Аға буынның үлесіне тиген ауыртпалық пен тауқыметті, қасіретті соғыс жылдарындағы солтүстікқазақстандықтардың ерлігі мен қаһармандығын барша жұрттың есіне салу – біздің міндетіміз.
Соғыс жылдарында Қызыл Армияның қатарына 120 мыңға жуық солтүстікқазақстандық шақырылды, олардың 45 мыңнан астамы туған жерге оралған жоқ. Сірә, өңіріміздің ұландары қатыспаған бірде-бір ірі шайқас жоқ шығар?
1941 жылы шілденің ортасынан бастап Петропавлда 314-ші атқыштар дивизиясы құрыла бастады. Тамыз айында ол Ленинград қаласын қорғауға бұйрық алды. Қыркүйектің басынан дивизияның полктері алғашқы ұрыс сынағынан өтіп, жаумен ауыр қорғаныс шайқастарын жүргізді. Сонымен бірге, солтүстікқазақстандықтар 29-шы атқыштар дивизиясының құрамында Сталинградты қорғады, даңқты сегізінші Панфилов дивизиясының, 310-шы Новгород атқыштар дивизиясының, 151-ші жеке атқыштар бригадасының құрамында Мәскеудің іргесіндегі берік қорғанысты ұстады. Олардың көпшілігі Еуропа халықтарын азат ету кезінде, жау ордасы – Берлинді шабуылдағанда және жапон милитаристерін талқандаған кезде ерліктерімен танылды. Біздің ержүрек жерлестеріміздің өткен майдан жолы осындай.
Жеңіске кімнің қанша үлес қосқанын өлшеуге болатын өлшем жоқ, жаумен бетпе-бет келгендердің де немесе оны жақындату үшін тылда 1418 күн мен түн қажымай-талмай еңбек еткендердің де мақсаты біреу – жауға күйрете соққы беру болды. Трактор бригадасының бригадирі Василиса Бондареваның барлық колхозшы және еңбеккер әйелдерді майданға кеткен ер-азаматтардың орнына тракторлар мен комбайндарға отыруға шақырған үндеуі облыста кең өріс алды. Ол өз облысымызда ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша қызу қолдау тапты.
Соғыстың басынан бастап зауыттар мен фабрикаларда, ұжымшарлар мен кеңшарларда жауынгерлік комсомол-жастар бригадалары құрыла бастады, олар еңбекақыларының айтарлықтай бөлігін, сол сияқты, сенбіліктер мен жексенбіліктерден түскен табыстарын қорғаныс қорына аударды. Петропавл паровоз депосында 1942 жылғы наурызда жинақталған “Североказахстанец” бронепойызы жауға жойқын соққы жасады. Қиялы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Галина Сорокина Қызыл Армия қорына 15 пұт астық өткізді. Бұл астықты оқушы қыз жазғы демалыс кезінде адал еңбегімен тапты, комбайн штурвалына отырып, 437 гектар бидай жинады. Қызыл Армия үшін жылы киімдер мен сыйлықтар жинау шын мәніндегі бүкілхалықтық қозғалысқа айналды. Алғашқы екі жылда ғана облыстан майданға 122 мың сәлемдеме заттары жіберілді.
Сондай-ақ, донорлық қозғалыста да облыс тұрғындарының отансүйгіштігі танылды. Соғыс жылдарында жерлестеріміз майданға жүздеген литр қан тапсырып, көптеген жауынгерлердің жарасынан айығып, қатарға қосылуларына септігін тигізді. Майдан даласына елден жолданған сәлемдемелермен бірге жерлестерінің хаттары да жиі жетіп тұрды, оларда қала мен ауылдағы стахановтық қозғалыстар, тұрғындардың моральдық мықты көңіл күйлері жайлы айтылды. Оған жауап ретінде жауынгерлер өздерінің қатыгез жаумен күрестегі ерлік істері туралы жазды.
