«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢҒЫРА, ЖАҢАРА ТҮСКЕН КӘСІПОРЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл №2 ЖЭО-да облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаменті мен “СевКазЭнерго” АҚ-ы бірлесіп ұйымдастырған дәстүрлі баспасөз туры өтті. Энергетиктер жиналғандарға жаңғыртылған құрал-жабдықтарды көрсетті және негізгі өндірістік активтерін одан әрі жаңарту жөніндегі жоспарлары туралы айтып берді.

Кәсіпорын директоры Виктор Бармин баспасөз турына қатысушыларды жылу-электр орталығының құрал-жабдықтарын қайта жаңарту және жаңғырту жөніндегі шараларды жүзеге асыру барысымен таныстырды. Алдымен №6 және №7 жылу қазандығы агрегаттарының жұмысына қанықтырды. Толық қайта жаңғыртудан өткен №6 жылу қазандығы бу өнімділігін сағатына 220 тоннадан 270 тоннаға дейін өсірген. Жоба құны 2696,4 млн. теңгені құрады, оның 1683,0 млн. теңгесі шекті тарифтер есебінен және 1013,4 млн. теңгесі банктен алынған инвестициялық қарыз есебінен атқарылды.

Сол сияқты, 2012 жылдың соңында берілген жаңа №7 жылу қазандығы да бу өндіру қуатын дәл осыншама арттырып, электр қуатын өндіруді 10 МВт-ға қосқан. Оның көптеген техникалық артықшылықтарымен бірге экологиялық тиімділігі де айтарлықтай. Жобаға 2943,8 млн. теңге күрделі қаржы жұмсалды, соның ішінде 1947,6 млн. теңгесі – шекті тарифтер есебінен. Жылу қазандықтарын қайта жаңартудың арқасында 7653 тонна шартты отын үнемделді.

Одан кейін турға қатысушылар монтаждау жұмысы жүріп жатқан №8 жылу қазандығымен және өткен жылдың соңында іске қосылған №4 турбоагрегаттың жұмысымен танысты. Оның алдыңғысын осы жылы тамыз айында іске қосу жоспарлануда, бүгінде жұмыс көлемінің 88,5 пайызы атқарылды. Жоспарланған монтаждау құны 4698,2 млн. теңгені құрайды, соның ішінде 2961,9 млн. теңгесі шекті тарифтер есебінен және 1736,3 млн. теңгесі облигациялық қарыздар есебінен жүргізілуде. Ал жаңа турбинаны монтаждау кәсіпорында 2015 жылға дейін есептелінген қайта жаңарту және техникалық қайта жарақтану инвестициялық бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында мүмкін болды. Ол электр қуатын босатуды 63 МВт және жылу қуатын 96 Гкал арттыруға мүмкіндік берді.

Энергетиктер өндірістің экологиялық жағдайына айрықша көңіл бөледі. Шекті тарифтер есебінен 739 млн. теңгеге №2 күл шығару желісі іске қосылды. Соған байланысты компания “Экологияға үлесі үшін” аталымында алтын лауреат атанып, “Парыз” сыйлығын жеңіп алды. “СевКазЭнерго” АҚ-ы инвестициялық бағдарламаларын жүзеге асыруды биылғы жылы да жалғастырғалы отыр. Бірнеше жылу қазандықтары мен турбоагрегаттарда жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бұл жайында кәсіпорын басшысы баспасөз турының соңындағы қорытынды жиында жан-жақты айтып берді.

Сондай-ақ, қорытынды жиында сөз алған облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің директоры Марат Мұстафин жылу-электр орталығында құрал-жабдықтардың тозу коэффициентінің төмендеп келе жатқанына назар аударды. Мысалы, ол 2012 жылы 81,57 пайызды құраған болса, 2013 жылы жүргізілген инвестициялық жаңғырту жұмыстарының арқасында 11,74 пайызға төмендеп, 69,83 пайыздық деңгейге түсті. Департамент басшысы биыл оны 65 пайызға дейін төмендетіп, 2016 жылдың соңында тозу коэффициентін 55 пайызға дейін кеміту міндеті қойылып отырғанын айтты. Баспасөз турына қатысушылар кәсіпорында инвестициялық бағдарламаларға сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстың куәсі болды.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp