«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚСАТЫНА ЖЕТКЕН МҰРАТ 120-дан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жаңашылдыққа жаны құмар іскер азамат Мұрат Харсиев өндірісті әртараптандыру, сан-салаға бейімдеу нарық талабы екенін ескере отырып, биыл тағы бір өндіріс орнын іске қосты. Біз есімі облысқа белгілі бизнес саласы өкілімен атқарылып жатқан істер, алдағы жұмыс жоспарлары жайлы әңгімелескен едік.

– Мұрат Исрапилұлы, айналасы он жылдың ішінде кәсіпкерліктің қыр-сырын терең меңгерген орта тап өкіліне айналған екенсіз. Құпия болмаса, оған жету жолдарын әңгімелей отырсаңыз?

– Оның жұрттан жасырып-жабар еш-қандай құпиясы жоқ. Еңбек жолым жұртшылықтың көз алдында. Алдына айқын мақсат қойған адам шын ниетімен еңбектене білсе, алмайтын асуы, аспайтын белесі болмайды. Жеке кәсіпкерлікпен алғаш шұғылданған кезім әлі күнгідей көз алдымда. Жұмыссыз қалғаннан кейін не істерімді білмей, біраз дағдарып жүрдім. Сосын жора-жолдастардың, туған-туыстардың ақылымен әрі құрылыс саласындағы азды-көпті жұмыс тәжірибеме сүйеніп, үй жиһаздарын жасаумен айналысуға кірістім. Шынын айтсам, тәуекел еттім. Иесіз қалған ғимаратты сатып алып, жеке кәсібімді құрдым. Алғашқы кезеңде өте ауыр соқты. Шикізатты көршілес Ресейден алдыртуға, өнімдерді тұтынушыларға қарызға беруге тура келді. Сұраныс пен ұсынысты таразылап, өндірісті кеңейткеннен кейін кеңселік жиһаздарға тапсырыс түсе бастады. Мұндай қуанбаспыз! Жаныма қолынан іс келетін азаматтарды жинап, жиһаз жасайтын цех аштық. Құрал-жабдықтарды Италиядан алдырттық. Кәсіпорын құрылғанда 6 адам ғана еңбек етсе, “Промстроймебель” ЖШС-іне айналғалы 120 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туды. Айналасы он жылдың ішінде сапалы да сәнді жиһаздар шығарумен қатар, басқа да салалық құрылымдар пайда болды. Мұның бәрі айтуға ғана оңай, іс жүзінде көптеген кедергі кездесті. Қиналған кездер, әсіресе, қаражаттан тапшылық көрген сәттер аз болмады. Шынын айтсам, Елбасының отандық бизнесті дамытуға деген жан-жақты қолдауы болмағанда, мұндай дәрежеге жетпес едік.

– Мемлекеттік қолдау дегеннен шығады, қандай бағдарламалармен жұмыс істеп келесіздер?

– Жоғарыда айтқанымдай, сәтін салып, ісіміз алға басты. Алайда, заман ағымына сай жиһаз жасау шеберлігін меңгергенмен, біз сияқты шағын өндірушілерге нарық заңының қоятын талаптары қатаң болатын. Өзіміздің тауарлық белгімізді қалыптастыру үшін бәсекелестікке төтеп беру қажеттігі туды. Міне, осы кезде мемлекеттің үдемелі индустриялық-инновациялық демеуіне негізделген ұшқыр жобаларға сүйенуге тура келді. Осы орайда, “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасының шарапаты да, шапағаты да көп тиді. Осы бағдарлама аясында 50 миллион теңге жеңілдетілген қаражат алу арқылы өндіріс ауқымын арттырып, жұмыс орнын көбейттік. Жиһаз жасау өндірісіндегі басты шарт – сапа мен сәнге басымдық бере отырып, техникалық жаңғыртуларға, соңғы технологиялық өзгерістерге барынша ден қойдық. 90 мың еуро тұратын фрезерлік орталық орнатылды. Италиядан жеткізілген ағаш өңдеу станогы мен мембранды нығыздауыштың бағасы 80 мың еуроны құрайды. Мәселе арзан-қымбаттылығында емес, біз үшін қазақстандық мазмұндағы сапалы тауарлар түрін молынан шығару басты бағдар етілді. Осы үдеден көріну мақсатымен “Еліміздің үздік тауарлары” секілді беделді байқауларға үзбей қатысып, тәжірибемізді одан әрі жетілдіре түстік. Уақыт ағымына ілесу оңай емес. Жұртшылықтың ұсыныстары бірінші кезекте ескеріліп, қосымша ағаш өңдеу, пластикалық есіктер мен терезелер жасау салаларын жаңғырттық.

