«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨПІР КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТКІЗІЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Таяуда Жұмысшы кенті мен облыс орталығын жалғайтын көпір күрделі жөндеуге жабылмақ. Бұл мақсатқа жұмсалатын қаражат 560 миллион теңгенің үстінде. Ауқымды іс қолға алынған шақта қаладан – кентке, кенттен қалаға айналма жолдар арқылы қатынауға болады. Қалалық әкімдіктегілер бұл аралықта қоғамдық көлік қатынасы тоқтатылмайды деп сендіріп отыр. 

Жұмысшы кенті мен облыс орталығын жалғайтын көпір өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Содан бері тек оның асфальт жабындысы ғана алмастырылған.  

– Жұрттың аталмыш жағдайға түсіністікпен қарауын сұраймыз. Ол аралықта кенттен қалаға немесе қаладан кентке қатынау үшін “Оңтүстік” бекеті немесе Әуезов көшесі арқылы айналып жүруге тура келеді. Әзірге көпір құлап жатқан жоқ. Дегенмен, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет, – дейді Петропавл қалалық ІІБ бастығының орынбасары Дмитрий Фионин.

Жұмысшы кентіндегі тұрғындардың саны – 10 мыңға жуық. Олардың дені облыс орталығында еңбек етеді. Көпірдің жабылуы оларға көптеген қиындық туғызары белгілі. Десек те, жергілікті тұрғындар бұл игілікті шараға түсіністікпен қарап, көпірдің жөндеуден өткізілгенін құптайды.

Әзірге Жұмысшы кенті мен облыс орталығын байланыстыратын көпірдің күрделі жөндеуге қашан жабылатыны белгісіз. Нақты мерзімі “Оңтүстік-Орал темір жолы” кәсіпорнымен келісілген соң нақтыланбақ. Десе де, Жұмысшы кентіне қатынайтын қоғамдық көліктердің қозғалыс тәртібі нақтыланып қойыпты.

– Көпір жөндеуге жабылған шақта қала мен кент арасындағы қатынас үзілмейді. Балама жол айрықтары қарастырылған. Онда қала ішіне қатынайтын – 5, саяжайға қатынайтын 3 қоғамдық көлік жүретін болады. Бекітілген бағыттар бойынша 4М, 28, 16, 7, 8М автобустары кентпен қаланы байланыстырса, 42, 32, 36 бағытындағы автобустар Жұмысшы кентінен саяжайларға жүрмек, – дейді Петропал қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Азат Бейсембин.

Самат ЕСМАҒИ,

 журналист. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp