КӨЗІ ТІРІ ТАРИХ, ШЕЖІРЕДЕЙ…
“Мамыражай көктемнің күні мынау,
Дәл осындай еді ғой, құлыным-ау!
Зардабынан соғыстың шөккен жұрттың
Түскен кезде мойнына зұлым бұғау.
Көріп жүрсің аз ғана тірілерді,
Саусақпенен санарсың бүгін ерді.
Желкілдеген құрақтай жайсаңдардың
Біреулері опат боп, бірі келді.
Бірі қалды, белгісіз қайда екені,
Дүниенің бұйырған қай мекені?
Бір ордадан аттанған бесеу де бар,
Әлеуметті көбейтер әулет еді.
Білесің ғой өзімдей атаң барын,
Тірі жүрмін, ел сыйлар қатардамын.
Таусылмаған, тегінде, татар дәмім,
“Мөраяқ майдангер!” деп атанғаным.
Ел біледі айтатын сөзді әманда,
Соғыс жайлы әңгіме қозғағанда.
“Мөраяқ” деп айтады атаңды жұрт,
Аяқ түгіл, жан-жүйең тозбаған ба?!
Бар зардабын соғыстың ерлер көрді,
Біздің тағдыр майданда безбенделді.
Тоқсан асып тұрғанда тілек айтам –
“Тыныштығын берсінші сендерге енді!”
Ақ батасы, тілегі, өнегесі,
Балдырғанға ғибрат қой, керегі – осы.
Ордендермен кеудесі көмкерілген
Көз алмайды кәріден шөбересі.
Өз аяғын балдақпен өзі демей,
Оқиғалар келгендей көзіне кей,
Жеткіншегі жетелеп барады қарт
Көзі тірі тарих, шежіредей…
“ЖАЛҒАС” ЖАТЫР ІҢГӘЛАП ЖӨРГЕГІНДЕ…
Өгіз жеккен шиқылдақ, сидаң арба,
Кім біледі, қандай күн, күй бар алда?
Өрт шалғандай кеудесін бір шал отыр
Қатал тағдыр қайғы-шер “сыйлағанда”.
Запырандай құса алмай сол қайғыны,
Жүрегіне жабысқан қалмай мұңы.
“Қара қағаз” ұлынан келіп кеше,
Ұясындай ұлардың зарлайды үйі.
Қанық болып жалғыздың өліміне,
Егіледі тілеулес елі, міне.
Естен танып кемпірі бас көтермей,
Көзден жасын төгеді келіні де.
Таң атқаннан өгізбен қыр асқанда,
Тілдесері – көкжиек, құр аспан да.
Май тасыған қарт келіп құлайды үйге
Қызыл іңір түнге кеп ұласқанда.
Қыңыр өгіз арбаға жегіледі,
( Жегілуден басқа ол не біледі?)…
Май таситын кәнігі жолға түсіп,
Қажыған қарт қайғыға көміледі.
Үйлендіріп жалғызын дүр шағында,
Берілетін арманға бұл шалың да.
Арманының бәрі де тәрк болып,
Бар үміті – келіннің құрсағында.
Бар серігі – ала таң бозара атқан,
(Шал-шауқан ғой қалғандар азаматтан)…
Сидаң арба үстінде күбірлейді:
“Бір қараны бере көр, о, Жаратқан!”
Жолға шығар сәттегі күнде алаңы,
Өз басының қамы емес шырғалаңы.
Өлген ұлдың орынын оңалдырар
Тілейді тек Тәңірден бір қараны.
… Ақталғандай арманы тілектегі,
Басылғандай бар мұңы жүректегі,
Естен танып қалғандай құлады қарт,
Естігені – баланың шыр еткені.
Ақ тілегін Тәңірдің бергені ме,
Дөңгеленіп кеткендей жер де, міне,
Есін жиып, жұрт сүйеп тұрғызғанда
Ырым етті сәбидің жөргегіне.
Қосылғандай бір бақыт жолдан келіп,
Отыр енді ел-жұрттан қолдау көріп.
“Сүйіншілеп!” ақ тілек айтқандарға
Кемпірі жүр жыртысын қолдан бөліп.
Осы сәтте ашылды ой бұлағы,
Думандатып тап бүгін той қылады.
Бақыт келіп, қайғысын ұмыттырды,
“Ақсарбас!” деп бір тайды сойды-дағы.
Оралғандай бір бақыт енді өңірге,
Шал-шауқандар айналды ер көңілге.
Майданда өлген әкенің жалғасы боп,
“Жалғас” жатыр іңгәлап жөргегінде…
МАХАББАТ
МЕРЕЙІ
… Жолда пойыз, шығыс – артта,
батыс – алда,
Соғыс кезі, ақ тілекпен қатысар ма?
Дайын отыр тас-түйін көп жауынгер
Дұшпанменен майданда атысарға.
Дайындалып қатерлі жол қамына,
Майданды ойлап жігіттер толғануда.
Бұл сапарда көп суды көктеп өтті,
Қалдырды артта шалқардай “Волганы” да.
Көктің жүзін кенеттен гүріл басқан,
Қара бұлттай көкпеңкөк бүлінді аспан.
Жау ұшағы тастаған бомбылардың
Зәрені алды дыбысы зуылдасқан.
Жолды тарын осылай қылғаны ма,
Тап болды ғой ажалдың тырнағына.
Көп жауынгер аттанған сол пойыздың
Бомбыдан соң қалмады жұрнағы да.
… Жетер күні бар екен құба таңға,
Осыны ойлап көңілін жұбатар да.
Зейнел-Ғаби есімді бір жас жігіт,
Тірі қалған көміліп бір апанда.
Тоссадағы адамды қауіп алдан,
Бұйыртса егер, қалайда сауығар жан.
Сол апанда ес-түссіз он күн жатып,
Бір медбике кенеттен тауып алған.
Ол айтқан-ды кейінде көп қызықты,
Орыс қызы санчастьқа жеткізіпті.
Ульяновск қаласында сегіз айды
Госпитальде емделіп өткізіпті.
Тұла бойды жалғыз ой аралайды,
Қамығады елдегі ана жайлы.
Ұшар еді құс болып, амалы жоқ,
Қозғалуға аяқ-қол жарамайды.
Ерік бермей аяқ-қол қимылдауға,
Болды сонда түскендей қыл-бұғауға.
Күндіз-түні жанында – орыс қызы,
Қайғы-мұңға көңілін бұрғызбауда.
Сол апатта талайлар жанын берді,
Көре алмады сапарлас жауынгерді.
Он айдан соң сүйеніп балдағына,
Өмірінің жаңа бір таңын көрді.
Солай кешіп қиындық, өткелдерді,
Болашағын серіктес көппен көрді.
“Тірі қалсам, мен саған үйленем!” деп,
Медбикеге емдеген серт берген-ді.
Лейтенант шені бар-ды оның бұрын,
Жас болса да, көтерді өмір жүгін.
Әскери училище есік ашып,
Басты әйтеуір біртіндеп көңіл мұңын.
Қосылды олар, қос қызға әке болды,
Жаны қалмай жан-жары мәпеледі.
Алматыға көшіп кеп біраздан соң,
Тұрмыс құрды ғибратты, әп-әдемі.
Отбасына балаумен Айы, Күнін,
Мерейіне бөленді зайыбының.
Өзін сүйген орыстың сол сұлуы
Туысқа да жасады қайырымын.
Ризалықпен сүйгені, зайыбына,
Көңілі толған өмір пайымына.
Бірін-бірі қимаған екі ғашық,
Енді ақыры қара жер қойынына.
Шар болаттай талай жыл дөңгеледі,
Тек еске алу көңілге дем береді.
Зейнел-Ғаби – сүйікті нағашым да,
Зайыбы оның – тамаша жеңгем еді.
Көк дөнендей жүйткиді көңіл өрге,
Көңілдегі елеске көмілер ме?
Жомарттығы жанымды үйіретін
“Тетя Тася!” деуші едім оны мен де…
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.