Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 69 жыл толып отыр. Сұрапыл соғыс жылдары Отанын қасық қаны қалғанша қорғаған ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін ұлық мерекемен құттықтауға облыс орталығына тұрғындар көптеп жиналды. Қолдарына алқызыл гүлдерін ұстаған олар театр алаңына жиналған соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіп, майданда қаза тапқан боздақтарды бір сәт үнсіздікпен еске алды.
Жеңіс күніне орай іс-шаралар легі “Мәңгілік алау” мемориалдық кешенінен бастау алды. Оған облыс әкімі Самат Ескендіров, соғыс және тыл ардагерлері, Петропавл әскери гарнизонының, еңбек ұжымдары, жастар ұйымдарының өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
– 9 мамыр – аталарымыз бен әкелеріміздің ерлігін әлемге танытқан қасиетті мереке. Отан үшін отқа түскен көпэтносты халықтың қайсарлығы мен төзімділігінің символы. Жеңіс күні – жүректерінде патриоттық сезім ұялаған жандарды біріктіретін мереке. Жеңіске жетуде қан майданда аянбай күрескен отандастарымыздың орны ерекше. Отанды қорғау үшін 70 мыңнан астам жерлесіміз майданға аттанды. Сіздердің ұлы ерліктеріңіздің алдында бас иеміз, – деді құттықтау сөзінде облыс әкімі Самат Ескендіров.
Ұлы Отан соғысы жылдары әрбір 4-ші қазақстандық майдан шебінде жауға қарсы тұрды. Үзіліссіз 1418 күнге созылған соғыстың оты шарпымаған отбасы болмаған шығар. Мереке күні әрбір солтүстікқазақстандық майданда қаза тапқан атасы мен әкесін, ағасы мен інісін, тылда еңбек етіп, соғыстың нәубетін қасқая көтере білген ақ жаулықты аналарымыздың ерлігін еске алды.
– Бұл мереке баршамыз үшін маңызды. Себебі, соғыс әрбір отбасыға ауыр қиындықтар әкелді. Өз басым үшін де бұл мереке ерекше. Нағашы атам Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға аттанып, елге екі жарақатымен оралды. Ал әкемнің ағасы соғыста хабар-ошарсыз кетті. Сонша жыл өтсе де, біз әлі күнге дейін ол кісіден хабар күтумен келеміз. Сондықтан, менің түсінігімдегі айбын мен ерлік әдемі сөздер ғана емес, – деген облыс әкімі Самат Ескендіров соғыстың әрбір қазақстандық үшін тигізген зардабын өз отбасысының мысалы арқылы айтып өтті.
Өңірімізден соғысқа аттанғандар саны 74 мыңнан асады. Олардың 32 мыңнан астамы елге оралған жоқ. Хабар-ошарсыз кеткендері қаншама?! Соғыстан туған жерге оралғандардың бүгінде тек 334-і қалыпты. Салтанатты митингте ардагерлердің атынан сөз алған Сергей Пресняков еліміздің баянды болашағына сенім білдіріп, өскелең ұрпақты Отанды шексіз сүюге, бейбіт өмірді қадірлеуге шақырды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскері Әскери институтының бастығы Жұмабек Ахметов ардагерлерге зор алғысын жеткізіп, бүгінде Петропавл Әскери институты курсанттарының ортасында соғыс ардагерлерінің немерелері мен шөберелері білім алып жүргенін айтты. Олардың аталарының теңдессіз қаһармандықтары мәңгілік естерінде сақталып, Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолында көрсеткен өшпес ерліктері үлгі болып қалатындығына сенім білдірді.
От пен оқтың ортасында жүріп, Отан алдындағы борышын өтеген соғыс ардагерлерінің ерліктері келер ұрпаққа үлгі. Өскелең ұрпақ та Отан үшін жанын беріп, қанын төккен ардагерлердің ерліктерін еш ұмытпақ емес.
Оған №1 гимназияның 10-сынып оқушысы Алина Петрушинаның жиналған қауым алдында оқыған хаты дәлел боларлық. “Отбасылық альбомды парақтап отырғанымда соғысты өткерген арғы аталарымның суреттерін көзіме жас алмай қарай алмаймын. Олар қазір арамызда жоқ. Бірақ, біз, олардың немерелері мен шөберелері, аталарымыздың есімдерін ардақ тұтамыз”, – деген Алина Петрушина өскелең ұрпақтың атынан Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне өмірлерін құрбан ете отырып, Жеңіс күнін жақындатқандары үшін тағы бір мәрте зор алғысын білдірді.
Салтанатты митингке қатысушылар соғыстан оралмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, “Мәңгілік алау” мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды. Осыдан кейін ардагерлерге арналған мерекелік концерт өз жалғасын тапты. Өңіріміздің өнер ұжымдары әскери-патриоттық әндер орындады. Көрермендер назарына сол жылдардан сыр шертетін көріністер ұсынылды.
Адамзат тарихындағы ең зұлмат қантөгісте қазақстандықтар майданда да, тылда да ерліктің жарқын үлгісін көрсете білді. Олар жарқын болашақ үшін жан берді. Жерлестеріміздің 55-і Кеңес Одағының Батыры атағына лайық деп танылса да, соғысқа қатысқан әрбір жауынгер, қазіргі ардагерлер ұрпақтарының алдында мәңгілік батыр болып қала бермек. Жыл санап көзі тірі ардагерлеріміздің қатары сиреген сайын “Мәңгілік полк” шеруінің қатысушылары молайып барады. Өкініштісі де сол. Осы жолы шеруге қатысқандар саны 500-ден асты.
Қаламыздың жер-жерінде ұйымдастырылған концерттік бағдарламалардың мазмұны терең, мағыналы болды. Әсіресе, Есілдің оң жағалауындағы “Жеңіс” саябағының қақ ортасындағы “Жеңіс” стеласының жанында өткен мерекелік шара тартымды болды. Саябаққа келген әрбір солтүстікқазақстандық “Жеңіс” стеласына гүл шоғын қойды. Жай күндері көшеде кездестіре бермейтін ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне барынша құрмет көрсетуге тырысты.
Облыс әкімі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, “Жеңіс” стеласына гүл себетін қойды. Одан кейін соғыс және тыл ардагерлері, облыс және қала басшылары, өңірдегі әскери, қорғаныс және ішкі істер бөлімдерінің өкілдері, қаладағы еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, жастар, студенттер мен оқушылар және қаланың кішкентай тұрғындарына дейін гүл шоқтарын қою рәсімін жалғастырды.
“Жеңіс” саябағының әр бұрышында мерекеге орай қала мектептері мен колледждерінің ұйымдастырған шағын сахналық қойылымдары көрсетілді. Өңірдің әскерилері жауынгер ботқасын дайындап, сол арқылы майдангер өмірінің бір көрінісін суреттеуге тырысты. Облыс әкімі де №6637 әскери бөлімнің құрған жертөлесіне бас сұғып, жауынгер ботқасынан дәм татты.
Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шаралар қаламыздың орталығында да өтті. Орталық алаңда Петропавл Әскери институтының оркестрі шеру жасап, институттың курсанттары Жеңіс әндерін орындады. Орталық сахнада да мерекелік концерт ұйымдастырылды. Жастар қатары да бұл күні үнсіз қалмады. Олар “Жеңіс кенебі” атты акция өткізді. Сондай-ақ, өңіріміздің белсенді жастарының бастамасымен Жеңіс күніне арналған қызыл, қара, көк жолақты 5 мыңға жуық “Отан үшін” ленталары жасалып, мереке күндері халыққа таратылды.
– Лентадағы әр түстің өзіндік мағынасы бар, – дейді “Азаматтық бастамалар институты” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әсемгүл Есқожа. – Лентадағы қызыл түс – төгілген қанның, қара – қайғы мен қасіреттің белгісі болса, көк жолақ қазақстандықтардың Ұлы Жеңіске қосқан үлесін айғақтайды.
Қала жұртшылығы орталық алаңда облыстық филармонияның эстрадалық-симфониялық оркестрінің Жеңіс мерекесіне арналған концерттік бағдарламасын тамашаласа, орталықтағы Мәдениет және демалыс саябағында балалардың “Жеңіс үшін, рахмет!” атты мерекелік қойылымы ұсынылды. Аға буын өкілдері үшін арнайы би кеші де ұйымдастырылды. Онда майданда орындалған әндер шырқалды.
“Жеңіс” саябағында әскери-спорттық эстафета бойынша сайыс өтті. “Пейнтбол” ойынында да күш сынасқандар болды.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.