«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУҒАН ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлы Жеңіс мейрамының баспалдағына баланатын Отан қорғаушы күні мерекесіне арналған салтанатты шарада облыс әкімі Самат Ескендіров Петропавл қаласындағы Қарасай мен Ағынтай батырлар және 314-ші атқыштар дивизиясына арналған ескерткіштер басына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. 

1992 жылғы 7 мамырда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Содан бергі 22 жыл ішінде Қазақстан әскері қалыптасу мен дамудың күрделі кезеңдерінен өтті. Қазақстан Қарулы Күштерінің жаңа келбеті қалыптасып, жоғары кәсіби, ұтқыр, заманауи қару-жарақпен және техникалармен қамтамасыз етілген әскер құрылды. 2012 жылдан бері Отан қорғаушы күніне мемлекеттік мереке мәртебесі берілді.

Мереке күні жоңғар шапқыншылығында елімізді қорғаған Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған мемориалға гүл шоқтарын қою құрметіне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскері Әскери институтының курсанттары Айдар Сәдуақасов пен Рахат Әбілжанов та ие болды.

“Ата-бабаларымыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған кең-байтақ жері кейінгі ұрпақ – біздерге аманат. Тәуелсіздігімізді ұлықтап, көк байрағымызды аспанда қалықтатқан мына заманда ел үшін, жер үшін жандарын қиған бабалар рухына тағзым ету – әр азаматтың қасиетті парызы. Батыр бабаларымыздың бізге аманат еткен байтақ жерін көздің қарашығындай сақтау – біздің міндетіміз”, – дейді олар.

Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткішіне және 314-ші атқыштар дивизиясына арналған ескерткіш басына гүл шоқтарын қою рәсіміне Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының этно-мәдени бірлестіктерінің өкілдері, Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары қызметкерлері мен еңбек ұжымдары, жастар ұйымдарының мүшелері мен оқушылар да қатысты. Отан қорғаушы күніне арналған мерекелік шара Петропавл қаласындағы Орталық алаңда жалғасын тапты.

Петропавл гарнизонының әскери бөлімдерінің жеке құрамдары: Петропавл Әскери институтының курсанттары, №6637 әскери бөлімі мен шекара қызметкерлері, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар департаменттерінің қызметкерлері, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті әскери кафедрасының студенттері және Отан алдындағы әскери борышын атқаруға шақырылғандар салтанатты сапқа тұрғызылған. Ол жөнінде облыс әкімі Самат Ескендіровке Петропавл гарнизонының бастығы, полковник Еркінбек Байболов баян етті. 

Сахна төріне орнатылған LED- экраннан Астана қаласында өтіп жатқан әскери парад тікелей көрсетілді. Онда еліміздің бүгінгі әскери әлеуеті паш етілді.

Қазақстан Республикасының Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев: “Тәуелсіздік жылдарында еліміз кәсіби армия құрды. Ел мүддесіне толығымен сай келетін әскери доктринасын қабылдады. Бүгінде қасиетті жеріміз көкте де, жерде де, суда да сенімді қорғалған. Еліміздің армиясы – нағыз бес қаруы сай армия. Бүгінгі әскери шеру осының дәлелі болса керек. Біздің әскери доктринамыз бейбітшілік жағдайдағы қорғанысқа бағытталған. Шекарамыз айқындалып бекітілген. Дегенмен, әр мемлекет өзінің тәуелсіздігін, жерінің тұтастығын жан аямай қорғай білуі тиіс. Бүгінгі алмағайып дүниеде, лаңкестік күштер бас көтеріп тұрған заманда армиямыз әрқашан сақ, дайын болуы қажет. Бұл – елдің әскерлер алдында қоятын талабы”, – деді.

Армияның жауынгерлік даярлығы мен қажетті деңгейде техникалық жарақтандырылуы – қай кезде де Отанды қорғау жолындағы сенімділіктің белгісі. Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің, бірлік пен тұрақтылықтың бесігіне айналды. Қарулы Күштеріміз еліміздің құдіретін әйгілеп, айбынын асырады.

– Бұл күн қайсар мінезді ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды сабақтастығын бейнелейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз Тәуелсіздік алғалы мемлекетіміздің Қарулы Күштерін нығайтуға және әскеріміз жаңарып, оның күш-қуаты жылдан- жылға артуына баса назар аударып келеді. Елімізде ұлттық әскери оқу орындары ашылып, қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген. Қарулы Күштер қатарында қызмет ету – әрбір қазақстандықтың құрметті міндеті. Петропавлдағы Әскери институтта курсанттар білім алып, әскери бөлімде жастарымыз Отан алдындағы қызметтерін атқаруда. Ұлы Отан соғысындағы ардагерлеріміздің көрсеткен өшпес ерліктері сарбаздарымызға үлгі-өнеге болмақ. Тәуелсіз еліміздің тыныштығы бұзылмай, бейбіт күннің тыныштыығын күзетейік! – деді өңір басшысы Самат Ескендіров құттықтау сөзінде.

Облыс әкімі Самат Ескендіровтің өкімімен мінсіз қызметі, қызметтегі жоғары көрсеткіштері үшін бірқатар әскери қызметшілер Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Серік Ахметовтің 2014 жылғы 30 сәуірдегі бұйрығымен әскери міндетін үлгілі атқарғаны және қалтқысыз қызметі үшін 1-ші дәрежелі “Мінсіз қызметі үшін” медалі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Еркінбек Байболовқа табыс етілді.

“Әскерилердің халықаралық ынтымақтастығы қалыптасқан. Еліміздің әскери құрамы кезең-кезеңмен кәсібилендірілуде. Біздің армияның беделі елімізде де, шетелдерде де артып келеді. Жыл сайын 500-ден астам әскери қызметші шетелдерде білімдерін жетілдіреді. Басқа елдерде өзімізде жоқ мамандықтар бойынша әлемдік стандарттарға сай мамандарды оқытып жатырмыз. Ол тәуелсіз, егемен еліміздің іргесінің беріктігін қамтамасыз ететін болады”, – деген Еркінбек Серғалиұлы жиналғандарды Отан қорғаушылардың 22 жылдығымен құттықтады.

Петропавл Әскери институтының курсанты Ербол Отарбаевтың айтуынша, бұл мереке батылдық пен ерліктің, қаһармандықтың нышаны. Біздің міндет – бейбітшілігімізді сақтау. Еліміздің өркендеуі мен Мәңгілік Ел болуы жолында қызмет ету.

Әскер қатарына шақырылушы Артем Путицев: “Отан қорғау – әр қазақстандық азаматтың қасиетті борышы. Әскери қызмет адамның мінезін шыңдайды. Өзімнің құрдастарыма қайсар да табандылық тілеймін!” – деді.

Ол өзімен бірге Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанып бара жатқан 30 болашақ сарбазды туған армиямыздың нығаюы, сүйікті еліміздің гүлденіп, өркендеуі үшін аянбай қызмет етіп, Отан қорғаушы атағына лайық болуға шақырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, еңбек және тыл, Ауған соғысы ардагерлерінің, басқа да құрметті қонақтардың назарына әскери техникалар мен ату қару-жарақтарының көрмесі, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен өтіп жатқан жарыстар ұсынылды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp