Өнерсүйер қауымның, әсіресе, театр көрермендерінің ортасында “Қызылжардың Бекежаны” атанып кеткен актер, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Біржан Жалғасбаев жуырда С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры болып тағайындалды. Қазақ театрының қазығы қағылған жылдан бері сахнада басты рөлдерді сомдап жүрген актермен сұхбаттасу барысында оның мақсаттарының айқын екендігін байқадық. Абай атамыз өзінің 37-ші қара сөзінде: “Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес”, – дейді. Бүгінде өңіріміздегі қазақ сахна өнерінің шамшырағы – Мұқанов театрына шығармашылық сілкініс артық болмайтындығы қойылымға келген көрермендер санынан-ақ байқалады. Әйтсе де, әр іске – уақыт сыншы.
– Біржан Нұрмаханұлы, өнердің қара шаңырағы – қазақ театрын алдағы уақытта қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Театр – тұрақты көрерменсіз театр емес. Сондықтан да, біріншіден, театр көрермендерін буын-буынымен қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз. Театрдың өзінің тұрақты көрермені қалыптасуы тиіс. Ол үшін оған жастарды тарту керек. Театр ашылған жылы актерлерді танымақ түгіл, келетін адамдар саны санаулы болатын. Сонда көрермендерді тарту мақсатында облыстың жоғары оқу орындарынан бастап, мектептеріне дейін кездесулер ұйымдастыратынбыз. Соның арқасында театрға, әсіресе, жастар көптеп келетін болды. Бұл да жарнамалық маркетингттің бір тәсілі. Осындай кездесулер барысында спектакльдерден үзінділер көрсетіп, жиналғандарға театр өнері жайында кеңінен әңгімелейтін боламыз. Кім білер, бәлкім, жиналғандардың ортасынан, біреуінің болсын, театрға қызығушылығы артып, ілтипаты оянар деген ниетіміз жоқ емес. Әсіресе, театрға өскелең ұрпақты тартатын болсақ, ертең олар өмір бойы одан қол үзбейді.
Репертуарымызға да өзгеріс енгізбекпіз. Біздің театр репертуарлық театрлар қатарына жатады. Соған қарамастан, алдағы уақытта бір реттік қойылымдарды да сахналамақпыз. Қойылымды сахналаудың мұндай тәсілі Ресей театрларында кеңінен қолданылып келеді. Яғни, көрерменнің көз-айымына айналған атақты театр не кино актерлерін шақырып, жергілікті актерлермен қойылым сахналау ойымызда бар. Мәселен, қазіргі таңда қазақ телесериалдары көптеп көрсетіліп келеді. Оның актерлері де көрерменге таныс. Әсіресе, аға буын өкілдері отандық сериалдарды сүйіп көреді. Ондағы актерлерді де жазбай таниды. Сондай-ақ, аты шыққан актерлеріміз де бар. Мысалы, өзіміздің жерлесіміз, кино және театр актері Асылболат Смағұлов ағамызды театрға шақырып, неге қойылым сахналамасқа?! Бұл біздің актерлеріміздің тәжірибесін молайтар еді. Және театрымызға көрермен де тартылар деген үмітіміз жоқ емес.
– Өнерді өрге жүздіруде өзекті түйіндерді айтып берсеңіз?
– Келесі жылы театрға 15 жыл толады. Мерейтойды үлкен дайындықпен қарсы алып, көрерменнің көңілінен шығу үшін не істеу керек деген заңды сұрақ туындайды. Жерлес жазушылар мен ақындардың шығармашылығын, өмірін сипаттайтын қойылымдар жетерлік. Мысалы, Ғ.Мүсіреповтің “Қыз Жібегі”, С.Мұқановтың “Балуан Шолағы”, С. Шаймерденовтің “Дөкей келе жатыр” пьесалары сахналанды. Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын суреттейтін “Өйтпесе, Мағжан бола ма?” спектаклі де көрерменге жол тартты. Осы тәсілді де қолданып көреміз. Немесе театр ашылғалы бері қызмет еткен сахнагерлердің басын қосып, театрымыздың тарихын бейнелейтін қойылым көрсету де жоспарымызда бар. Біз биыл республикалық және халықаралық театрлар фестиваліне қатысуды мақсат етіп отырмыз. Екатеринбург қаласында 20-30 маусым аралығында өтетін “Коляда-Plays” халықаралық театрлар фестиваліне шақыру алдық. Бұл фестиваль екі жылда бір рет өтеді. Оған театрлар Ресейдің Орал өңірінен шыққан драматургтердің пьесаларымен ғана қатыса алады. Сайысқа қатысуға 500-ден астам театр өтініш білдіріпті. Тек 30-ы ғана фестивальға шақыру алған. Соның ішінде Қазақстаннан біздің театр ғана бар. Бұл байқауға біз Ресейде туып-өскен Олжас Жанайдаровтың “Бір, екі, үш” спектаклін апармақшымыз. Сондай-ақ, мерейтойға орай Алматы немесе Астана қалаларына гастрольдік сапармен шығуды жоспарлап отырмыз. Алматы қаласында театр өнерінің майталмандары шоғырланған. Мақсатымыз – осыдан 15 жыл бұрын Петропавл қаласына шақыру бойынша келген Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы түлектерінің жеткен жетістіктерін көрсету. Сол арқылы театр сыншыларынан қазіргі қазақ театры өнеріндегі өз бағамызды алуға ниеттіміз. 2008-2009 жылдары біздің театр сахна сыншыларынан жақсы баға алған еді.
