Мамырдың 8-і күні облыс әкімі Самат Ескендіров Отан үшін от кешіп, қаза тапқан солтүстікқазақстандық жауынгерлерге Петропавл қалалық Мәдениет және демалыс саябағы ішінде орнатылған Даңқ ескерткішінің етегіне гүл шоқтарын қойды.
Қашан да ерлік пен батылдыққа бас иген халқымыз талайдың өмірін жалмаған сұрапыл соғыста табанының астындағы алақандай жер үшін тайсалмай жаумен арпалысып, ерлікпен қаза тапқан жерлес жауынгерлерді еске алып, ескерткіш басына гүл шоқтарын қоюға жиналды. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, еңбек және тыл ардагерлері мен еңбек ұжымдары, студенттер мен жастар ұйымдарының өкілдері, оқушылар бар.
“Менің екі атам да Ұлы Отан соғысына қатысып, қаза болған. Мен оларды көрмесем де, ерліктерін мақтан тұтамын, – дейді мектеп оқушысы Дарья Отраднова.
Жиналғандар қасіреті мен қайғысы мол сәттерді жүректерінде мәңгі сақтай отырып, майдан даласында ерлікпен қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіз тұрып еске алды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.