Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша облыстық Білім саласындағы бақылау жөніндегі департамент педагогтердің біліктілігі мен оқыту сапасына, мемлекеттік жалпы білім беру стандарты талаптарының орындалуына үнемі мониторинг жүргізіп отырады.
Біздің негізгі қызметімізге білім беру ұйымдарын (балабақшалар, мектептер, колледждер мен кәсіптік-техникалық оқу орындары) мемлекеттік аттестаттаудан өткізу, оларда заңнамалардың сақталуын, Ұлттық бірыңғай тестілеудің өтуін, оқу жетістіктерінің ішкі бағалануын бақылау, лицензиялар беру, тағы басқалар жатады.
“Білім беру туралы” Заңға сәйкес білім беру ұйымдары 5 жылда бір рет аттестаттаудан өтеді. Онда мекемелердің мемлекеттік жалпы білім беру стандарттарына сәйкестігі тексеріледі.
2012 жылдың екінші жартыжылдығында – 38, 2013 жылы 111 білім беру мекемесінде аттестаттау шарасын өткіздік. Үстіміздегі жылы – 126, 2015 жылы – 206 ұйымды сынақтан өткізбекпіз.
2013 жылы аттестаттаудан өтуі тиіс 9 мектепке дейінгі тәрбие мен білім беретін мекеменің барлығы жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Мұндай нәтиже еліміз бойынша Астана қаласы мен бізде ғана болды. Бұл мектепке дейінгі мекемелердің педагогикалық және әдістемелік әлеуетін сақтауға мүмкіндік беретінін ерекше атап өткен жөн. Олардың арасында мемлекеттік балабақшалардан еш кем түспеген жекеменшік “Искорка”, “Чайка”, “Ашық аспан”, “Василек” сияқты бүлдіршіндер мекендері бар. Үстіміздегі жылы 20 мектепке дейінгі ұйым тексеруден өткізіледі.
Айта кететін жайт, бірінші сынақтан сүрінген ұйымдарға кемшіліктерін жоюға 6 ай уақыт беріледі. Сол мезгілде олқылықтың орнын толтырған білім ошақтары аттестаттаудан қайта өтеді. Онда өте алмағандар лицензиясынан айрылады. Бірақ біздің тәжірибемізде ондай жайт кездескен жоқ.
Біз аттестаттаудан өтпеудің ішкі және сыртқы себептерін анықтадық. Сыртқы себептерге мемлекеттік білім беру стандарттарының бұзылуы (2013 жылы 98 мектептің 18-і) және оқушылардың білім сапасының төмендігі (2013 жылы 98 мектептің 35-і жатады. Ішкі себептер көбінесе басшылардың өздеріне сеніп тапсырылған ұйымның әрекет ету мақсатын түсінбей, мектептің шаруашылық жағына көбірек көңіл бөліп кетуінен көрініс табады. Олар өз жұмыстарын жоспарлап, талдай алмауы салдарынан мектептің ішкі бақылауы әлсірейді. Сонымен қатар педагогтердің көбінесе өздерін және оқушы білімін жоғары бағалауынан мектеп жұмысының нәтижесі төмендейді. Соның салдарынан мектептің аттестаттаудан өту мүмкіндігі кемиді. Ол ата-аналар мен оқушылардың білім беру қызметінде жақсы білімге емес, жақсы бағаға мүдделі болуының салдарынан, оқушының “төрттік” және “бестік” бағалары бола тұрып, Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде тапсырмаларды орындай алмай, төмен балл алуына әкеледі.
Бүгінгі күнге дейін 126 мекеменің 55-інде аттестаттау шарасы өтті.
Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңының 59-бабына сәйкес біз білім беру және оның қызметіне қойылатын біліктілік талаптары туралы заңнамалардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырамыз. Жүргізілген 93 жоспарлы тексеру барысында білім беру саласында мамандығы сәйкес келмейтін ұстаздардың жұмыс істейтіні белгілі болды. Бұл құбылыс сапалы білім беру қызметіне кедергі келтіретіні анық. Осыны негізге ала отырып, 2013 жылы 26 білім ұйымы бойынша сотқа әкімшілік материалдар жіберілді. Білім беру ұйымдарының басшылары әкімшілік жазаға тартылып, оларға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Біліктілік талаптарын бұзушылық та жиі кездеседі. Мысалы, жұмыс және типтік оқу жоспарларының сәйкес келмеуі, жоғары және бірінші санатты ұстаздар үлестерінің (30% төмен) аздығы, ұстаздардың штатқа сәйкеспеуі, Интернетке шығатын компьютерлік сыныптармен жабдықталмауы жиі кездеседі.
Өткен жылы 4 жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Олардың ішінде Мағжан Жұмабаев атындағы ауданның №4 Булаев орта мектебіне (баланың жарақаттануына байланысты жеке тұлға шағымымен) және Мамлют қазақ мектеп-интернатына (бала құқығын бұзушылыққа қатысты жеке тұлға өтінішімен) прокуратура органдарының тапсырмасы бойынша тексеріс жүргізілді. Олардың барысында құқық бұзушылықтар анықталып, айыппұл салынды. Осындай жаза Петропавл қаласындағы “АБВГДейка” шағын орталық тәрбиешісіне де қолданылды. “Добрая сказка” мектепке дейінгі мекемесіне жасалған 1 жоспардан тыс тексеріс заңсыз деп танылды. Бақылау шараларын өткізу кезінде Жамбыл ауданындағы Калиновка және Миролюбово негізгі мектептері лицензиясыз білім беріп келгені анықталды, қазіргі күні олардың кемшіліктері түзетілді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Қызылжар ауданындағы Вишневка және Мамлют ауданындағы Пчелинка, Новоукраинка, Степнинка негізгі мектептері лицензиясыз жұмыс істеп тұр. Тиісті білім бөлімдері олардың құжаттарын дайындау үстінде.
Өңірімізде Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушылардың үлесі жыл сайын төмендеп келе жатқанын айта кету керек. Егер 2012 жылы бұл науқанға түлектердің 61%-ы қатысса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 54,7% болды. Бұл – еліміз бойынша ең төмен көрсеткіш. Биыл түлектердің 60,4%-ы тестілеу шарасына қатыспақ.
Жалпы білім беретін мектептердегі 9-сынып оқушыларының оқу жетістіктеріне ішкі бағалау жүргізу кезінде қазақ тілі міндетті пән болып саналады, қалған үшеуі Білім және ғылым министрлігінің белгілеуімен ауысып отырады. Биылғы жылы оқу жетістіктерін ішкі бағалаудан 48 мектеп өтті. Оның ішінде қалалық 4 мектеп компьютерлік нұсқада тапсырды.
Білім сапасына үнемі тексеру жүргізу жүйелі мәселелерді анықтап, шешу жолдарын табуға, оң нәтижеге қол жеткізуге, педагогтердің біліктіліктерін арттыруға, қазақстандық білім жүйесін басқаруды әлемдік озық тәжірибелерге сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Ерлан ӘБІЛДИНОВ, облыстық Білім саласындағы бақылау жөніндегі департаменттің басшысы.