Жыл өткен сайын сол сұрапыл жылдардан алыстап барамыз, осы тарихи оқиғалардың тірі куәгерлері де азайып барады. Бірақ біз Отан үшін жанын пида еткен ерлеріміздің есімдерін әрқашан есте сақтайтын боламыз. Олардың арасында 55 Кеңес Одағының Батыры және 11 Даңқ орденінің толық иегері бар. Біздің ондаған мың жерлестеріміз мемлекеттік наградалармен марапатталды. Солардың ішінде қазірде көзі тірі майдангерлер: Серік Смағұлов, Алексей Решетняк, Степан Башкиров, Сергей Пресняков, Петр Гладков, Анна Васянова, Қасым Жүнісов, Иван Ошмарин, Анатолий Зубков, Константин Кубрак, Тілеген Игенбаев, Иван Ильин және басқалары бар. Бұлар облыстың ардагерлер қозғалысының алтын қоры, олар бұрынғыдай әлі де белсенді, қоғам өміріндегі жас ұрпақтың патриоттық тәрбие жұмыстарына қатысады.
Бүгінде біз басқа уақытта, тәуелсіз елде өмір сүреміз. Қазақстан сеніммен алға басуда. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің одан әрі дамуының нақтылы жоспарын айқындайтын басты бағдарламалық құжат болып табылатын “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауы ардагерлеріміздің арасында зор қанағаттанарлық сезімін тудырды және қызу қолдау тапты. Бүгінде олардың әрқайсысы оның негізгі басымдықтарын жүзеге асыруға белсене қатысуда. Ардагерлер қозғалысының мүшелері жастарды даңқты жауынгерлік және аға ұрпақтың еңбек дәстүрлері рухында тәрбиелеуде көп жұмыс атқаруда. “Жеңіс жауынгерлері” кітабын шығару аяқталды. Кітаптың барлық 24 томы жарық көрді, оған майданнан тірі оралған 28889 солтүстікқазақстандықтың есімдері енгізілді.
Қазіргі уақытта облыста Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге қызу дайындық басталды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қазақстанда Жеңістің 70 жылдығына әзірлік және өткізу жөніндегі шаралар жоспары бекітілді. Осындай шаралар жоспары біздің облыстың атқарушы органдарында да жасалып, жүзеге асырылуда.
Ардагерлер ұйымдары облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің тарапынан жасалып отырған қамқорлық пен көңіл бөлу шараларын үнемі сезінеді. Бұл мәселеге тікелей облыс әкімі Самат Ескендіров айрықша назар аударады. Майдангерлер мен тыл еңбеккерінің әл-ауқатын және күнделікті тұрмыс жағдайын жақсарту мәселелері шешімін табуда. Наурыз айының басында өңір басшысы облыстық ардагерлер активімен жұмыс бабындағы кездесу өткізді. Кездесуде “Жеңіс” саябағының көркейту жұмыстарын жалғастыру және онда Кеңес Одағының Батырлары саяжолын жасау шешілді. Сондай-ақ, онда әрбір соғыс ардагеріне пәтерлері мен үйлерін жөндеуге сомасы 100 мың теңге қаржы бөлінетіні туралы айтылды.
Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің материалдық және тұрмыстық жағдайларын жақсартуға көмек көрсету мақсатында “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы мен облыстың ардагерлер кеңесі Жеңістің 70 жылдығына арналған жасотандықтардың, тимуршылар отрядтарының және жасұландықтардың байқау-конкурсын жариялады. Сол сияқты, ардагерлердің емделуі мен демалуын ұйымдастыру мәселелері де оң шешімін табуда. Емдеу мекемелерінде “Ашық есік күндері” өткізіліп, соғысқа қатысушылар мен мүгедектерді кешенді дәрігерлік байқаудан өткізу жүргізілуде. Олардың барлығы толық тұрғын үймен және телефонмен қамтамасыз етілген.
Сонымен бірге, шешімін күтіп тұрған мәселелер де бар екенін айтуымыз керек. Ол тыл еңбеккерлеріне қатысты. Олардың облыстағы саны – 15294 адам, соның 199-ы – тұрғын үйге мұқтаж, 244-і – тегін тіс протезін, 233-і санаториялық-курорттық емдеуді қажет етеді, 253-інің үйіне әлеуметтік қызметкерлер керек. Біз биліктің атқарушы органдары, облыстың бизнес құрылымдары басшылары осы мәселелерді шешуді назардан тыс қалдырмайды деп сенеміз.
Ұлы Жеңістің 69 жылдығы қарсаңында облыстық ардагерлер кеңесінің атынан соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін, барлық еңбек ардагерлерін осы үлкен мерекемен құттықтаймын, оларға мықты денсаулық және отбасыларына сәттілік тілеймін!
Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.