Театрдың түрленуі мен жақсы жаққа өзгеруі үшін көп жұмыс істегіміз-ақ келеді. Бірақ мұның барлығы, айналып келгенде, қаржыға тіреледі. Құдайға шүкір, қазіргі таңда театр өнерін жан-жақты дамытуға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп келеді. Жуырда Үкімет отырысында театр өнері жайында көптеген мәселелер көтерілді. Одан кейін бұл мәселе облыстық әкімдікте талқыланды. Біздің театрымызда әлі де кадр мәселесі өзекті. Гример, спектакльдің шешімін шығаратын сценограф және жас режиссер мамандар қажет. Сахнагерлер де керек. Бірақ қазіргі таңда актерлік құрамға көңіл толады. Әсіресе, жастар қатары көбейіп отырғаны қуантады. Ендігі мақсат – жастарды бір арнаға тоғыстырып, қайнап тұрған жұмысқа мейлінше салу. Олар өздерін шығармашылық ортада судағы балықтай сезінулері тиіс. Таңғы сағат 9-да келіп, жұмыс біткенде кететіндей емес, мамандықтарына мейлінше күш жұмсап, үйренуі қажет. Қызылжарға алғаш келгенімізде берілген рөлді барынша жақсы сомдау үшін дайындықты түнгі 3-ке дейін жасайтынбыз. Қарның аш па, тоқ па, ұйқың келді ме, әлде шаршадың ба, бәрібір рөлді режиссердің қойған талаптарына сәйкес сомдап шықпасаң, үйге барамын деп те тіс жармайтынсың. Байқасам, қазіргі жастардың ой-түсінігі өзгеше. Оларға “Егер де сен өзіңді өнер иесі ретінде қалыптастырғың келсе, онда сен дайындық барысында уақытпен санаспауың керек”, – деп ылғи айтып отырамын. Актерлік мамандықты таңдадың ба, сол жолда өзіңді құрбан ете білсең ғана жетістікке жете аласың.
– Театр репертуары көбінесе жерлес жазушылардың шығармаларынан құрылған. Жастардың мәселелерін көтеретін спектакльдер сахналана ма?
– Театрда ондай қойылымдар жетерлік. Және ондай спектакльдерді сомдайтын жас актерлер де бар. Әдетте, театрда әбден көзге түсіп қалған бірнеше сахнагер болады. Қойылымдарда басты рөлдерді сомдайтын да солар. Бірақ театрдағы актерлер әр қырынан танылсын десең, онда өзге тәсілмен жұмыс істеуге тура келеді. Мәселен, театрда 10 актер не 10 актриса бар десек, әрбіреуінің актерлік шеберлігін ашатын қойылымдар таңдалынып, соларға арнайы сахналанады. Сонда ғана сахнагер көрермен алдында әр қырынан танылады. Жалпы, театрда немесе кинода сахнагердің бағын ашатын белгілі бір рөл болады. Өзіңіз білесіз, Құман Тастанбеков десе, Төлеген есімізге түседі. Қыз Жібекті талай актрисалар сомдаса да, көрермен оларды Меруерт Өтекешовамен салыстырады. Асанәлі Әшімов десе, Бекежан дейміз.
– Ал, өзіңізді көрермен қандай рөлмен әспеттейді деп ойлайсыз?
– Халықтың көңілінде белгілі бір рөлмен есте жатталып қалдым деп ойламаймын (күлді). Бірақ халықтың ілтипатына бөлену бір басқа да, театр әлемінде әріптестеріңнің алдында көзге түсу – бір төбе. “Қозы көрпеш – Баян сұлу” спектакліне баға берген театр сыншылары, мені “Қозы көрпеш” деп атаған еді. Республика бойынша театр фестивальдарына барғанда, өз атыммен емес, “Қозы” деп атайтын. Ал “Қос жебе” қойылымында Қалқанқұлақты сомдап, кейіпкерімнің есімі менімен егіз ұғымдай болып қалыптасып кетті. Яғни, актерлік шығармашылығымның бір шетін шығара алдым деп ойлаймын. Бұл – менің ғана емес, ұжымның жемісі деп білемін.
– Десе де, өзіңізді “Қызылжардың Бекежаны” ретінде сезінесіз бе?
– Бекежанның бейнесін сомдау менің 1999 жылдан бергі арманым еді. Алматы қаласында оқып жүргенімізде Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанған “Қыз Жібек” спектаклінде мен Сансызбайдың рөлін сомдадым. Ал Бекежанды өзіміздің жерлесіміз Асылболат Смағұлов ойнады. Спектакльден кейін бүкіл театр сыншылары, актерлер, тіпті, көрермендер қойылымның атауын “Бекежан” деп атау керек еді деп айтқан болатын. Өз басым көпшіліктің аузынан мұндай жоғары пікірді есту актердің рөлді тамаша сомдағанының жемісі деп білемін. Ал мен Бекежанның рөлін ойымдағыдай сәтті сомдай алдым деп есептемеймін. Бұл бағытта әлі де ізденуім керек.
– Театр әлемінде әрбір сахнаның Қозысы мен Төлегені, Баяны мен Жібегі, Ромеосы мен Джульеттасы болуы тиіс деген ұғым қалыптасқан. Ал Мұқанов театрының Қозысы мен Баяны бар ма?
– 2005 жылға дейін театр сондай өнер ұжымдарының қатарында болды. Қозымыз да, Баянымыз да, тіпті, Карменіміз бен Хосемізге дейін болды. Бүгінгі күні Жібегіміз бар да, Төлегеніміз жоқ. Бекежанымыз бар да, Ромеомыз жоқ. Театрды әлсіретіп тұрған да осы мәселе. Көрерменді не оқырманды алдай алмайсың. Шындықтан қашпау керек. “Ауруды жасырсаң, өлім келіп әшкерелейді” деген мақал бар. Ауруды айтып, оның емдеу жолын іздеген әлдеқайда пайдалы. Ортадан Ромеоны, Джульеттаны, Төлегенді қалыптастыру керек. Ол үшін қазіргі жас сахнагерлермен жұмысты күшейткен жөн. Актерлік шеберліктерін шыңдау үшін сырттан белгілі режиссерлерді шақыру қажет.
– Ал сырттан сахнагерлерді тарту қаншалықты тиімді? Одан да өзіміздің ортамыздан жас дарындарды іздеп, ортаға қосқан әлдеқайда тиімдірек емес пе?! Өз кезінде Ғабит Мүсірепов талантты жастарды іздеп, Семей қаласына бармаса, бәлкім, қазіргі таңда қазақ ұлттық кино саласының негізін салған Шәкен Айманов болмас та еді ғой. Актер боламын деген жастарды іздеп, ауыл-ауылды аралау ойларыңызда жоқ па?
– Иә, ол да дұрыс. Театрда алдыңғы толқын сахнагерлердің ортасы қалыптасты. Ендігі мақсат – алдыңғы буынның ізін басатын білікті жас сахнагерлердің ортасын қалыптастыру. Ол үшін осы жылдар ішінде жинаған тәжірибемізді, білімімізді жастармен бөлісу қажет. Осы жастардың ішінен болашақта театрдың тізгінін мықтап ұстайтын, қазақ театр өнеріне жаны ашитын қызметкерлерді тәрбиелеу керек. Құдайға шүкір, театрымызда Зарина, Жанар, Фариза, Асылхан, Дулат, Тұрақ есімді қызылжарлық жас сахнагерлеріміз бар. Петропавл Өнер колледжінде оқып жатқандары да бар. Оқуды аяқтап, олар да ортамызға қосылса, нұр үстіне – нұр. Менің мақсатым – оларды қолдап, демеу. Театр – ұжымдық өнер, үлкен отбасы сияқты. Оның өміршеңдігі, шығармашылық өрлеуі ұжымның ынтымағына тікелей байланысты. Сонда ортамыздан небір мықты актерлер мен актрисалар шығады деп ойлаймын. Өз басым актерлік шығармашылығымның 8 жылын көркемдік жетекші қызметіне арнадым. Бұл қызметте жүріп, өкінген кездерім де болды. Осы жылдар ішінде талай рөлдерді ойнап, бәлкім, Бекежанды да жоғары деңгейде сомдар ма едім деген кездерім болды.
– Біржан Нұрмаханұлы, ал енді актерлік өнеріңіз бен басшылық лауазымыңызды қатар алып жүре аламын деп ойлайсыз ба?
– Есімін айтпай-ақ қояйын. Хирург ағамыздан басшылық қызметке тағайындалған кезде: “Аға, сіз мықты хирургсіз. Басшылық қызметке тағайындалып, облысымыз білікті хирургінен айрылып қала ма?” деп сұрақ қойған едім. Сонда ағамыз: “Тағайындалардың алдында мен ота жасайтын басшы болайын деген тілегімді білдірген болатынмын. Сондықтан мен ота жасаушы басшымын” деген еді. Сол сияқты мен де рөлдерді сомдаушы директор боламын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.