1925 жылдың 9 мамырында Бейнетқор (қазіргі Аққайың) ауданының Үшқұдық ауылында дүниеге келген Мұқатай Айтбаев сол ауылда мектепте оқып, 7-сыныптан кейін Петропавл қаласындағы педагогикалық техникумға түседі. Соғыс басталған кезде ол бар болғаны 16-да ғана болатын. Суыт хабар жеткен соң ауылына қайтып келген жеткіншек колхозда жұмыс істей бастайды. “Ауылдағылардың майданға азық-түлік пен киім-кешек жөнелту үшін еңбектеніп жатқан кезі еді. Сол уақытта үш ағамның да соғыста қаза тапқандығы жайында “қара қағаз” келген болатын. Сөйте тұра менің де майданға аттанып, Отан қорғау ісіне тікелей атсалысқым келді”, – деп еске алады қария. Осылайша, кәмелетке толғанын күтпестен 1943 жылы бала Мұқатай еріктілердің қатарына қосылады.
Өзбекстанға жіберілген жас жауынгер Самарқандта кіші командирлердің курсын тамамдайды. Кейін Наманган, Харьков, Варшава қалаларында қызмет атқарады. 1945 жылдың сәуір айында Германия аумағында миномет полкінің 2-ші взводының командирі Мұқатай Айтбаев алғаш рет өз жауынгерлерін шайқасқа бастайды. Бір апта бойы олар Котбус қаласының түбінде шайқасады. Герлиц, Лауххамер қалаларын, тағы да бірқатар елді мекендерді неміс әскерлерінен босатады. Шайқастар мен шабуылдар, қосымша көмек күшін күту сәттері, өзеннен тездетіп өту… Мұның барлығы ақсақалдың жадында мәңгі жатталып қалды.
– 1945 жылдың 8 мамырының ерекше шуақты таңы барша адамзат үшін бақыт сыйлағаны бүгінгі күндей есімде. Біз сол күні Гитлер әскерінің кейін шегінгендігі жайында хабар алдық, – деген сәтте ақсақалдың жанарынан жарқ еткен қуаныш ұшқыны сезіліп қалды.
Соғыс аяқталған соң Мұқатай Айтбаев туған ауылына оралып, бухгалтер болып жұмыс істейді. Кейін ішкі істер органдарына қызметке ауысады. 1949 жылдан бастап 25 жыл бойы құқық қорғау саласында еңбек еткен ардагер Аққайың ауданында Мемлекеттік өртті бақылау инспекциясының бастығы қызметінен зейнеткерлік демалысқа шығады.
Мұқатай ата екі рет үйленген екен. Екі ретінде де әйелдері о дүниелік болған. Бұл күндері ақсақал Құдай қосқан жары – тыл еңбеккері Қарашаш әжеймен облыс орталығында тұрып жатыр. Қос қарияның қосылғандарына 6 жыл болыпты. 1935 жылы туған Қарашаш әжей де тағдырдың тепкісін көп көрсе керек. 12 құрсақ көтерген ардақты ананың 10 баласы әртүрлі жаста өмірден озған. Бүгінде 2 баласы алма-кезек келіп тұрады. Ақсақалдың да ұл-қыздары бар. Осылайша, өмірінің зейнетін көрер шақта бірін-бірі жолықтырған ардагерлердің бүгінде ортақ естеліктері болмаса да, екеуіне бірдей ыстық немере-шөберелері бар, көкірек тұнған әңгімелері де таусылған емес. Бейбітшілік орнаған заманда да Жеңіс күнін асыға күтетінін айтқан қария биыл да 9 мамырда Мәңгілік алаудың тұсына барып, маздаған жалыннан отты жылдардың оқиғаларын көз алдынан өткізіп, өмірден озған қимастарын естеріне алатындарын айтып, кең тыныстап, ауыр күрсінді. Содан кейін шкафта ілулі тұрған кителін иығына іліп, сол жылдардың куәсі – Ұлы Отан соғысына қатысқаны және ішкі істер органдарындағы қызметі үшін берілген 20-дан астам медаль мен орденнің әрбіреуіне үңіле қарады.
Ұлы Жеңіс күні Мұқатай атаға екі есе мерейлі. 9 мамырда туған ақсақал биыл 89 жасқа келмек. “Біз Елбасымыздың, мемлекетіміздің тарапынан ардагерлерге жасалып отырған қамқорлыққа ризамыз. Соғыс кезінде көрген қиындығымызды ұрпағымыз көрмесін. Бейбітшілікке, халықтар достығына жететін ештеңе жоқ”, – деп ойын түйіндеді.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.