– Байқаймын, пластикалық терезелер жасау цехын жалға берген секілдісіздер. Бұл қандай қажеттіліктен туды?

– Шынында да, көпшіліктің үлкен сұранымына ие пластикалық терезелер жасауға машықтанып, төселіп қалған едік. Енді бұдан да озық жобаларды қолға алған соң басқа фирманың айналысуын жөн көрдік. Жалға беру үрдісі әлімсақтан бар. Бұдан екі тарап та ұтылмайды. Бірі өндірісті кеңейтуге ұмтылса, екіншісі өз бизнесін дөңгелетуді мақсат етеді. Соған қарағанда жалға алушылар біздің атымызға кір келтірмей, сапалы жұмыс жасап келе жатқанын аңғару қиын емес.

Негізгі тақырыпқа оралатын болсақ, жылына 300 миллион теңгенің үйішілік, кеңселік жиһаздардың ондаған түрлерін құрастырамыз. Бұл жұмыстармен 45 адам айналысады. Жыл өткен сайын әлеуметтік, өнеркәсіптік және жеке арнайы тапсырыстар көлемі артып келеді. Өнімдерімізді Шымкент, Қарағанды, Астана, Атбасар, Қостанай, Шортанды, Степняк қалаларына жүйелі жөнелтеміз. Басқаларға қарағанда баға неге төмен деген сауалдар маған жиі қойылады. Түсіндіре кетейін. Қытайдікі арзандау көрінгенімен, сапасына қойылатын кінәрат көп. Ресейдікі жоғары. Демек, баға саясатын оңтайлы орнықтырудың маңызы өте зор. Қарапайым тұтынушылар өнімнің сапалы әрі арзан болғанын қалайды. Бұл – бір. Екіншіден, біз көтерме сауда әдісімен жұмыс істеуге көштік. Неге дейсіз ғой? Елімізде жиһаз жасаумен шұғылданатын ұйымдардың көпшілігінің өндірістік жарақтануы да, өнімділік қуаты да төмен. Көбіне кішігірім тапсырыс қабылдаумен шектелетіндіктен, бағаны өсіруге мәжбүр. Әйтпесе, табыс таба алмайды. Банкротқа ұшырайды. Мұны “ілдәдалап күн көру” дейді. Біз сияқты екінің бірінің қолы жете бермейтін қымбат қондырғылар алуға тәуекел ете бермейді. Қаржылық мүмкіндіктері де шектеулі. Мәселен, Алматының ұсақ сауда компаниялары бізден қотара сатып алып, өзгелерге ұсынып жатады. Жуырда шымкенттік бір кәсіпкер сандықтың 400 дана бет жақтауына тапсырыс берді. Оның өтінішін әрі кетсе 7-10 күннің ішінде тап-тұйнақтай орындаймыз. Жергілікті жерді айтпайық, еліміздің өзге өңірлерінен тапсырыстардың көбейгенінен-ақ тұтынушылар көңілінен шығып жүргенімізді аңғаруға болатын сияқты.

– “Промстроймебель” ЖШС-іне қарасты еншілес ұйымдардың бірінің көлік-логистикалық қызмет көрсетумен шұғылдануы өзін-өзі ақтап отыр ма?

