«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУҒАН ТОПЫРАҚТЫҢ ТАМЫРШЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1954 жылдың жайма-шуақ мамыр айында Омбы облысындағы Полтавка ауданының Коконовка селосында Бұланбай ауылының ел ағасы атанған Шайкен Мұқанжарұлы мен Күлпаш Айтқожақызының отбасында Есенгелді есімді ұл бала дүниеге келді (Есенгелді Шайкенұлының төлқұжатында туған жері Көкшетау облысындағы Қызылту ауданының Бұланбай ауылы деп көрсетілген).

Осы Бұланбай ауылының тумасы, есімі сыйлы, ақындығымен қоса әншілігі де бар, ауыл-аймақтағы ойын-сауықтың гүлі болғандықтан, Мұқанжардың Шайкені атанған әкеміздің азан шақырып қойған шын есімі Шаһизада еді. Алғашқы тың игеру жылдарында Борсықбай МТС-і, кейін партияның XXII съезі атауына ие болған шаруашылықта трактор-егіс бригадасының бригадирі, есепшісі болды. Тың жерлерді игеруге сіңірген ерен еңбегі үшін “Құрмет белгісі” орденімен, “Тың жерді игергені үшін” медалімен марапатталды. Жақсы әкенің ұлағатты тәлім-тәрбиесін көрген Есенгелді Бұланбай ауылындағы бастауыш мектепті үздік бітірген соң кеңшар орталығындағы онжылдық мектепте оқуын жалғастырды. Осы мектептің сегізінші сыныбын аяқтаған жылы әкеміз оны Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданында партия және кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарып жүрген ағамыз Есімбектің өнегелі тәрбиесін көрсін деген оймен ақ жол тілеп, Сарыарқа жеріне шығарып салды. Сарыарқа еліне өзінің биязы мінезімен, парасатты ұстанымымен сыйлы болған Есімбек ағасының тәрбиесін көрген Есенгелді 1971 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне түсіп, оны 1976 жылы бітіріп шықты. Республикамыздың ауыл шаруашылығы саласына көптеген маман кадрларды даярлап шығарған осы жоғары оқу орнының экономика факультетінің алғашқы түлегі Есімбек Мұқанжаровтың жолын қуған Есенгелді институтты бітірген соң Қарағанды облысына жолдама алды. Жоғары оқу орнын бітіріп келген жас маманға аудандық партия және кеңес органдары үлкен сенім білдіріп, Нұра ауданының егіншілікпен айналысатын “Шахтер” совхозына бас экономист қызметіне тағайындауға ұсынды.

Әсем табиғатымен адамды өзіне баурап алатын Нұра өзенінің жағасында тың игеру жылдары керегесін керіп, шаңырағын көтерген совхозда он жылдан астам бас экономист болумен қатар директордың өндіріс жөніндегі орынбасары қызметін де қоса атқарды. 1986 жылы отбасы жағдайына байланысты Көкшетау облысының Ленин ауданындағы “Коммунизм” совхозына бас экономист болып ауысты. Ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибе мен білім жинап, біліктілігін көрсете білген шаруашылық жетекшісі ретінде 1994-1995 жылдары Ленин аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, одан кейін басқарманың бастығы қызметіне жоғарылатылды.  

Бұдан кейін жекешелендіру үдерісі кең етек ала бастаған кезде Ленинград ауданы мен Ленин ауданы оңтайландыру нәтижесінде бірікті де, Солтүстік Қазақстан облысының қарамағына беріліп, Ақжар ауданы атауына ие болды. Бұл аудандар өткен ғасырдың 20-30-жылдары шаңырақ көтерген Қызылту ауданынан өз алдына енші алып шыққан болатын. Егіншілікпен бірге мал шаруашылығын қоса дамытқан ауданның әрбір шаруашылығы жылына 25-30 мың тонна дәнді дақылдар өндіретін. Оларды сақтап, Отан қамбасына тапсыру үшін тың игеру жылдары салынған үлкенді-кішілі 6-7 астық қабылдау пункті бар еді. Осыншама ен байлықты халықтың игілігіне жаратып, елдің әлеуметтік жағдайын арттыру ауданның ауыл шаруашылығы саласына жауапты басшыға зор міндет жүктеді.

Бұл жылдары совхоздардың шаруашылығын бұрынғыдай кеңестік басқару әдісі нарық талабы енгізген оңтайландыру жүйесінің әсерінен біршама өзгерістерге ұшырады. Ірі шаруашылықтар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге айналып, кейбіреулерінен шағын немесе кішігірім шаруа қожалықтары бөлініп шыға бастады. Аудан басшысының іскерлігі мен іргелі саланы жетік білетін терең білімі осындайда қажет еді. Еліміз нарықтық экономиканың қыспағында қалған кезеңде жаңадан бөлініп шыққан қожалықтар шағын кәсіпорындарға жанар-жағармай, тұқым және өзге де қажетті материалдарды тауып беру қырықтан асқан ел ағасының мойнына зор міндет жүктеді. Ол үшін көршілес республиканың әр тарабындағы және Ресей облысындағы ірі кәсіпорындармен, фирмалармен келіссөздер жүргізіп, жерден шыққан өнімдерді тиісті бағасына өткізу көп тер төгуді талап етті. Оған қоса аудандық бюджеттің тапшылығы салдарынан жылдар бойы алынбаған зейнеткерлердің зейнетақылары мен әлеуметтік сала өкілдерінің еңбекақылары көпшіліктің наразылығын туғызатын жағдайға жетті. Жұрттың талап-тілектерін мұқият тыңдап, республикамыз басынан өткеріп отырған экономикалық қиындық пен әлеуметтік жағдайларды халыққа түсіндіре білу терең экономикалық біліммен қатар шешендік өнерді де меңгеру қажет екендігін байқатты. Есенгелді Шайкенұлы осы жолдан да сүрінбей өтті. Оның іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін жоғары бағалаған облыс басшылығы 2000 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік қызметшілер академиясына оқуға жіберді.

Академияны бітіріп шыққаннан кейін Солтүстік Қазақстан облысындағы Жер инспекциясына басшылық қызметке орналасты. Бұдан кейін облыстағы байырғы да іргелі аудан саналатын Уәлиханов ауданына әкім болып тағайындалды. Ол аудан басшылығына келген уақытта республика бойынша “Ауыз су” бағдарламасы қабылданып, оны ойдағыдай іске асыру барысы жан-жақты қолға алына бастады. Кеңестік кезеңде тартылған су құбырларының жүйесі тозып, көпшілігі істен шыққандықтан, елді мекендерде тұратын халықтың ауызсуға зәру кезі болатын. Әсіресе, шалғайдағы елді мекендердің хал-ахуалы мүлде нашар еді. Республикалық трансферт пен жергілікті бюджеттерден бөлінген бюджет қаражатын нысаналы мақсаттарға жұмсау бұл арада аудан басшысы тарапынан зор қырағылықпен қатар, атқарылатын жұмыстарды тез арада жүргізіп, шебер ұйымдастырушылықты қажет етті.

Ауданда бес жылға жуық уақыт басшылық жасап, қызметін абыроймен атқарған соң облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. Басшылық сенім көрсетіп тапсырған қызметті абыроймен атқарып жүрген еліне елеулі ел ағасы Есенгелді Кәрібаев Құдай қосқан қосағы – Назыкен Жұмабайқызы екеуі Нұрлан, Ерлан есімді екі ұлын тәрбиелеп, өз алдына отауларын құрғызды, қызы Әсем де ұясынан ұшып, жеке шаңырақтың тұтқасы болып отыр. Олардан тараған немерелері – Есенгелді ағамыз бен Назыкен жеңгеміздің көңіл қуаныштары. Тәуелсіз еліміздің титімдей бір бөлшегі, үлкен шаңырақтың алтын қазығы болған Есенгелді ағамыз бен Назыкен жеңгемізге алар асуларың әлі де биік болсын, немере-шөберелерің бір қауым елге айналып, еліміздің гүлденуі жолында өздерінің болашақ үлестерін қоса берсін демекпіз.

Шалқарбек КӘРІБАЕВ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp