Мейрам күні облыс әкімі Самат Ескендіров Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерімен, тыл еңбеккерлерімен кездесті.
Облыстық ардагерлер кеңесі “Астана” мейрамханасында 43 адамға мерекелік дастарқан жайды. Облыс әкімі Самат Ескендіров меймандарды құттықтап, ақшалай сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті.
– Отан қорғаушы күніне орай Астана қаласындағы Қазақ елі монументінің жанында өткен парадты тамашаладық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр сөзінен аға буын өкілдеріне деген шынайы ризашылығын сезіндік. Қазақстанның Тәуелсіздігі мен еліміздің бүгінгі экономикалық дамуына Сіздердің қосқан үлестеріңіз өлшеусіз. Отан қорғаушы күні және Ұлы Жеңістің 69 жылдығымен құттықтау үшін өздеріңізді бүгінгі мерекелік дастарқан басына жинап отырмыз. Әсіресе, Ұлы Отан соғысында Жеңіске жетуімізге тікелей өз үлестерін қосқан соғыс ардагерлеріне алғысымыз шексіз, – деді облыс әкімі Самат Ескендіров.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.