Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығында жеке кәсіпкер Әлия Ыбыраева өткен жылы қыркүйек айында екі қабатты сәні мен сәулеті келіскен “Сәтті” Сауда үйін ашып, 22 адамның өз нәсібін табуына жағдай жасады.
– Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтын аяқтап, аудан орталығында балабақша меңгерушісі болып еңбек етіп жүргенмін. Экономикалық тоқырау кезінде мектепке дейінгі мекемелер жаппай жабылып жатқанда жұмыссыз қалдым. Жұбайым Қайыржан Ыбыраев Пески станциясына қарасты темір жолда әскери күзетті басқарады. Көздің қарашығындай мәпелеп өсіріп отырған Саят пен Жәмила есімді ұл-қызымыз бар. Оларға заманына сай білім беру қажет. Сондықтан отбасының қамын ойлап, жеке кәсіпкерлікпен айналысуыма тура келді, – дейді Әлия Қаражігітқызы.
Кәсіпкер алғашқы жұмысын фотосалон мен тұрмыстық тауарлармен сауда жасайтын дүкен ашудан бастаған екен. Соның өзі істің тетігін табудың арқасында табыс көзіне айналған.
– Осылай “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара” отырып, қызымыз Жәмилаға жұрт қатарлы жоғары білім бердік. Қазір ол Астанада “Қазақстан темір жолы” компаниясында еңбек етеді. Ұлымыз Қостанай мемлекеттік университетін бітіргелі отыр. Болашақ энергетик. Ата-ана парызының бір бөлігін іске асырғаннан кейін отбасы бюджетін есептей келе, осыдан екі жыл бұрын Зерновой көшесінен жер телімін алып, екі қабатты Сауда үйін салуға кірістік. Өзімнің және қызымның атына құжаттап, жетпеген қаржыны екінші деңгейлі банктен кредит ретінде алдық. Зәулім ғимараттың іргетасын қалауға туыстар қолғабыс етті. Негізгі жұмысқа құрылысшыларды жалдадық. Барлығы 22 млн. теңгедей қаражат жұмсалса да, оның көңілдегідей болып шығуына баса назар аудардық, – дейді жаңа нысанның иесі.
Аумағы 480 шаршы метр болатын Сауда үйі өткен жылы қыркүйек айында пайдалануға беріліпті. Тұтынушылар мен сатушыларға әрдайым сәттілік тілеп тұрсын деген ниетпен кәсіпкер жаңа нысанға “Сәтті” атауын берген. Іші де, сырты да көз тартарлықтай етіп безендірілген ғимаратта халық тұтынатын әртүрлі тұрмыстық тауарлармен сауда жасайтын 19 бутик бар. Оларды сауда-саттықпен айналысатын жергілікті тұрғындар жалға алып отыр. Сауда орнында шаштараз, аяқкиім жөндейтін шағын шеберхана, тігін цехы жұмыс істейді. Жергілікті шеберлер жасаған қазақы үстел мен орындық, ою-өрнекті кәдесый сияқты ұлттық бұйымдарға да орын берілген. “Бернау” микрокредит ұйымы да, автомобильдерді сақтандыру қызметі де аталмыш нысаннан баспана тапқан.
Сауда үйінде аз қамтылғандарға арналған әлеуметтік бөлім де бар.
– Қазір тоқшылық кезең ғой. Киер киім жеткілікті. Алайда, үстімізге ілгендердің, аяғымызға кигендердің тарылып не кішірейіп қалғандарын көбіне лақтырып тастай саламыз. Әсіресе, сыны кетпеген және бүліне қоймаған балалардың киімдері мен ойыншықтарын. Оны екінші біреулердің әлі де пайдалануға болатынын, соған мұқтаж жандардың бар екенін ескере бермейміз. Бұл жағдайды күнде көріп жүргендіктен, таныстарыммен ақылдаса келіп, тұтынбайтын тауарларды, әсіресе, балалар киімі мен ойыншықтардың жарамдыларын аз қамтылған отбасыларға тегін тарату үшін бір жерге жинайық деп шешім қабылдадық. Соған байланысты “Сабақты ине – сәтімен” деген халық даналығын ескере отырып, жаңа Сауда үйінде қайырымдылық жасаумен айналысатын әлеуметтік бөлім аштым. Оған түскен жарамды тауарларды жуып, тазартып, өтектеп, пайдалануға ниет білдіргендерге әзір ету – біздің міндетіміз, – дейді Әлия Ыбыраева.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.