Есіл ауданының орталығындағы Т. Позолотин атындағы №1 Явленка орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Анна Саврасова ұстаздық жолды бірден таңдаған жоқ.
Қарағанды қаласында сегізжылдық мектепті тамамдаған ол білімін медициналық училищеде жалғастырды. Содан кейін жолдамамен Солтүстік Қазақстан облысына келіп, санитарлық-эпидемиологиялық стансаға жұмысқа орналасты. Елде қалған ата-анасы қыздарының жоғары білімді медицина қызметкері болғанын қалағандарымен Анна Александровна ұстаздық жолды таңдап, Петропавл қаласындағы педагогикалық институтына оқуға түсті. Сөйтіп, 1986 жылы ұстаздық жолын бастады.
– Мен “Амансыңдар ма, балалар! Мен Сіздердің жаңа ұстаздарыңмын!” деген сөзді айтатын күнді көп жыл аңсадым. Ерте ме, кеш пе бұл күннің де таңы ататынын біліп, оған іштей дайындалып жүрдім. Сол күнге жетіп, сыныпқа алғаш кірген кезде оқушыларға “балалар” деген сөзді қолдану ерсі көрінді. Өйткені, алдымда 10- сыныптың соқталдай ұлдары мен қыздары отырған еді. Содан бері 28 жыл өтті. Мен ұстаздықтың қаншалықты ауыр екенін білсем де, бұл таңдауымның дұрыс-бұрыстығына күмәнданған емеспін, – дейді Анна Саврасова.
Анна Александровнаның есінде ерекше қалған ұстаздарының бірі биология пәнінің мұғалімі Александра Синкина екен. 8-ші сыныптан кейін шәкірті құжаттарын алып, медицина саласына қарай қадам басқалы тұрғанда Анна Александровнаның бойынан тәлімгердің бейнесін көре білген ол ұстаздықты таңдауға ұсыныс жасайды.
– Мен айналып келіп, өз қазығын тапқан жанмын. Биыл жиырмасыншы жыл мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келемін. Сабақты түсіндіріп тұрған кезде сөзімді ұйып тыңдап отырған шәкірттерімнің таңғалысы мен білуге деген құштарлығын бет-әлпеттерінен көрген кезде өзімді бақытты сезінемін. Балаларды қызықтыратын әңгімені табу үшін өмірді де ізденіспен өткізіппін, – деді.
Осыдан екі жыл бұрын Анна Александровнаның 5-сыныптан бастап сынып жетекшісі болған әрі білім берген шәкірттері мектеп бітіріпті. Сонда ҰБТ тапсырған сегіз оқушы биология пәнін таңдап, оның 7-еуі медицина саласына оқуға түскен. Олардың біреуі Петропавл медицина колледжіне түссе, қалғандары Алматы мен Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орындарының табалдырығын аттаған.
– Мен қиындық туындаса, сабырлық сақтап, оның анық-қанығына жетіп барып, пайымдауды ұнатамын. Мектеп ұжымы мүшелерінің жаны нәзік. Ұстаздар мен оқушылардың жүрегіне жара салатындай мінез көрсету жат қылық. Олармен тіл табыса жұмыс істеу керек. Әсіресе, бүгінгі қоғамда. Оқушылардан гөрі ұстаздармен жұмыс істеу қиын. Өйткені, олар біреуге ақыл айтып, адам тәрбиелеп отырғандықтан, өздерінің кемшіліктерін көрсеткен кезде ұната қоймайды. Ұстаздар да, оқушылар да айтылған сынды ауыр қабылдайды. Сондықтан осы жылдар ішінде жақсы психолог та болып шыққан сияқтымын. Жалпы тәжірибемнен ұққаным – жақсы оқыған балалардан гөрі оқуы нашар, тәртібі төмен жеткіншектер ұстаздарын көпке дейін ұмытпай, көргенде жылы көңілдерін білдіріп жатады, – дейді тәжірибелі тәлімгер.
Өткен жылдан бастап зейнеткер саналатын Анна Саврасова бүгінде өзінің ізбасарын дайындауда. Анна Александровнаға: “Сіз үшін бақыт деген не?” деген сауал қойғанымда ол:
– Баламның ержетіп, бүгінде азамат болғаны шығар. Әлде оқушыларымның жеткен жетістігін естіген кездегі қуанғаным болар. Мүмкін, балалар ауырмай-сырқамай, сыныпта толық отырса, ол да шаттық әкелер. Сонымен бірге, менің 28 жыл бойы сыныпқа кіріп: “Амансыңдар ма, балалар!” деген сөзді айтып жүргенімнің өзі бақыт емес пе?! – деді күліп.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.