– “Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің” демей ме? Бизнес дегеніміз, бір жағынан, шалт қимылды, жедел шешімді қажет етсе, екінші жағынан, сындарлы іс-қимылға құрылған бизнес-жоспар болмайынша, діттеген межеге жету қиын. Бір сөзбен айтқанда, шылбырдың екі ұшын тең ұстау керек. “Trans Motors Group” ЖШС-ін ұйымдастырғанда жерлестеріміз сирек ат басын бұратын ішкі және халықаралық көлік-логистика қызметін жандандыруды ойластырдық. Бұл орайда “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасының жәрдемі орасан зор болды. Сала біз үшін тың саналғанымен, екі жылға жеңілдікпен берілген 150 миллион теңге демеуқаржыны орынды жұмсай білудің арқасында жүк тасу, сақтау бағыттары бойынша қызмет көрсету көлемі былтыр 110 миллион теңгеге орындалды. ТМД, Еуропа елдеріне жүк тасумен жоғары класты шетелдік 15 көлік айналысады. Немістің “Форте” банкінің жергілікті филиалы арқылы тағы 10 көлік сатып алуды межелеп отырмыз. Ол үшін делдалсыз, тікелей келісімшарт жасастық.

– Басты жаңалықтарыңыздың бірі – қалдықсыз өңдеу кластері жүйесіне бет бұруларыңыз. Осы жөнінде айтып берсеңіз?

– Иә, биылдан бастап өндірістік-өнеркәсіптік корпорация құра отырып, жарма дақылдарын қалдықсыз өңдеудің кластерлік жүйесін дамытуға көңіл бөліп отырған жайымыз бар. Ол үшін шикізат жергілікті тауар өндірушілерден сатып алынып, одан арғы процесс түгелдей өзімізде атқарылады. Шетелден әкелінген шағын зауыт айына 15-20 тонна өнім өндіре алады. Дайын күйіндегі қара-құмық, бұршақ, жарма өнімдері әзірге Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарына таратылады. Өткізу, сату бағасы әлдеқайда арзан. Өндірісті кеңейткеннен кейін өзге өңірлерге де, шетелдерге де шығатын боламыз.

Көзін таба білгенге табыс көл-көсір. Оның үлкен-кішісі болмайды. Мысалы, “Промстроймебель” серіктестігіне қарасты “Құрылыс-Сервис-СК” компаниясы тұрғын үйлер, әлеуметтік ғимараттар салумен айналысады. Өткен жылы 80 орынды мектеп, 10 үй қолданысқа берілді. Биыл 27 пәтерлі үйдің, 300 орынды білім үйінің құрылысы жүргізілуде. Мамлютка қаласында 18 пәтерлі үй “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы шеңберінде тұрғызылуда. Пайдалануға берілген жағдайда 7 пәтер біздің болашақ жұмысшыларға тапсырылады. Біз оларды екіжақты келісімшарт талабымен тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін боламыз.

Наубайхана, диірмен жұмыс істеп тұр. Айына 60-70 тонна ұн үгіліп, 20-30 тоннасы сатылады. Қалғаны ішкі қажеттілікке жұмсалады. Айына 30-35 мың бөлке нан пісіріледі. Бағасы 37-40 теңге аралығында.

Өнеркәсіпте өнім мен бұйымдардың сапасын бақылау, жергілікті, шетелдік бизнес салаларымен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнату, тауарлардың жедел жеткізілуін, өткізілуін қамтамасыз ету, жаңа нарық көздерін табу, қалыптастыру мақсатымен маркетинг, техникалық бақылау, дизайн бөлімдері құрылған. Жыл сайын тауарлар сертификатталып, сапа белгісі анықталып отырады.

Нарық бәрімізді өнімнің өтуімен тиімді екенін анық ұқтырды. Біз де нағыз бәсекелестік халықаралық стандарттарға негізделген сапаға барып тірелетінін анық түсінеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp