«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЛТЫН БЕЛБЕУ” ИЕСІ – өткен жылғы жеңімпаз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамырдың алғашқы күндері айшықты оқиғаларға толы болатынын бұрыннан білетін қызылжарлықтар мен қала меймандарының көңіл күйлері соған орай емен-жарқын екенін адамдардың бір-біріне деген ақ тілектерінен-ақ аңғардық. Әсіресе, айдың жетінші жұлдызында түс ауа өңір орталығының Қазақстан Конституциясы көшесі, қалалық әкімдік ғимаратының алды қараң-құраң адамдарға толды да кетті. Жарандардың айтатыны – Қазақ күресінен “Қызылжар барысы” атағын жеңіп алудан дәмелі балуандар белдесуі.

Алдын ала айтылып, хабарландырылғандай, жекпе-жектерде облыстың аудандарынан және орталығынан отызға тарта үміткер бақтарын сынамақ. Ал анығында, белдесулерге жиырма жеті балуан келген екен.

Көп күттірместен алаңға жеңімпазға берілетін “Алтын белбеу” әкелініп, төрешілер іске кірісіп те кетті. Алдымен қала әкімі Төлеген Закариянов сөз алып, бұл жарыстың биыл облыс орталығында екінші мәрте өткізіліп отырғанын тілге тиек етті. “Бүгінгі күні Қазақ күресі – еліміздің абыройына айналған ұлттық спортымыз. Ол Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауы мен қамқорлығының арқасында дүниежүзінде зор беделге ие болып, балуандарымыз Президент сенімін айшықты жеңістерімен ақтап жүргенін мақтан тұтамыз. Мен жігіттерге жеңіс тілеймін және республикалық белдесулерде жолдары болсын”! – деді Төлеген Қабыкенұлы.

Елімізде төртінші мәрте өткізілген “Қазақстан барысы” белдесулері біздің өңірде де айрықша мәртебеге ие болып отыр. Өткен жылы облыста қарсылас шақ келтірмеген Тайынша ауданының тумасы, Қызылжардағы “Күрес” мектебінде Ғалым Өркешов пен Есләмбек Бекмұрзин жаттықтыратын Рустам Жұмаев биыл да топ жарудан дәмелі екен. Бірақ өткен жылы Астанада өткен ақтық сайыста тәжірибесінің аздығынан жолы болмағанды.

Биыл ол үкілі үмітінің отын қайта тұтатып, жиырма жеті балуанның қатарында болды.

Жарыс үш айналымда өтетінін және ақтық белдесулерге ең мықты төрт балуан ғана шығатынын кілемнің басшысы Е. Бекмұрзин алдын ала хабарлады. Жеребе тартылды.

Бірінші айналымның екінші жұбында уәлихановтық қарсыласы Қанат Жолдасбаевты таза жыққан Жамбыл ауданының балуаны Дәурен Есләмов қалған екі белдесуде де жеңіске ие болып, финалға жетті.

Жамбыл ауданының тағы бір балуаны Төлеген Жетпісбаев та Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген Ербатыр Әменкиннен әдіс-айла асырып, мерейге бөленді.

Бір өкініштісі, республикаға белгілі балуанның бірі Айбек Қырықбаев алғашқы айналымда өзінен он төрт килограмм ауыр мамлюттік Дулат Алпысовтан (106 кг.) ұтылып қалды.

Бұл балуандардың ең ауыры және бойшаңы жиырма екі жасар Рустам Жұмаев (140 кг., 198 см.) шалақындық Махамбет Айтқожинді қиналмастан жеңді.

Өте тартысты белдесудің бірі Төлеген Жетпісбаев пен есілдік Исатай Макарамовтың арасында өтіп, жанкүйерлер біресе “Төлегендеп!”, біресе “Исатайлап!” алаңды жаңғыртты. Бірақ төрешілер жеңіске И.Макарамовты лайықты деп шешті.

Сонымен, үдере шапқан үлкен топ сейіле келе, ақтық белдесу Р. Жұмаев пен Д. Есләмовтің арасында өтті. Өзінен салмағы елу бес килограмм артық болса да Р. Жұмаевқа қарсыласы дес бермеді. Дәурен әдіс-айла жасауға оның шамасын келтірмеді. Бірақ ұпай санымен ұтылды.

Жарыстың бас жүлдесі – 300 мың теңге және “Алтын белбеу” Р. Жұмаевқа бұйырса, қарсыласына 200 мың теңге сыйақы берілді.

Енді қос балуан 20 мамырда Алматыда үш күндік жаттығуларға қатысып, “Қазақстан барысының” Астанада 29 маусымда өтетін жарысына даярланады.

Қызылжардағы жарысты Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл аулының тумасы, Қазақ күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Марат Шәмшінұров те тамашалады.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp