«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАР ҚҰЛПЫРА ТҮСУГЕ ТИІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен өткен кеңесте облыс орталығын абаттандыру мәселесі талқыланып, алдағы мерекелік іс-шараларға әзірлік барысы пысықталды.

Петропавл қаласының әкімі Төлеген Закарияновтың хабарлауынша, облыс орталығында жыл басынан бері қаланы абаттандыру жөнінде бірталай шаруа тындырылыпты. 30 мыңға жуық адам қатысқан тазалық сенбіліктері кезінде көшеттер отырғызылып, гүлзарлар мен саябақтар абаттандырылып, қала аумағынан 1200 тонна қоқыс шығарылған. Қайырымдылық сенбілігіне қатысқан ұйымдардан ардагерлер қорына аударылған қаражат 12 269,3 мың теңгені құрады. Сенбілікке шықпаған кәсіпорындар мен пәтер иелерінің кооперативтері де аз емес. Қала әкімі жауапкершіліктен қашқан ұйымдарды тезге салатын жаңа ереженің бекітілгенін мәлімдеді.

– Облыс аумағын абаттандыру ережесі мамыр айының мерекелерінен кейін өз күшіне енеді. Жаңа талап бойынша көріктендіру жұмысын ұйымдастыру, қоқыс шығару, өңдеу және көму, меншік нысанына қарамастан, жеке және заңды тұлғалардың өз учаскелерін күтіп ұстау тәртібі анықталған. Жаңа ережеге сәйкес ішкі істер, санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық және сәулет-құрылысты бақылау органдары ереже тәртібін бұзғандарды Әкімшілік кодекс баптарына сәйкес жазаға тартуға құқылы. Мәселен, тәртіпке бағынбаған жеке тұлғалар 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлесе, лауазымды тұлға немесе кәсіпкерге – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Қатаңдатылған шара облыс тұрғындарының жауапкершілігін арттыратыны анық, – деді Төлеген Закариянов.

Бюджетке 31 миллион теңге қарызы бар мамандандырылған автобаза жұмысының да көңіл көншітпейтінін айтқан қала басшысы облыс әкімінен қоқыс шығаруға мамандандырылған коммуналдық қызмет құрылымын ашуға қолдау көрсетуді сұрады.

Өңір басшысы: “Облыс аумағын абаттандыру ережесін тұрғындарға тым тізе батырмай, оны негізінен заңды тұлғаларға қатысты қолдану қажет. Ал мекемелердің қарауындағы аумақтар оны сенбілік сайын жинау үшін емес, тазалығын бақылау үшін, оларды ұдайы тазалап тұруы үшін бекітілген болатын”, – деп атап айтты. Сондай-ақ, Самат Сапарбекұлы қала басшысына:

– Жолдағы шұңқырларды тегістеу жұмыстары да баяу жүргізілуде. Неліктен бұл жұмыстарға 3 бригада ғана жұмылдырылған? Жөндеу жұмыстарына барлық жағдай жасалған емес пе? Қопарылып тасталған жолдарды жылдам тәртіпке келтіріңіздер, – деген нұсқау берді.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды контейнерлерден әкету, қоқысты полигондарға төгу, залалсыздандыру жұмыстарын да жолға қою қажет. Ол туралы облыстық Тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі департаменттің басшысы Қайырғали Исенеев мәлімдеді. Оның айтуынша, өңіріміздің кейбір аудандарында қоқыс полигондары мүлдем жоқ. Облыс әкімі Самат Ескендіров департамент басшысына жекеменшік нысандардың аумағындағы тазалықтың сақталуын қадағалауды тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов Отан қорғаушы және Ұлы Жеңіс мерекелеріне дайындық барысымен таныстырды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp