайқастармен аяқталды, Волхов майданы мен Ленинград майданы жауды тықсыра отырып, бірігіп кетті. Дегенмен, неміс әскерлері Ленинградтың оңтүстік жағына мықтап бекініп алды. Ораниенбаум плацдармындағы қорғаныс шебі 20 шақырымға созылып жатты. 1944 жылы 14 қаңтарда Ленинград, Волхов және 2-ші Прибалтика майдандарының жауынгерлері стратегиялық шабуыл операциясын бастады. Қаңтардың 20 жұлдызында Қызыл Армия айтарлықтай табысқа жетті. Волхов майданының бөлімдері Новгородты азат етті.

Тарихта үлкен орны бар осы шайқастарда қатардағы қазақ жауынгері Хамит Төлемісов те өзі сияқты ондаған мың сарбазбен бірге жеңіске үлес қосты. Жихарево станциясы жанындағы Вороново селосында жан алып, жан беріскен ұрыста пулеметші Хамиттің бас көтертпей атқан оғы талай фашисті жер жастандырды. Бірақ өзі де кеудесінен жараланып, госпитальға түсті. Біршама уақыттан кейін жағдайы түзеліп, енді басқа бір бөлімде зеңбірекші болды. “Синяево биігі” дейтін батпақты жерде қатты қырғын болды. Немістер биік төбенің басына бекініп алып, кеңес әскерлерін баудай түсірді. Нағыз өрттің ішінде жүрген сарбаз соғыстың күйіп тұрған бір сәтінде ауыр жараланды. Сол жарақаттың салдарынан ол госпитальда 6 ай емделді. Үш рет операция үстеліне жатты. Снаряд жұлымдап кеткен аяғы іріңдеп, емге ырық берсеші. Бір күні госпитальдың бас оташысы Юдин: “Болмады, аяғыңды кесуге тура келеді” дегенде ризашылық бермей, жылап жібергені өмір бойы есінде қалды. Тек емдеуші дәрігер Ольга Полевскаяның көмегімен ұзақ емделіп, аман қалды. Соғыстан кейін біраз жылдан соң сол кісіні кезіктіріп, Хамит жылдар бойы жүрегінде сақтап келген алғыс сезімін ағыл-тегіл арнағаны бар.

Жаны қиналған сол бір ауыр күндерде Хамит сыр берген жоқ. Ауылдағы анасын алаңдатпайын деп ыстық сәлемін жолдап жатады. Міне, майдангердің сонау 1943 жылы жазған бір хаты: “Амандық хат

Сейітке, Апама, Қамажанға, Рашитке, Арынға, Архимедке шексіз сәлем. Менен амандық білмек болсаңыздар, аман-есен Боксито-горск деген қалада жараланып, госпитальда жатырмын, жара аса ауыр емес. Жуырда соғысқа қайта кіремін деп тұрмын. Сұраған жанға шексіз сәлем айтыңыз.

Осы хатпен бірге Т….-ға да хат салдым.

Апа! Мені көп уайымдамаңыз. Қазір біздің Қызыл Армия жеңіп барады. Аманшылық болса, бір күндей де болмас, қайтып келермін. Тез хат салыңыздар. Ленинградқа жақын тұрамын…”

Жаралану, қайта соғысқа кіру көп жағдайда күнделікті майдан “тіршілігі” сияқты көрінеді. Сырттан қарағанда солай. Әйтпесе, денесін оқ тескен, снарядтың жарықшағы тиген тірі жанның қиналысы оңай болмасы анық. Хамит ондай ауыр сәттерде өзін қайрап, жанына жігер беріп жүрді. Екі рет жараланып, майданға жарамсыз болғанына қарамастан, 13-ші дербес байланысшылар полкінде радист болды. Снаряд тасыды. Әйтеуір, майдан өтінде жүрді. Жарасынан сәл айықса болды, жауға қарай оқ атуға даяр тұрды. Елі, жері үшін шайқасты.

Соғыстан кейін Солтүстік Қазақстан облысы Конюхов ауданындағы Қызыл Қазақстан жетіжылдық мектебінде алдымен оқу ісінің меңгерушісі, кейін мектеп директоры болып, 1953 жылға дейін қызмет етті. Одан кейін Бидайық ауылында жұмысын жалғастырды. Осылай өмір жолы талай бел-белестерден өтті. Ұрпақ өсірді, балалы-шағалы болды. Қайда еңбек етсе де, қай жерде жүрсе де Хамит Төлемісов ақсақал ұстаздық ұлағатпен артына ел айтып жүрер өнегелі із қалдырды.

Ғабдул МЕРҚҰРМАН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp