«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ҚОЛДАУ ТАБАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық Аграршылар үйінде “Ұлттық технологиялық даму агенттігі” АҚ-ның (ҰТДА) қолдауымен “Кәсіпкерлердің инновациялық қызметін мемлекеттік қолдау шаралары туралы” семинар өтті. Бизнес өкілдерінің басын қосқан жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов күн тәртібіндегі мәселенің маңыздылығына тоқталды.

– Бұл бағытта өңірімізде ілгері басушылық барын айта отырғанмен, оған небары 11 өтініш беріліп, оның 2-нің ғана қолдау табуы жеткіліксіз. Облыстың ірі кәсіпорындарының қайсында болсын жақсы жобалар жоқ емес, сондай-ақ, уақытша тоқтап тұрған нысандар бар, солар бойынша өтінім беріп, гранттарға қол жеткізуіміз керек. Іске қосылған нысандар жоқ емес, мысалы, Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда 30 млн. теңгеге көбік-бетон өнімдерін шығаратын кәсіпорын ашылды. Жобалық құны аз болса да, бұл жүзеге асырылған инновациялық жетістігіміздің бірі. Жуырда “Солтүстік машина жасау зауыты” ЖШС-нің базасында индустриялық-инновациялық аймақ құру туралы меморандумға қол қойылды. Оның өңірдің инновациялық өрлеуіне серпін берері сөзсіз, – деді ол.

“Ұлттық технологиялық даму агенттігі” АҚ-ның Қолдау құралдарын әкімшілдендіру орталығының басқарушы директоры Артем Возжаев сөзін семинарға қатысушыларды ҰТДА қызметімен таныстырудан бастады. Құрылғанына 12 жыл болған агенттік инновациялық дамуға қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді. Еліміздегі 8 технологиялық паркпен және 5 конструкторлық бюромен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бес конструкторлық бюроның біреуі біздің облыста, ал технологиялық парк құру әрекеттері әзірге сәтсіз аяқталып жүр. Бұл олқылықты құрылғалы отырған индустриялық аймақ толтырады деген сенім зор.

Орталық басшысының баяндауынша, ҰТДА-нің гранттар жүйесі 2010 жылдан жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде ел бойынша 210 жоба 9,3 млрд. теңгеге қолдау тапқан. Инновациялық жобаларды тікелей қаржыландырып, патенттелуіне көмектеседі. Оның инновациялық гранттары қайтарымсыз негізде берілетін бюджет қаржысы болып табылады. Осылардың бәрін талдап айтқан Артем Возжаев жиналғандарды орталықтың озық жобаларды қолдау құралдарымен таныстырды. Залдағы бизнес өкілдерінен түскен көптеген сұрақтарға жауап берді. Семинарды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов өңір кәсіпкерлерінің инновациялық ұмтылыстарына сәттілік тіледі.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp