Облыс әкімі Самат Ескендіров Ұлы Жеңіс күні екі ардагердің отбасында болып, шаңырақ иелерін мерекемен құттықтады, сый-сияпат жасады.
Петр Гладков соғысқа 1943 жылы аттанған екен. Бірінші Украин майданында соғысқан. Жас ұрпақтың болашағы үшін жан аямаған қарт жауынгер екі рет ауыр жарақат алған. 90-ға жақындап қалса да, әлі тың. Әлеуметтік қызмет көрсетушілердің көмегінен де бас тартқан қария күш-қуаты бар кезінде барлық шаруаны өзі істейтінін айтты. Қолындағы қолқанаты – немересі.
Облыс әкімі Самат Ескендіров Отан қорғау жолында от пен оқтың арасында жан аямай соғысқан қарт жауынгерге ризашылығын жеткізіп, кең жолақты теледидарды сыйға тартты. Ақынжанды жауынгер Петр Гладков өзінің алғысын бір шумақ өлеңмен жеткізді.
Есіл ауданындағы Жарғайың ауылының тумасы Қуанышбай Байманов ақсақалға осыдан бірнеше жыл бұрын Петропавл қаласынан пәтер беріліпті. Отау құрғандарына 67 жыл болған зайыбы Бәдіғұл әжей екеуі бүгін бақытты қарттық құшағында. Майдангердің кеудесіндегі сыңғырлаған наградалары – оның Беларусь жерінде соғыстың басынан аяғына дейін ерлікпен күрескендігінің айғағы. Ол партизандық жасақта да болғанын, сол кездегі көрген қиындығын айтты.
Облыс әкімі Самат Ескендіров Қуанышбай Байманов пен Бәдіғұл әжейге ұзақ ғұмыр тілеп, тоңазытқыш камера сыйлады.
Партизандық жасақта етігімен су кешкен қарт майдангер бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлауға өзінің үлес қосқанын, Тәуелсіз еліміздің көркейгенін көргенін бақыт санайды. Бүгінде ол бес уақыт намазын қалт жібермей, Құдай қосқан қосағымен бірге балашағасының ортасында бейбіт күннің арайлап атқан әр таңын шүкіршілік етіп қарсы алуда.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.