Мемлекеттік қызмет туралы заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілген уақыттан бері бір жылдан астам уақыт өтті. 2013 жылдың 26 наурызынан бастап заңды күшіне енген мемлекеттік қызметшілердің саяси және әкімшілік қызметінің жаңа тізілімінде әкімшілік мемлекеттік қызметті “А” және “Б” корпусына бөлу қарастырылған болатын. Мемлекеттік қызметті өткерудің тәртібіне де бірқатар өзгерістер енгізілді. Ең бастысы, жаңа заңда мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеудің ашықтығын, әділдігін және тиімділігін арттыру көзделіп отыр.
Қайтадан бекітілген конкурсты өткізу және конкурстық комиссияның қалыптасу ережесіне сәйкес бос қызмет орнына орналасу кезінде үміткерлер анықталған мемлекеттік органда конкурстық іріктеуге тәуелді болмай-ақ тестілеуден өтеді. Тестілеудің қорытындысы бойынша шекті деңгейден жоғары көрсеткішке ие азаматтарға, олар біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда, Қазақстан Республикасының барлық аумағында мемлекеттік органдардың конкурстық рәсімдеріне бір жыл бойы қатысуға сертификат беріледі.
2014 жылдың 1 наурызынан бастап үміткерлердің тестілеуге құжаттарды беру тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Егер бұған дейін үміткерге өтінішімен құзыретті органға құжаттардың ең аз пакетін тапсыру міндеттелсе, бүгінгі таңда өтінішті “Электронды үкіметтің” веб-порталы арқылы электронды нұсқада, оның ішінде халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіну арқылы беруге болады.
Конкурстық комиссияның ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін оның отырысында бақылаушылар мен сарапшылардың да болуына рұқсат етіледі. Мәселен, комиссия отырысына бақылаушы ретінде мәслихат депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының, басқа да мемлекеттік органдардың, қоғамдық және коммерциялық ұйымдардың, саяси партиялардың өкілдері мен құзыретті орган қызметкерлері қатыса алады.
Ал сарапшы ретінде бос орынның функционалды бағытына сәйкес оның ішінде ғылыми салада да еңбек тәжірибесі бар өзге мемлекеттік орган өкілдері, сонымен қатар, қызметкерлерді жұмыс бабында жоғарылату және іріктеу бойынша мамандар мен мәслихат қызметкерлерін шақыруға болады.
Ашықтықты қамтамасыз ету мемлекеттік органдарда бос орын пайда болған уақыттан бастап үш күннің ішінде өзінің Интернет-ресурсында ақпараттық хабарландыруды орналастыру міндетімен де айқындалмақ.
Жаңа заңға сәйкес бос лауазымға орналасу негізінен конкурстық негізде жүзеге асады. Ал конкурстық негізден тыс ауыстыру арқылы тағайындау жергілікті атқарушы органдарда аталған мемлекеттік органның ішінде, ал аумақтық органдарда олардың ведомствоға қарасты органның ішкі жүйесінде іске асырылмақ.
2014 жылдың алғашқы тоқсанында облыста 256 конкурс өткізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 82 пайызға артық. Ал конкурстық негізден тыс ауыстыру тәртібімен 138 тағайындау мақұлданған. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 63,5 пайызға кем. Аталған фактілер “командалық ауысулар” тәжірибесінің тоқтатылғанын және конкурстан тыс ауысулардың көмегімен мемлекеттік қызметке кадрларды тағайындаудың азайғанын көрсетеді.
Жаңа заңда әкімшілік мемлекеттік қызметтің кадрлық резервіне енуге қатысты да жаңашылдық енгізілген. Оған сәйкес конкурстық комиссиялар кадрлық резервке аталған мемлекеттік органның резервте тұрған қызметшілерін ұсынып, бос орындарға тағайындай алады.
Мәселен, 2014 жылдың І тоқсанында кадрлық резервке 71 үміткер енгізілді. Бұл бос емес орындардың 1/3 бөлігін құрайды. 2013 жылдың реформасына дейін кадрлық резервке енгізу үшін мемлекеттік органдар ұсынған үміткерлер саны жеңімпаздардың 70 пайызын құраған болатын. Бұл – кадрлық қызметтердің мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамын қалыптастыру ісіне байыпты көзқарастың нәтижесі.
Осылайша мемлекеттік қызметке орналасу қолжетімді және әрбір азамат үшін ашық бола түсті. Мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру ісі алдағы уақытта жалғасын таппақ.
Гүлнәр СӘРСЕМБАЕВА,
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің СҚО бойынша департаментінің кеңесшісі.