Осыдан жетпіс үш жылдай бұрын бұрқ еткен Ұлы Отан соғысы қай шаңырақты шайқалтпады, қай үйдің төріне қайғы бұлтын үйірмеді?! Осы қатарда мен де бармын.
Бәрін басынан баяндасам, осы қайғы-қасіреттің астары ашыла түседі. 1937-1938 жылдары, неміс-фашист басқыншыларының мұздай қаруланып, Еуропа елдеріне анық қауіп төндіре бастаған кезінде, біздің Бейнетқор, кейін Совет, ал бүгінде Аққайың атанып отырған ауданымыздың сексен үйлі Аралағаш ауылынан біраз азаматтар әскерге алынды. Қайсыбір үйден бір-екі адам, ал кейбірінен бес-алты жігіт майданға аттанған.
Осылардың тең жартысы соғыстың құрбаны болып, елге оралмады. Бұл орайда мен өзіме қатысты жайларды айтуды жөн көрдім. Әкем Әбдірахманның ағасы Ғабдолла ерте қайтыс болып, оның балаларын жетімсіретпеу үшін ол Ескен, Қазез, Ахмадиді өзінің Қани, Жәни атты ұлдарымен қоса тәрбиелейді.
Әскерге алғашқы лекте шақырылған қос ағамыз Ескен мен Қазездің “Батыс” майданда – Белоруссияның Белосток қаласының маңында әскери қызметтерін өтейтінін жазған хаттарынан білетінбіз. Ол кездері қазіргідей конверт жоқ, “Дала поштасы” деген атпен үшбұрышты, қолдан жасалған конверттегі хаттар келетіні есімде.
Соғыс басталған 1941 жылдың алғашқы айларында немістер Белоруссияның батыс өңірлерін басып алғанын білеміз ғой. Кеңес әскерлері қаншама күш-жігерін жұмсағанымен, қаруы басым жау қойсын ба, біздің әскерлерді орасан шығынға ұшыратты. Міне, осыдан соң екі ағамнан хат-хабар үзілді, олар із-түссіз кетті.
Ал қалған екі ағам Ахмади мен Қани 1942 жылдың қараша айында Сталинград майданында соғысып, Қани сонда қаза тапқан, Ахмади болса, жаудың қоршауында қалған.
Тұтқынға түскен осы ағамды немістер концлагерьге қамайды. Ол осы тұтқыннан біздің әскерлер жеңіспен батысқа беттегенде ғана қашып шығып, өзіміздің жауынгерлерге қосылады. Бірақ біздің үкімет тұтқынға түскендерді аямады ғой. Ағамды да ұзақ тергеп, ақыры ол, Құдай жазып, сотталудан аман қалады.
Оқиға былай болыпты: оның адал екеніне көзі жеткен шығар, бір офицердің ақылымен елге келудің қауіпті екенін, сотталмай қоймайтынын білген соң Мәскеу түбіндегі Ногинск қаласына барады да, сонда тұрып қалады.
Еті тірі ағай Мәскеуде оқып, инженер-энергетик мамандығын алады. Осында шаңырақ құрып, дүниеден озған 1987 жылға дейін тұрды.
Бесінші ағам Жәни де батысқа аттанып, Псков қаласы маңындағы бір жерден жазған соңғы хаты келді де, содан кейін хабары ұшты-күйлі үзілді. Ол да хабар-ошарсыз кетті.
Әкемнің өзі де 1942 жылдың қараша айында майданға аттанып, шайқастардың бірінде жараланса да, соғысты Польшаның астанасы Варшаваны азат етумен аяқтап, 1945 жылдың тамыз айында елге оралды.
Бірақ соғыста жүрек ауруына ұшырап, соның салдарынан 1949 жылдың 23 ақпанында өмірден озды.
Ағаларым, әкем майданда от пен оқтың ортасында жүргенде елдегі біздер де адам айтқысыз қиыншылықтарды бастан кешірдік. Бәрін Жеңіске, майданға арнаған бейбіт тұрғындарда техника не атымен болмады, не жоқтың қасы. Мысалы, біздің Аралағаш ауылының егістік жері сортаң болғандықтан, ауылды он екі шақырымда жатқан жаңа қонысқа көшірмек болды. Ол жерге ешкімнің де барғысы келмейді. Соғыс басталар тұста тоғыз үй ғана ірге сөккен еді. Ескі қоныстан осында келіп жұмыс істеу оңай болмады. Бірді-екілі әбден тозған дөңгелекті ХТЗ тракторының жүргенінен тұрғаны көп. Ауыстыратын бөлшектер көзге шалынбайды да. Оған жанар, жағармайдың тапшылығы қосылады. Соған қарамай, тұқым сеуіп, астық өсіру керек.
Техниканың орнына әр үйден соқаға жегілген жекеменшік малы жұмысқа салынады. Бұл жұмыстарды әйелдер, кәрі-құртаң қарттар, жас балалар атқарады. Мектепте отын жетіспейді. Балаларды оқытатын мұғалімдер майданға алынған, сондықтан жарытып сабақтар да өтпейтін.
Осындай қиын күндерде адамдардың бауырмалдығы, қайырымдылығы, жанашырлығы ерекше болды. Бүгінгідей ағайын алауыз болған жоқ. Сексен үйлі ауыл жаңа қонысқа көшіп, қазіргідей құрылыс материалдары болмағандықтан, шым ойып, үй салды. Мұның бәрін көп болып, жұмыла жүріп, бір кісідей атқарды.
Сол жылдары бар болғаны он жастан асқан бала едім, бұйыртса, осы жылдың бесінші мамырында сексен төртке толамын. Аққайың ауданындағы Дайындық ауылынан Қызылжарға 2011 жылы көшіп келдім. Көрген-білгенімді хатқа түсіріп, редакцияға жолдап отырмын.
Жанайдар ӘБДІРАХМАНОВ,
зейнеткер.
Петропавл қаласы.