Ұлы Отан соғысы… Сағатқа, айға, күнге емес, ұзақ жылдарға созылған сұм соғысты ұмыту мүмкін емес, әрине. Талай жанның тағдырын тас-талқан етіп, көз жасын көл қылған сол зұлмат за-манның тарихтан алар орны ерекше. Ел басына күн туып, Отан – Ананы қорғайтын сәт келгенде “Елім, жерім!” деген ұл-қыздардың бірі де аянып қалмады. Ұлтына, дініне, жасына қарамай, барлығы да қолына қару алып, майданға аттанды.
Отан алдындағы парызы мен қарызын өтеу үшін қолынан келгеннің барлығын істеген ер-азаматтардың бірі – ардагер Иван Ошмарин. Есіл ауданының орталығы Явленка ауылының тұрғыны сол күндерді әлі де ұмытар емес.
– Мен ол кезде фабрика-зауыттық білім беретін мектепте экскаваторшылар тобында оқыдым. 1942 жылы маусым айында біздің топты Свердловск облысындағы Нижний Тагил қаласындағы темір кенішіне жұмысқа жіберді. Қолымыздан келгенше еңбек етіп жүрсек те, менің тек қана бір арманым болды. Ол – қайткен күнде де майдан шебіне аттану еді. Бір жыл сол жерде жұмыс істеген соң, мен ақыры соғысқа аттандым, – дейді ол.
Алдын ала дайындық кезеңінен өткен соң Иван Андреевич 358-ші атқыштар дивизиясының 919-шы артиллериялық полкінің барлау бөліміне түседі.
Ардагер Маннергеймнің алдыңғы шебін басып алған күнді былай деп есіне алады:
– Таңертең аспаннан біздің ұшақтар көрінді. Бұл 1944 жылдың 9 маусымы еді. Сағат сегізде жауға қарсы оқ ата бастадық. Майдан даласының әрбір жерінен бір мезгілде атылған оқтың әсерінен дала көк түтінге оранып кетті. Қара топырақ аспанға көтеріліп, айналаны шаң басып жатты. Тіпті, жер – ананың өзі отқа оранып, дала көрінбей кетті. 10 маусымда осындай көрініс тағы да қайталанды. Бір сағаттан соң, ұрысқа жаяу әскерлер араласты. Екі күнге созылған ұрыстың нәтижесінде Балтық флотының қолдауымен жеңіске қол жеткізіп, Сестра өзенін басып алдық, – дейді сол күндерге тағы бір рет ойша оралған майдангер.
Жастық шағын соғыс оты шарпыған майдангер – бүгінде самайын ақ шалған ардагер. Шау тартқан кезде өткенді таразылап, ой-жүйесіне салып, айтудың өзі оңайға соқпайды екен. Оған, әрине, кәрілік те өз “үлесін” қосуда. Бірақ қалай болғанда да балалықпен ерте қоштасып, қолына қару алғызып, жүрекке жазылмас сызат салған өмірінің сол бір бөлігін ұмытуға да, еске алмауға да болмайды. Себебі, оның барлығы – өмір.
Иван Андреевич кезекті ұрыста аяғынан жараланып, Ленинград қаласындағы госпитальға түскенін де бір сәт еске алды. Сол жолғы оның майдан даласында көрсеткен қайсарлығы елеусіз қалмады. Жауынгер “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды.
1944 жылы Иван Андреевич 24-ші қыркүйектен 24-ші қарашаға дейін созылған Моонзунд операциясына қатысып, Эстонияны жаудан босатуға да өз үлесін қосқан солдаттардың бірі. Бұл ұрыста Иван Андреевич ауыр жарақат алып, он ай бойы госпитальдарда емделуіне тура келді. Жау оғының кесірінен Иван Андреевичке бірнеше рет ота жасап, аяғын кескен. Кейін ол протезбен жүріп-тұруға үйренді.
Соғыс жайында әңгіме айтқан сайын ержүрек майдангер соңғы ұрыс даласын еске алып, жау оғынан қаза таппай елге аман-есен оралғанын алға тартады.
– Ол зұлмат күндерді ұмытуға болмайды. Жастарға соғыс жайында үнемі айтып отыру керек. Себебі, бейбіт күннің бағасы бізге өте қымбатқа түсті. Қаншама жауынгер жер жастанды. Ана жесір, бала жетім қалды. Мұның барлығы соғыстың кесірі. Сондықтан да көз көргендердің барлығы ол жайында айтуы керек. Бұл менің де міндетім деп ойлаймын, – дейді ардагер.
Иван Андреевич “І және ІІ дәрежелі Отан соғысы” ордендерімен марапатталған. Сондай-ақ, ардагер ретінде Бүкілодақтық ардагерлер комитетінің медаліне және Бүкілодақтық ардагерлер кеңесінің Құрмет белгісіне ие болған.
Ардагердің соғыстан кейінгі өмірі өз арнасымен өтуде. Ол зайыбы Ольга Васильевнамен бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір кешуде. Жастық шағы мен соғыс жылдарында жүріп өткен жолдары жайында Иван Андреевич бірнеше кітап, ал жерлестеріне арнап очерктер жазған. 2008-2009 жылдары жарық көрген “Тогда была война”, “Дорогие мои земляки” атты кітаптарының әрқайсысында Отанға, туып-өскен жеріне, достары мен сыныптастарына, майдандас жолдастарына, ата-анасына деген ерекше бір құрметті көруге болады. Бұл да ардагердің өзіндік бір естелігі, өткен жылдардың күнделігі сияқты.
– Бейбітшілік – біздің басты байлығымыз, баға жетпес қазынамыз. Оны сақтай отыра, осы жолда өмірін қиған жауынгерлерді ұмытпай, мәңгілік жадымызда қалдыру үшін жаздым бұл кітаптарды…, – дейді ағынан жарылған ардагер.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.